Елімізде екі миллион адамның жалақысы көбейетін болды

Мәжілісте өткен жалпы отырыста Нұрлан Нығматулин бастаған топ бір емес, бірнеше заң жобасын қарастырып, бірінші оқылымда мақұлдады. Басты назарға жалақысы төмен азаматтардың табысын көбейту мәселесі алынды деп хабарлайды Алматы арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Ел қалаулыларының басы қосылған ауқымды жиын барысында "Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы" толығымен бір ауыздан мақұлданды.

Оған қоса, шенділер 18 жастан жоғары І топтағы мүгедек жандарға күтім жасап отырған адамдарға жәрдемақы төлеу мәселесіне қолдау білдірді. Оның көлемі енді биылдан бастап 29 699 теңгені құрамақ. Бүгінгі күні елімізде аталмыш жәрдемақыны 14 мыңға жуық отбасы алады.

Ал «Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы» аясында табысы 25 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын жұмыскерлерге табыс салығын жеңілдету заңы да депутаттар тарапынан мақұлданған.

«Бүгін біз әлеуметтік маңызы бар тағы бір заң жобасын мақұлдадық. Ең бастысы бұл құжат тікелей Елбасының бес бастамасында айтылған екінші бастаманы жүзеге асыруға бағытталып отыр. Осы өзгерістер, әрине, жалақысы төмен азаматтарымыздың табысын көбейтуге зор ықпал ететіні сөзсіз», - деді Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Елімізде екі миллион адамның жалақысы көбейетін болды