Әсия Темірбаева бір аптада әдеп кеңесінің алдына неге екі рет келді?

image_750x_5afdb5ec72614.jpg

Қызмет бабын жеке бас мүддесіне пайдаланды. Басшы лауазымын атқара отырып, тиесілі міндеттерін  өз деңгейінде ұйымдастырмады. Жауапкершіліктен қашты. Нәтижесінде қазынаның жүз миллиондаған теңгесінің ысырап болуына жол берілді.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті осындай айыптауларды Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Әсия Темірбаеваның атына айтты.  Дәлірегі, мұны аталған департаменттінің өкілі Олжас Тобашов Мемлекеттік қызмет істері және сыбайластық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы әдеп жөніндегі кеңесінде мәлімдеді. Әрине,  біраз жылдар басшылық қызметтерді атқарған, жалпы көпшілікке белгілі, әжептәуір атақ-абыройы бар Әсия Темірбаева үшін бұл айыптауларды жеңіл деп айтуға болмайды. Дегенмен әдеп кеңесінде Темірбаева құзырлы органның өкілдерімен қызылкеңірдек болып айтысқан жоқ. Бір жағынан ол мәселесінің әдеп кеңесінде қаралып, тек жұмсақ ескерту жасаумен аяқталғанына рахметін айтуы керек шығар деп те ойлайсың. Үстінен қылмыстық іс қозғалған Темірбаеваның әдеп кеңесінің алдында емес, темір тордың арғы жағында, айыпталушының орынтағында отырып жауап беруі де мүмкін еді…   Таратыңқырап айтсақ…


Жалпы бір аптаның көлемінде  Темірбаева әдеп кеңесінің алдында бір емес екі рет келіп жауап берді. Сәуірдің аяғында өткен алғашқы отырыста оның тәртіптік ісі облыстық прокуратураның ұсынысы бойынша қаралды. Мән-жайларға қарағанда, Темірбаева басшылық ететін департамент  мүгедектердің  әлеуметтік қорғау талаптарын бұзған бір мекемелерге әкімшілік шара көріп, енді бірінің жауапкершілігін мүлдем қарамаған. Айталық, Темірбаева талапты орындамаған «Орталық су-спорт кешені» мекемесі басшысының орынбасарын  әкімшілік жауапқа тартып, ОҚО мүгедектерге арналған кешенді мамандандырылған спорт мектебінің, «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның кінәлі қызметкерлеріне қатысты ешқандай шара қолданбаған. Басшының не себепті бұра тартқаны түсініксіз?!


Темірбаеваға қатысты екінші мәселе өткен аптада қаралды. Бұл іс те мүгедектердің мұң-мұқтажымен байланысты. Алайда кейінгі іс алдыңғы іске қарағанда әлдеқайда ауқымдырақ, арғы жағында бүккен құпиясы да көптеу сияқты.  Соныменен антикоррупциялық мекеме өкілінің айтуынша, 2016 жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында біраз қитұрқылықтарға жол берілгенге ұқсайды. Басқармада мүгедектер мен ардагерлердің мәселесіне жауапты бөлімнің басшысы Ж.К. (бұл іс қазіргі уақытта Шымкент қаласының Абай аудандық сотына қаралып жатыр. Үкім шықпайынша, айыпталушының аты-жөнін толық атамауды ұйғардық) жетекшілік еткен комиссия Қазақ соқырлар қоғамының «Бәйдібек» корпоративтік қорымен арадағы келісім-шартқа сәйкес компьютерлік техникалар мен мүгедектерге арналған қоларбаларды қабылдап алған. Кейіннен белгілі болғандай, компьютерлік техникалар талапқа сәйкес келмеген, ал қоларбалардың шыққан жері мүлдем белгісіз, сапасы өте нашар, қолдануға мүлдем жарамсыз екендігі анықталған. Нәтижесінде бюджеттің 122 миллион теңгесі ысырап болған. Тергеушілер бөлім басшысы әрі қабылдау комиссиясына жетекшілік еткен Ж.К.-ның үстінен Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша іс қозғайды. Қазіргі уақытта істің сотқа өткенін жоғарыда айттық.


Енді Ж.К-нің ісіне Темірбаеваның не қатысы бар деген сауалға тоқталсақ. Антикоррупциялық мекеме өкілдерінің айтуынша, Темірбаева мемлекеттік сатып алуларды өз деңгейінде ұйымдастырмаған, қабылдау комиссиясының төрайымдығына Ж.К.-ні бекіткен. Комиссия төрайымына қоларбалардың бағасын жасанды түрде 69 мың теңгеден 136 мың теңгеге көтеру жөнінде тапсырма берген. Яғни, келген қоларбалардың сапасының сын көтермейтіндігі, қолдануға мүлдем жарамсыздығынан бөлек екі есеге қымбатқа алынған. Тапсырманың Темірбаеваның тарапынан берілгенін айыпталушы Ж.К. және тағы бір куәгер мәлім еткен. Темірбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Алайда кейіннен ол тоқтатылған. Шамасы тергеушілер оның кінәсін куәгерлердің құрғақ сөздермен дәлелдеудің қиын екендігін түсінгендіктен кейін осындай шешім қабылдаған сияқты. Дегенмен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті басшысына атына Әсия Темірбаеваның қызметіне сәйкестігін қарау жөнінде ұсыныс жолданған.


Арада екі жыл өтіп кеткендіктен Темірбаеваны тәртіптік жауапқа тартудың мерзімі өтіп кеткен. Сондықтан әдеп кеңесінің алдында осы мәселе бойынша тек есеп берген Темірбаева өзінің атына айтылған  айыптаулардың өте ауыр екендігін, алайда заңнан аттамағанын, Ж.К.-мүгедектерге жауапты бөлімнің басшысы болғандықтан комиссия төрайымы етіп бекіткенін алға тартты. Қоларбалардың бағасының көтеру жөнінде тапсырма бергенін Темірбаеваның өзі жоққа шығарған жоқ. Себебі соңғы жылдары  қоларбалардың сатып алу бағасы көтерілмей, бұл оның сапасына кері әсер етіпті. Басшы сондай-ақ, қоларбаларды алуға қаржы алдымен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында одан кейін облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында, сессиясында бекітілетінін жеткізді. Қысқасы, Темірбаева бұл істе өзін сүттен ақ, судан таза ретінде көрсетті. Алайда Кеңес мүшесі,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Қамбатыров біраз гәптің бетін ашқандай болды. Ол:


-Алынған компьютерлер жұмыс істемейді. Қоларбалардың сапасы нашар. Осының бәрі сіздің кезіңізде болған. Осы іс бойынша жауап беріп жатқан куәгер тергеу кезінде қайтыс болып кетті. Егер ол тірі болғанда жағдай мүлдем басқаша болар еді,-деді. Н.Қамбатыровтың айтуынша, басты куәгер (бұл мүмкін басқармаға қоларбаларды жеткізіп беру міндетін мойнына алған мердігер компанияның өкілі ме?)  суицид жасап қайтыс болған көрінеді. Бұл жәйттің артында көпшілік білмейтін біраз құпияның жатқаны анық. Қамбатыров Әсия Темірбаеваның орынбасары болып істеген С.Полатовтың жуырда алты аудандық жұмыспен қамту орталығының басшыларымен бірге сотталғанын алға тартып, негізінде 14 аудандық жұмыспен қамту орталығының басшыларының бәрін ұстауға болатынын, алайда ұстатуға ақшаларының жетпей қалғанын ашып айтты. Айта кетері, Темірбаева былтыр жұмыспен қатуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы лауазымынан кеткен соң маусымда облыстық еңбек инспекциясының басшысы болды. Бұл қызметті ол екі апта ғана атқарып, артынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалған болатын.


P.S.Естеріңізде болса, былтыр Түркістан қаласындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ем қабылдап жатқан  61 науқас өкпеқұрты дертін жұқтырып,  3 адам қайтыс болды. Қоғам арасында үлкен дүрбелең тудырған осы оқиғадан кейін облыс басшысы Жансейіт Түймебаев сол кезде жұмыспен қамтуды үйлесіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваға қатаң сөгіс берген. Ал енді мына қоларбаларға қатысты қылмыстық іс Темірбаеваның карьерасына қаншалықты әсерін тигізері әлі белгісіз. Біз бұл тақырыпқа тағы айналып соғатын боламыз.


Бақытжан Әбдірашұлы,


«Рейтинг» газеті


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Әсия Темірбаева бір аптада әдеп кеңесінің алдына неге екі рет келді?