Түркістанда кәсіпкерді рэкеттер 7 жыл бойы бопсалап келген

work_collectors_2.jpg

Түркістан қаласында жергілікті кәсіпкер Сабыр Атаевты рэкеттер 7 жыл бойы бопсалап келген. 2009-2016 жылдар аралығында одан бас-аяғы 100 миллион теңгеден астам ақша мен құрылыс материалдарын алған. Бұл туралы «Рейтинг» газеті жазды.

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жуырда шығарған үкіміне қарағанда, 2009 жылыЕрехан Сүлейменов деген азамат Түркістандағы «Ақжол» фирмасының басшысы, кәсіпкер Сабыр Атаевқа келіп, оны қамқорлығына алып, қорғап жүру қызметін ұсынған. Кәсіпкер бұл ұсынысқа келіспей, оның қызметінен бас тартқан. Айтқанға көнбеген соң Сүлейменов Атаевқа танымал криминиалдық авторитет Б.Аймырза деген азаматты алып келеді. Ол «айтқанға көн, әйтпесе жаман боласың»дейді.   Осыдан кейін Атаевты Сүлейменовтың өзі келіп қорқытады.  «Тілімізді алмасаң, қызың немесе туысың із-түссіз жоғалып кетеді» дегенді айтады. Атаев амалсыздан олардың талабына көнген. Осылайша 2009 жылдың желтоқсаны мен 2016 жылдың мамыры аралығында Ерехан Сүлейменов Сабыр Атаевтан басы-аяғы 22 миллион теңге ақша мен 84 миллион теңгенің құрылыс материалдарын алған. Үкімге қарағанда осы жылдары Сүлейменов Түркістан қаласында сауда орталықтарын салған. Ол Атаевтың компаниясынан құрылыс материалдарын алып отырған.

Бопсалаушы  мұнымен тоқтап қалмаған, оның қорқыту-үркітуі енді алаяқтыққа ұласқан. 

2012 жылы Атаевтың компаниясының әлдебір себептермен бюджет алдындағы салық қарыздары 533 миллион теңгеге жеткен. Осыны білген Сүлейменов мәселені шешіп беру үшін Атаевтан 1 миллион доллар ақша алған. Бұл сол кездегі курс бойынша 147 миллион теңге. Алайда Сүлейменов уәдесінде тұрмайды, Атаевтың берген ақшасын жеке басына жаратып жіберген. Сотта ол Атаевтан алған 1 миллион долларды  Садықов деген салық органының қызметкеріне бергенін, алайда Садықовтың ұсталып қалып, сотталып кетуіне байланысты уәдені орындай алмағанын, алған ақшаны қайтарып беремін дегенді айтыпты. Әңгіменің төркініне қарасаңыз, Сүлейменовтың айтып отырған сөздерінде шындық бар.   2014 жылы облыстық салық департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарған А.Садықов деген азамат қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен сотталған. Ол және оның құрған ұйымдасқан қылмыстық тобы қазынаға 3,4 миллиард теңге көлемінде шығын келтірген. А.Садықовтың өзі 8,5 жылға сотталған. Сонда қалай, білдей облыстық салық департаменті басшысының орынбасары бопсалаушы, рэкетрилермен қоян-қолтық араласып жұмыс істеген бе?

Ал үкімдегі криминалдық авторитет Бақытжан Аймырза ел арасында «Баха-баха» деген лақап атпен танымал болған. Сайрам аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты. Былтыр ол жергілікті кәсіпкерді аса ірі көлемде бопсалағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Жалпы, соңғы екі-үш жылдың көлемінде облыста кәсіпкерлерді бопсалау белең алып барады. Бұған бірнеше мысал келтіруге болады.  Естеріңізде болса, 2016 жылы облыстық мәслихаттың жаңа құрамы жасақталып болар-болмас, су жаңа депутат Айдархан Орынбасаров аса ірі көлемде қорқытып алу бабы бойынша айыпталып, қамауға алынды. Осыдан бір жыл бұрын белгілі бизнесмен Серікжан Сейітжановты 7 миллион теңгеге бопсаламақ болған азамат ұсталды. Биылдың ақпанында сот бопсалаушыны 7 жылға бас бостандығынан айырды.

«Рейтинг» газетінің тішлісі Е.Сүлейменовке  7 жыл бойы ақша төлеп, құрылыс материалдарын беріп, бас-аяғы жүз миллион теңгеден астам қаржыға шығындалған кәсіпкер Сабыр Атаевпен хабарласқан. Ол сот үкімімен келісетінін мәлім етіпті. «Осыншама жыл бой бопсалаушылыққа қалайша шыдап келдіңіз, құқық қорғау органдарына неге дер кезінде арызданбадыңыз?» деген сауалға ол:

-Осыдан 12-14 жылдай уақыт бұрын Түркістандағы үйімізге «Тайсон» деген лақап атпен танымал қарақшы шабуыл жасап, өзімді, бала-шағамды мылтықпен атып қорқытқан болатын. Осыдан кейін қылмыс әлемімен байланысы бар азаматтарды көрсек қорқатын болғанбыз,-деген кәсіпкер қазіргі уақытта Павлодар облысынан мемлекеттік тапсырыс алып жұмыс істеп жатқанын мәлім еткен.

Алайда құқық қорғау органдарына дер кезінде арызданбаудың арғы жағында тек қорқыныш пен үрей ғана емес, құқық қорғау органдарына деген сенімсіздік бар десек қаталеспейтін шығармыз. Қалайша сенуге болады? Облыстық ішкі істер департаментінің бірінші орынбасары, лауазымды шенділері уақытысында қылмыстық авторитет Тоқтар Төлешовтың айтқанынан шыға алмай, қылмыс әлемінің тапсырмасын орындап отырды емес пе?  Осыдан кейін қандай сенімділік? Президент кәсіпкерлерге бар жағдайды жасаңдар, жөнсіз тексермеңдер дегенді айтады. Ал оңтүстікте шенеуніктер мен құқық қорғау органдары жағдай жасауды былай қойғанда қарапайым кәсіпкердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды. Осыдан кейін бизнесті өркендету  туралы әңгіме қозғаудың өзі де артық емес пе?

Дереккөзі: «Рейтинг» газеті.

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Алматы облысында қар көшкіні жүруі мүмкін
  • Наурызда азық-түліктің әлемдік бағасы біршама өсті — Ұлттық банк
  • Су тасқыны: 85 мыңға жуық адам эвакуацияланды
  • Салтанаттың өлімінде өз кінәм бар екенін мойындаймын, ұрып-соққаным рас — Бишімбаев
  • Жамбыл облысында 200 адам қаржы пирамидасына алданған
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер