Түркістанды түлеткен тарихи жыл

Screenshot_5.jpg

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев «Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен» өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша брифинг берді. 11 айдағы нәтижелі жұмыстарды тізбектеп берген шаһар басшысы жаңа облыстың орталығы мәртебесі берілуі Түркістан қаласының дамуына ерекше ықпал етіп жатқанын ерекше атап өтті.

Қолдау мен қамқорлықтың арқасында өндірісі өркендеп, тұрмысы оңалған қала тұрғындарының өмір сүру сапасы жыл сайын жақсарып келеді. Өткен  жылғы ТҮРКСОЙ ұйымының Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесі де қаланың өркендей түсуіне жол ашты. Осы мәртебелі жылдың құрметіне орай, өткен жылдың соңында «Түркі бағы» аллеясы ел игілігіне берілсе, биылғы жылы бауырлас халықтардың ынтымағы мен бірлігін ту еткен бұл аллеяда мазмұнды монумент бой көтерді. Рухани өңірдегі келелі істердің бастысына баланған «Рәміздер алаңы» қала тұрғындарының саялы демалыс орнына айналды. Әрбір азаматтың бойына рухани жігер беретін алаңда биіктігі 62,5 метрді құрайтын еліміздің Мемлекеттік Туы орнатылып, Елтаңба мен Әнұран мәтіні жазылған. Бұған қоса ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бейнелер мен аталы сөздер сап түзеген аллея қаланың келбетін аша түсті.   «Биылғы жыл өңір халқының қуанышын еселей түскен табысты да ерекше тарихи жыл болды. Бүкіл әлем назарын тіктеген Түркістанда - Елбасының жаңа бастамаларына үлкен бетбұрыс жасалды. Түркістан облысының орталығы болып жарияланған күннен бастап, қаламызға деген көзқарас ерекше. Соның бастысы Мемлекет басшысының осы аймақты дамытуға байланысты жауапты тұлғаларды қабылдауы Түркістанға деген шынайы қолдау десек, Түркияға сапарында Түркістан облысының мәселесін назардан тыс қалдырмауы ауқымы кең бастаманың айғағы. Және де түркі жұрағатының тамырына нәр беріп, түркі әлемі мойындаған қара шаңырағына айналдыру жолындағы түркілердің ұлы арманын іске асыруға деген нақты әрекеттің көрінісі дер едім. Таяудағы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Түркістанды түлетуге тікелей тоқталуы байламды істердің тағы бір бастауы, - дейді Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев.

Қаланы көріктендіру мен абаттандыруға соңғы 5-6 айдың ішінде еселі күш жұмсалып, ауқымды жұмыстар қолға алынған. Мысалы, «Отырар» ықшам ауданында 4 гектарға 10 үй тұрғызудан басталған құрылыс жұмыстары биыл тағы да 10 гектарға ұлғайып,  26 үйді келер жылы наурыз айында ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Аталған тұрғын үйлердің аула ішілік инфрақұрылымын, абаттандыру жұмыстарын да межеленген мерзімде аяқтау көзделген. Осы аймақтағы тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін 900 орындық мектеп құрылысы бой көтерсе, 200 орындық бала бақша жеке және мемлекеттік әріптестік бойынша салынып, жуырда пайдалануға берілген. Сондай-ақ, 7-20-25 бағдарламасы аясында да тұрғын үйлер салу қолға алынуда. Алдағы жылы аталған шағын ауданның көлемін тағы да 42 көп қабатты тұрғын үймен ұлғайтуға жоспар түзілген. Яғни тұрғын үй кезегінде тұрған 8 мыңнан астам тұрғынның мұқтаждығын жеделдетіп шешу мүмкіндігі қолға алынуда. Бүгінде қалаға келуші қонақтар мен саяхатшылардың қатары арта түскен. Олардың және қала тұрғындарының демалысын жақсы өткізуі үшін саялы бақтар мен аллеялардың қатарын көбейтіп, қаланы көріктендіру жұмысы кезек күттірмейтін шаруа. Осы орайда «Түркі бағы» мен «Рәміздер алаңы» ерекше өзгеріп, түрлі түске енсе, қаланың Кентау бағытынан кіре берісінен 14 гектар жерге ораналасқан «Парасат» саябағы абаттанып, заманауи демалыс кешеніне айналды. Бұл саябақ облыс көлемінде архитектуралық құрылысы жағынан алдыңғы қатарлы демалыс орындарының бірі ретінде аталуда. Себебі ондағы соңғы үлгіде орнатылған жарық бағаналары мен аркалар, су бұрқақтар, теннис, футбол, баскетбол алаңшалары мен веложолдар және концерт алаңы демалушыларға қолайлы жағдай туғызады. Ең бастысы саябақты суландыру жүйесі толығымен автоматтандырылған. Яғни саябақтың көркін келтірген ағаштар мен гүлдер қай мезгілде болсын судан тапшылық көрмейді. Сонымен қатар, қала әкімінің айтуынша, «Жеңіс» саябағына 162 288,26 мың  теңге қаржы бөлініп, қайта күрделі жөндеуден өткізілген. Алдағы уақытта саябақтағы аттракциондардың қатарын қаланы биіктен тамашалуға болатын айналмалы дөңгелек шеңбермен толықтыру жоспарланып отыр. Қаладағы көлік қозғалысы жиі қатынайтын О.Жарылқапов, С.Ерубаев көшелері мен  Тәуке хан даңғылының және Қызылорда тас жолы мен Төле би көшесінің бойындағы иригациялық арықшалар мен жарықтандыру жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы алғанда соңғы жарты жылда қала ішіндегі 20-ға жуық көшенің бойына аяқжолдар төселіп, абаттандырылды.  Және де қаладағы шағын аудан тұрғындары үшін 16 көп қабатты тұрғын үйдің ауласына балалар алаңшасы, демалыс шатырлары, футбол алаңдары орналастырылған. Сондай- ақ қалаға кіреберіс қақпадан бастап, басты даңғылдың өн бойы мен қаланың тұрғындар демалатын, жаяу жүретін аймақтарының барлығына 100 мыңнан астам ағаш отырғызылып, оларды суландыру, көгерту мақсатында 50 метр тереңдікте арнайы құдықтар қазылуда. Бұл орайда шаһар аумағын қамту үшін 40-қа жуық құдық қазылып, суландыру жүйесін тамшылатып суару тәсілімен және автоматтандырылған жүйеге қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Соңғы уақытта қалада көлік қозғалысы көбейген. Көлік қозғалысының жиілеп, авкөліктердің уақыт өткен сайын көбейетіні ескеріліп, келер жылдары қаланың бірқатар ішкі көшелерінде құрылыс жұмыстарын жүргізу, басты көшелерін кеңейту, Түркістан қаласына Отырар ауданы, Кентау қаласы, Балтакөл, Қарнақ ауылдарынан кіретін республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды толықтай күрделі жөндеуден өткізу жопарлануда. Ал 875 көше, 764 шақырым қала ішіндегі жолға биыл күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджет есебінен 1 172,4 млн теңге қаржы бөлінген. Осы қаржыға 22 көшеге орташа, 21 көшеге ағымдағы жөндеу және 39 көшеге тас төсеу жұмыстары жоспарланған және кезегімен іске асырылуда. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 92 737 мың теңге қаржы қаралып, жаяу жүргіншілер өткелін жарықтандыру, жол белгілері мен көше қиылыстарына арка, сілтімелер мен жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілген.

Бүгінгі таңда жергілікті әкімдік тарапынан келешекте түсетін құрылыс нысандарына жер дайындау мақсатында бағалау жұмыстары мен сәулет жоспарлау жұмыстары қызу жүргізілуде. Жалпы Түркістан қаласының келешектегі бас жоспарын жобалау бойынша  қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізілмек. Бірінші бағыт- «Тарихи аймақ» Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан тарихи аймақтағы 88,7 гектар жерге орналасқан 18 нысанды жаңғырту  және екінші бағыт – «рухани-мәдени орталық» аймағы 98 гектар жерге жоспарланып отыр. «Қазіргі таңда ол жерлерге салынатын 12 құрылыс нысанының орны анықталды. Ол аймақта «Қазақстан-Назарбаев» және «Түркі әлемі» орталығы, «Қазақстан хандары мен билерінің орталығы», Қожа Ахмет Ясауи музейі, амфитеатр, Шығыс базары, Шығыс моншасы секілді 12 нысанның құрылысы жүргізіледі деп жоспарлануда. Ал үшіншісі әкімшілік-іскерлік орталығының аймағы жалпы 700  гектар болса, бүгінде оның 270 гектарына салынатын құрылыс нысандары белгіленді. Онда облыстық әкімдік ғимаратынан бастап, басқармалар мен департаменттер ғимараты, Астана алаңы, Конгресс холл, медиа орталық, сауда орталықтары мен тұрғын үй кешендері, жастар мен оқушылар сарайы, спорт, мәдени кешендердің құрылысы сынды 18 нысан мен тұрғын үйлердің құрылысы түседі деп күтілуде. Осы аталған жоспарларға сәйкес қазан-қараша айларында Халықаралық архитекторлар конкурсы жарияланған болатын. Оған 32 елден 353 ұсыныс түсіп, оның 245-і қабылданған және 42 концепция іріктелді. Әрине бұл аталған жоспарлар болашақ Түркістанды рухани-мәдени тұрғыдан және облыс орталығы ретінде дамуы үшін жасалып жатқан дүниелер. Алдағы уақытта түбегейлі бектілген соң, жұмыстар кезек-кезеңімен жүргізілетін болады», -  дейді Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев.

Қаланың келешек келбетін айқындайтын бас жоспар түбегейлі бекітілген соң атқарылар жұмыстардың көбейетіні заңды. Дегенмен қала әкімдігі Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруды басты назарда  ұстап, туризм саласын жетілдіру, өндірісті өркендетіп, шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту жұмыстарын да жандандыра түспек.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Алматы облысында қар көшкіні жүруі мүмкін
  • Наурызда азық-түліктің әлемдік бағасы біршама өсті — Ұлттық банк
  • Су тасқыны: 85 мыңға жуық адам эвакуацияланды
  • Салтанаттың өлімінде өз кінәм бар екенін мойындаймын, ұрып-соққаным рас — Бишімбаев
  • Жамбыл облысында 200 адам қаржы пирамидасына алданған
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер