Есірген елшілер елді жерге қарата бастады


29.JPG

Қазақстандық елшілердің «еркеліктері» соңғы кездері шектен шыға бастағаны рас.  Қадағалаудың әлсіздігінен бе, әлде сыртта жүргеніне тым еркінсіп, ойына келгенін істейтінінен бе, әйтеуір отандық дипломаттардың басы дауға жиі қалатын болды. Дегенмен, бұған дейін  елшілік қызметке қатысты жайсыз әңгімелер тек қатардағы  қызметкерлерге байланысты туындап келген. Онда да көбінесе этикет мәселелері қозғалатын. Бұл тұрғыдан алғанда,  еліміздің Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаевтың тұтқындалуын нағыз сенсацияға теңеуге болады.

Бүгінгі таңда Қазақстанның  әлемдегі  40-қа жуық  мемлекетінде елшіліктері бар екен. Бұдан бөлек консулдықтар мен дипломатиялық миссиялар да жұмыс істеуде. Әр өкілдіктің шығындары шаш етектен.  Елшілік болған соң отандастарымызға түрлі қызметтерді көрсетуі өз алдына, мемлекетіміздің имиджін арттыратын түрлі шараларды атқарып, көп ретте ең жоғары деңгейдегі жиындарды ұйымдастырумен шұғылданады. Ал бұған бюджеттен қыруар қаражаттың бөлінетіні белгілі, себебі елшілік ұстау – қып-қызыл шығын.  

Дипломатиялық миссия – Қазақстанның әлемдегі бет-бейнесі, еліміздің халықаралық имиджіне тікелей ықпал сала. Ал отандық дипломаттардың әр қадамы әрдайым көпшіліктің назарында екенін ұмытпау керек.  Дегенмен, Мемлекет басшысы сенім артып, шетелге жіберген қызметкерлер мұны кейде естен шығарып жататынға ұқсайды. Басқа-басқа, дипломаттардың өзгелермен қарым-қатынас этикетін ең жетік меңгеруі тиістігі белгілі. Әр сөзін, әр қадамын алдын-ала ойластырып алуы қажет. Себебі, бір теріс қылық бүтіндей мемлекеттің абыройына тікелей нұқсан келтіретінін  ұмытпау керек. Бірақ, алдыңғы жылдарда дипломатиялық миссиямен шетелге аттанғандардың талайы өзін де, өз елін де масқаралап үлгерді. Қазақстандық елшілік қызметкерлерінің шетелде мас күйінде жүргені, тәртіп бұзғаны, әлдекімдермен төбелесіп жатқаны, тіпті контрабандамен шұғылданғаны жайлы талай ақпарат тараған. Бірқатар фактілерді келтірейік.

Консул-контрабандист

Сонау 2011 жылы Германияның Франкфурт қаласында жергілікті полиция қазақстандық бас консулды тұтқындады. Дипломатымыз контрабандамен айналысып, заңсыз түрде  сигарет сатып келген. Дипломатиялық почтаның салықтан босатылғанын пайдаланған елшілік қызметкері Германияға контрабандалық темекіні әкеліп, сатумен айналысқан.  Мұндай масқара тірліктен соң неміс полициясы қазақстандық дипломатқа қатысты қылмыстық іс қозғауға мәжбүр болды. 

Лондон - әлемнің қаржылық астанасы, дүние жүзінің мемлекеттері осы қалаға ең мықты елшілерін жіберуге тырысады. Ал енді   «Қазақстан Республикасының елшілігі»  десе лондондықтардың  төбе шашы тік тұратын халге жеттік. Себебі, бүкіл елшіліктердің  ішіндегі ең тәртіпсізі, заңды жиі бұзатыны – Қазақстанның өкілдігі екен.  Мәселен, көлікті тыйым салынған жерге қойып кеткені  үшін Лондон полициясы дипломатиялық миссияларға қатысты 1 миллион фунт стерлинг айыппұл салынса, солардың едәуір бөлігі, нақтырағын айтсақ 187 мың фунт стерлингке теңелетін 1700 айыппұлы  Қазақстанның елшілігіне тиесілі. «Әсіресе қара түсті  BMW 318i көлігі рекорд жасап, 471 рет тәртіп бұзған. Осы көлікке қатысты салынған айыппұл көлемі – 53 800  фунт стерлингті құрайды» деп жазады Ұлыбританияның беделді «The Telegraph» атты басылымы.  Байқайсыз ба, айыппұлдың көлемі көліктің құнынан екі еседей асып түскен. Осыдан-ақ шетелдегі елшілік қызметкерлеріміздің әбден есіріп, тойғаннан секіріп жүргенін  байқаймыз. Айыппұлды өз қалтасынан емес, мемлекет есебінен төлейтіндіктен бе, қазақстандық дипломаттар  қарапайым жол тәртібін бұзуды тоқтататын түрі жоқ.  Салынған айыппұлдар  жөнінен үздік  бестікке бізбен қатар Судан, Ауғанстан, Қытай және Сауд Арабиясының елшіліктері еніпті. Әлемнің ең дамыған отыз елінің құрамына кіруді мақсат тұтқан Қазақстанның дипломаттары, міне, осындай!

Мұндай келеңсіз жайттар ерекше назарға алынып, дипломаттар бір-бірінің қателігінен сабақ алса бір сәрі. Өкініштісі сол, тәртіп бұзушылардың қатары азаймай тұр. Мәселен, осыдан бір айдай бұрын Қазақстанның Литвадағы елшілігінің қызметкері көлікті мас күйінде жүргізген сәтінде полицияның қолына түсті. Бұл оқиға лезде ақпарат құралдары арқылы әлемге тарап кетті.  Литваның заңдылығы бойынша тәртіп бұзған жерлесімізге  450 евро көлемінде айыппұл немесе қылмыстық жаза қолдыналуы тиіс екен. 

Елшілік пе, резиденция ма?

Мұның барлығы – негізінен этикет мәселесіне қатысты даулы жайттар болса, соңғы жылдарда отандық дипломаттардың қаржылық махинациялары да ашыла бастады.  Шыны керек, дипломатиялық миссияны атқару  барысында ақшаны оңды-солды шашуға барлық жағдай жасалған. «Ең жоғарғы деңгейдегі қабылдау жүргізілді», «еліміздің имиджін арттыруға бағытталған іс-шара өткізілді», «жұмыс іс-сапарымен шетелдік қалаларды аралады» деген желеумен миллиондаған, тіпті миллиардтаған қаражат «игеріліп» жатады.  Ол іс-шаралардың біразы қағаз жүзінде атқарылатын формальды жиындар екенін дәлелдеп жатудың өзі артық. Мұны 2015 жылы сыртқы істер министрі қызметін атқарған Ерлан Ыдырысовтың мына сөздерінен-ақ ұғамыз: «хаттамалық, имидждік және басқа да іс-шараларды өткізу тұрғысынан алғанда елшіліктердің қызметі едәуір оңтайландырылды. Соның есебінен бюджет шығындары анағұрлым қысқарды».  Демек, қажетсіз шаралардың барын министрдің өзі де мойындап тұр.

Дипломатиялық қызметте ұйымдасқан қылмыстық топтың белгілері де жоқ емес.  Бұдан біраз жыл бұрын  Алматыдағы консулдық қызметтегі департамент директорының орынбасары Қайсар Арқабаев пен оның 7 сыбайласы тұтқындалған болатын. Олардың Қазақстанға кіру визалары мен рұқсат қағаздарын сатуды жолға қойған ұйымдасқан қылмыстық топты құрып алғаны анықталды. Қаншама жылдан бері жүргізіліп келе жатқан бизнесі әшкере болып, Арқабаев абақтыға жабылды. 

Елшілік қызмет шығындарының қомақты үлесі – ғимараттармен тікелей байланысты. Қаржыны жымқыру фактілерінің дені осы салада орын алуы бекер емес.   Жалпы, осы мәселеге қатысты түрлі пікір бар. Қайбір жылы экс-сенатор Ғани Қасымов шетелдегі қазақстандық елшіліктер орналасқан ғимараттардың «мүшкіл, бейшара» халін айтып, зарлаған. Дегенмен, Қасымовтың бұл мәлімдемесі бюджеттен елшілік қызметке қыруар қаржыны бөлдіруге сылтау ғана болған секілді. Себебі, 2014 жылы бюджеттен  Париждегі елшілік ғимаратын сатып алуға 10,6 миллиард теңге бөлінген. Осы  жайт қоғамды әжептеуір шулатты. Сол кездегі экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев «бұл әлемдегі практика, елшіліктерді  жалға алу жайттары өте сирек кездеседі. Әдетте консулдық қызметтің ғимараты жалданады. Ал елшіліктің ғимараттары  сатып алынады» деп ақталумен болды. 

Сарапшылар кейбір қазақстандық елшіліктердің ғимараттары қатардағы кеңседен гөрі салтанат сарайлары мен резиденцияларға ұқсайтынына назар аударған. Шынында да, елшілік түгілі әкімдік немесе министрлік оп-оңай сыйып кететін зәулім ғимараттарға қандай қажеттілік бар? Әсіресе Қазақстанның Белоруссиядағы елшілігінің ғимараты көпшілікті таңқалдырды. Рас, Белоруссиямен арадағы байланысымыз жақсы.  Дегенмен, мұндай  елшілікті Ресей, Қытай, АҚШ секілді стратегиялық әріптес әрі сауда-саттық айналымы жоғары мемлекеттерде салып жатса түсінер едік. Минскідегі елшілік ғимаратының құрылысына бюджеттен 3 миллиард 121,5 миллион теңге бөлініпті. Шикілік осы жерден шықты. Елшіліктің аға есепшісі Сейдуәлиев 2012-2015 жылдары аралығында  бас мердігерге ақша төленгені туралы "жалған кассалық ордерлер жасап, бюджеттің 207 мың доллар қаржысын жымқырған. Сонымен қатар ол елшілікке Беларусьтің салық органдарынан қосымша құн салығы ретінде қайтарылған   475 мың АҚШ долларын да  қалтасына басқан. Бюджетке 680 мың доллар залал келтірген есепші 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Биыл Өзбекстандағы елшілік хит болуда. Әуелі «Қарашевтің ісін» тілге тиек етейік. Тамыз айында Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы  Анарбек Қарашевтың үйін тінту кезінде 1,5 миллион доллар табылды. Тергеу барысында Қарашевтың қарамағындағы қызметкерлерден, оның ішінде дипломаттардан жүйелі түрде пара алып келгені анықталды.  Сондай-ақ, Қарашев Өзбекстандағы Қазақстанның елшілігіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаса да, атқарылған жұмыстар жөніндегі актілерге қол қойды. Соның салдарынан бюджет 70 млн теңгеден астам қаржыға шығындалды. Сол кезде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов «осы іске министрліктің басқа да лауазымды тұлғалары мен елшілік қызметкерлері қатысуы әбден мүмкін», - деп ескертіп еді.

Сол айтқаны дәл келді. Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаевтың Қазақстан елшілігі ғимаратын салу кезінде атқарылған жұмыстар туралы жалған актілерге қол қойғаны бойынша айыпталып отыр. Оның заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген шығын көлемі 140 миллион теңгеге бағалануда. Өтембаевтың бұған дейінгі қызметтік карьерасына қай дипломат  болсын қызыға қарайды.  2000-шы жылдардың басында Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары болып жұмыс істеген ол  бір кездері Каспий теңізінің мәртебесі жөніндегі келіссөздерде Қазақстанның өкілі болған. 3 жыл Иранда, 3 жыл Бельгия мен Люксембургте, бертінде 4 жыл Польшадағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет атқарды. Ол аздай, Қазақстанның Еуропалық Одақ пен НАТО-дағы арнайы өкілі де болды. Өзбекстандағы қызметіне 2016 жылдың сәуір айында кіріскен Өтембаевтың карьерасы осылайша масқара тірлікпен аяқталғалы тұр. Бұдан өзге дипломаттарымыз сабақ алып, қазақ елін жерге қаратудан тыйылар ма екен?

 "Рейтинг" газеті


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Елге келген қандастардың неше пайызы еңбекке жарамсыз
  • Қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтердің жаңа түрлері қолжетімді
  • Мемлекет басшысы Қазақстанның шет елдердегі бірқатар Елшісін тағайындады
  • Ресей: Теракт болған күні Крокустан 5 мыңнан астам адам эвакуацияланған
  • Президент терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер