12 млн. теңге парада кімнің қанша үлесі бар?

80.jpg

Сайрам аудандық әкімдігінің құрылыс нысандарын салуға жарияланған тендерлерінде күмәнді жайттар көп. Конкурстарда «А строй проект» деп аталатын компанияның асығы үнемі алшысынан түсе берген. Жалғыз компания  15-тен астам лот бойынша жеңімпаз деп танылған. Ал тексеру барысында 10 конкурстың заңға қайшы өткені анықталған.

 Мұндай мәліметті былтыр күзде Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Батыр Көшербай  10 айдың қорытындысы бойынша өткен жиында жария еткен болатын. Басшының айтуынша, әкімдікке департамент тарапынан заңбұзушылықты жою жөнінде ұсыныс беріледі. Алайда әкімдік мұнымен келіскісі келмеген. Ұсыныс орындалмаған соң құрылыс бөлімінің есеп-шоты жабылған.   Әкімдік сот төрелігіне жүгінген. Сот департаменттің талабы орынды деп табады. Алайда әкімдік бұған да келіспестен, облыстық соттың апелляциялық алқасына шағым берген.

Екіортада бірнеше ай өткен. Құрылысқа бөлінген қаржы қаңтарылып қалған. Әкімдіктің құрылыс бөлімі заңбұзушылықты жойып, қайта конкурс өткізудің орнына алтын уақытын соттасуға арнаған. Сонда сайрамдық шенеуніктердің алаөкпе болып, ары-бері шабылуы  кім үшін дейсіз ғой?  Мердігердің мүддесі үшін. Ал шенеуніктердің мердігерде не мүддесінің бары айтпаса да түсінікті... Былтыр күзде болған жәйттарды биыл неге еске алып отыр дейтін шығарсыздар. Өткен аптада дәл сол Сайрам аудандық құрылыс бөлімінің басшысы ірі көлемде пара алу үстінде ұсталды.  

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахиннің таратқан мәліметіне қарағанда, шенеунік параны делдал арқылы бөліп-бөліп алған. Өзі пара алу үстінде ұсталған көрінеді.  

«Күдікті Сайрам ауданы Ақбай ауылындағы орта мектептің қосымша корпусының құрылыс жұмыстарына жалпы сомасы 400,5 миллион теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарт жасағаны үшін делдалдар арқылы бөлік-бөлігімен ақша қаражаттарын алып отырған". Ресми мәліметтер осылай дейді.

Қазіргі кезде күдікті қамауға алынған.

 12 миллион теңге пара. 2008 жылы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ахметжан Сәбденов әлдебір фирманың тендерде жеңіске жетуін қамтамасыз ету үшін 2 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталып, сотталған болатын. Он жылда құрылыстағы ставкінің қанша есеге көбейгенін енді өзіңіз бағамдай беріңіз. Мұны бір деңіз.

  Екіншіден,  12 миллион теңге жалғыз бөлім басшысының несібесі дегенге кім сенеді дейсіз? Үлкеске кіретіндердің ішінде кімдер барын ел ашық айтып жүр.

  Ел назарын өзіне аударған Сайрам ауданының әкімі қызметіне былтыр тамызда Бақтияр Мамаев  тағайындалған болатын. Ал, Мамаевпен бір мезгілде Ордабасы ауданына әкімі болған, Рашид Қайыпжановқа сот үкім шығарды.   Естеріңізде болса, Р.Қайыпжанов шілдеде тендерде жеңіске жеткен әлдебір компанияның ақшасын аударып беру үшін мердігерден 200 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Ордабасы аудандық соты экс-әкімге үкімді 24 тамызда оқыды. Қайыпжанов 6 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге сотталды.  Бұған дейін Сарыағаш ауданында ауыл әкімі, аудан әкімінің орынбасары болып істеген Қайыпжановтың әкімдік дәуірі 1 жылға, ал тергеу мен  соты бар-жоғы бір айға созылды. Бұл біршама күдік пен күмәнға толы құрықтаудың құпиясын ашатын мақаланы алдағы уақытта журналистік зерттеу жүргізу аяқталған соң жан-жақты баяндамақпыз.

Дереккөз "Рейтинг" газеті

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Алматы облысында қар көшкіні жүруі мүмкін
  • Наурызда азық-түліктің әлемдік бағасы біршама өсті — Ұлттық банк
  • Су тасқыны: 85 мыңға жуық адам эвакуацияланды
  • Салтанаттың өлімінде өз кінәм бар екенін мойындаймын, ұрып-соққаным рас — Бишімбаев
  • Жамбыл облысында 200 адам қаржы пирамидасына алданған
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер