«Safari Shardara»: Теңіз жағасы туризмге сұранып тұр

Screenshot_7.jpg

Бір айдан бері Шардара ауданы әлеуметтік желілерден, ел аузынан түспеді.  Түспейтіндей жөні бар. «Қазан айының соңғы жұмасында шағалалы өңірде «Safari Shardara» атты ірі іс-шара болады екен» деп бір-бірімізден сүйінші сұрадық. Себебі, бізге бұл іс-шараның атауы таңсық естілді. Сафари десе көз алдымызға Африканың аң-құс өрген жабайы даласы елестейтін. Болды. Басқаларды білмеймін, мен өзім одан ары тереңірек елестете алмайтынмын. 

...Көптен күткен  күн де келіп жетті. Жұма күні таң азанымен үшінші мегаполистен Шардараға жол тарттық. Бірер сағатта салып-ұрып жетіп бармайсыз. Жол алыс. Бірақ, «асықпаған арбамен қоян алады» демекші, әлгінде ғана көк пен жер қауышқан көкжиектен сығалап тұрған күн ұятты жиыстырып қойып аспан төріне көтерілген шақта Шардараға жақындадық. Жақындағаныңыз анау-мынауға илікпейтін бірбеткей табиғатынан-ақ білінеді екен. Мұнда жерге көк шықпай, тартылып қалған теңіз орнындай сазарып жатыр. Өңірдегі өзге аудандарға қарағанда күн ыссы. Әдетте қазан айының соңында жерге бозқырау түсетін. Ал, мұнда әлі мизамдар шұбатылған күндер. Аспан шайдай ашық. Әйтпесе, бұл мезгілде күмбезіңіз көбіне қытымыр қарттай қотырланып, сәл қиыс кетсеңіз кәрін төгіп жіберердей тістеніп тұрушы еді. Күздігүні бойынан қызуы қайтып өткенінің жарқын елесінен қуат алып өмір сүретін тым кәрі күн екеш күн де фестивальге келген қонақтарға мейірлене жымимаққа барынша тырысты. 

Screenshot_6.jpg

Сафари деген не?

Той десе қу баста домалайды демекші, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін құмырсқадай қаптап ағылып жатыр, ағылып жатыр. Теңізге жан-жақтан келіп құйылып жатқан өзендердей. Біз жұрт арасында қысылып-қымтырыла фестиваль өтіп жатқан алаңға кірдік. Кіре берісте «Safari Shardara» деп өрнектеле жазылып тұр. Осы кезде барып қолға интернетке қосылған телефонды алып Сафари сөзінің мағынасына үңіліп көрдік. Әрине, сонау Африкадағы Сафари мен Қазақстандағы Шардараның арасында не ұқсастық бар деген қызығушылық жанымызды қоймады. Сөйтсек, Сафариыңыз ешқандай да жер атауы емес, суахили тілінен аударғанда саяхат деген мағынаны білдіреді екен. Бастапқыда Африкаға мүйізтұмсық, буйвол, жираф сынды жан-жануарларды тірідей көргісі келген туристерге арнап жергілікті билік кішігірім саяхаттар ұйымдастырған. Кейіннен туристер легі күрт артпай ма?!. Көзін тапса туризм дегеніңіз зор бизнес екенін білген жергілікті билік бұл саяхатты барынша дамытқан. Сафариге түрлі бағдарламалар, қосымша қызметтерді қосып, клиент көңілін аулап, оны ырза қылып жіберуді басты мақсат тұтты. Нәтижесінде, бүгінде сафари қызметі дамыған Африка елдеріне жылына бірнеше жүз мыңдаған турист келіп, күніне 150-300 доллар жұмсайды. Осылайша, Африкаңыз Құдай берген дархан даласынан олжаға кенеліп отыр. 

Screenshot_6.jpg

Теңіз, құм, түйе

Біздіңше, Шардарадағы фестивальге бекерге Сафари аты таңылмады. Расында аудан табиғаты ерекше. Бұл жөнінде жоғарыда айттық. Сортаңда түйелер мен нарлар алаңсыз жайылып жүр. Түйе дегеніңіз Еуропа халқы үшін жұмбағы басым түлік. Эстетика! Оралхан Бөкейдей маңғаз жазушының «Бота жетектеген қызы», атағынан ат үркетін Шыңғыс Айтматовтай заңғар жазушының  «Боранды бекетінде» жау қолына түскен ұлын құтқару үшін ақ інген мініп келетін Найман-ана. Шетсіз, шексіз құмда ауыздығымен арпалысқан қара бура, 12 ай көтерген ботасын жоқтап, тұлыпқа иіген Аруна... Сыршыл аңыз! Ал, саяхаттан ақшаны аямайтын Еуропалықтарыңыз жұмбақты шешкенді, аңыз орнын көргенді, білгенді, эстетиканы сүйетін  халық. Және мұнда ең бастысы – алып су қоймасы бар. Жұрт бұны теңіз дейді. Жан-жағы сусыған жып-жылы құм. Теңіз, құм, түйе. Осыларды Мысырдағыдай бір-бірімен байланыстыра білсек, Шардара – Орта Азияның туризм орталығына айналары сөзсіз. 

Міне, су қоймасы жағалауындағы «Аққала» демалыс аймағында «Safari Shardara» халықаралық фестивалі Түркістан облысында турзимді дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Бір күнде өмір қайнап сала берді. Түрлі спорттық іс-шаралар, концерттік бағдарлама бір мезетте қатар өтіп, композициялық шоуға ұласты. Қайсысын көрерімізді білмей қалдық. Көкте парашютпен самғап жүрген мотоцил іспеттес көлік, теңізде аппақ желкендерін жайып, ары-бері жүзген қайықтар, сахна маңын шаңдатып қайта-қайта айналған «Джип» көліктері, бір-бірімен алысқан балуан балалар, сахнада әнді нақышына келтіре шырқап тұрған күміс көмей әншілер... Мұның бәрі бір мезетте болып жатқан іс-қимылдар еді. Бұл қонақтарға зор әсер сыйлады. Көптен бері мұндай шоу көрмеген жергілікті тұрғындар да таңданыстарын жасыра алмай, шат-шадыман болды. Аудан әкімдігінің бұл фестивальді өткізуге асқан жауапкершілікпен қарағандары көрініп тұрды.  

Screenshot_5.jpg

Іс-шараға арнайы ат басын бұрған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев: 

– Елбасы «Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет» деп атап өткендей, болашақта Қазақстанда туризм өңірлік ғана емес, жаһандық  сипат алуы керек. Еліміздегі туризмнің өркендеуі үшін тарихи және туристік орындарымызды лайықты дамыта білсек, мемлекеттік бюджет толығып, әлеуметтің әл-ауқаты көтеріледі. Бүгін басталған «Safari  Shardara» фестивалі - көрші елдерге Қызылқұм мен Шардара суқоймасының жағалауы сынды жауһарларымызды танытатын шара болмақ. Сондай-ақ, біз осы іс-шара арқылы шағалалы Шардарада желкенді қайық спорты мен ат пен түйе жарыс, құсбегілік сынды ұлттық спорт түрлері мен өзге де ата кәсіптерімізді жаңғыртуды көздеп отырмыз. Мұның барлығы өңірдегі туризмді дамытып, бизнес аxуалды көтеруге бағытталған, - деп бұл іс-шараның маңызына тоқталды. Ол өңірде бұған дейін Түлкібас ауданында өткен «Қызғалдақ», Бәйдібектегі «Қымызмұрындық», Жетісайдағы «Қауынфест» фестивальдарының өзектілігі жөнінде ой қозғады. Өңірде мұндай фестивальдерді көптеп өткізу өте тиімді. Осы арқылы  аудандар әлеуеті, туристік мүмкіндіктері көрінеді. Мұндай тәжірибе Түркияда бар екен. Түрік ағайындар аймақтарда әр түрлі фестивальдер ұйымдастырып, жұрт қызығушылығын оятқан. Бүгінде онда туристер көптеп барады. Мінекейіңіз, кез-келген аймақ бастапқыда жарнаманы талап етеді. Оған кәсіпкерлер қолдау көрсетіп жіберсе, кейіннен жемісін жейтіні анық. Бұл жөнінде Жансейіт Қансейітұлы:  

– Ауқымды іс-шаралар арқылы аудан болашағы үшін маңызды брендтерді елге әйгілі етуді мақсат тұттық. Биыл игі бастамаларды бастап бердік, енді іскер жігіттер, жергілікті кәсіпкерлер, атпал азаматтар осы ойларды жалғастырып әкетіп, ары қарай дәстүрлі шараға айналдыруы тиіс, – деді. 

Screenshot_1.jpg

Үздіктер марапатталды

Марапаттау рәсімінде бірінші кезекте құсбегілік өнерді әлемдік деңгейде насихаттап жүрген, Моңғолияда туған этникалық бүркітші қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпзықына 1 миллион теңгенің сертификаты берілді. 

– Фестиваль қатты ұнады. Менің ойымша мұндай форматтағы сайыстарды ары қарай тұрақты түрде жалғастыра беруі керек. Мені елеп шақырып жатқандарыңызға рахмет. Түркістан алғашқылардың бірі болып қонақ етті. Облыс жұртшылығы мені жылы шыраймен қарсы алды, - деп алғысын білдірген Айшолпан құсбегілікті 8 жасында мықтап меңгергенін хабарлады. Оның айтуынша, жеті атасы да құстарды қолға үйретумен айналысқан. Бұл өнер оған аталарынан дарыған көрінеді. Оның ендігі басты мақсаты – қазақ халқының  бүркіт һәм қаршығаға құс ілдіріп, түлкі алдыратын ата кәсібі саятшылықты әлемге таныту.  

Армрестлингтен аға жаттықтырушы Сейфулла Нұрхалықов та 1 миллион теңгеге ие болды. Ал, «Шардара Армспорт» спортклубының жас спортшысы, армрестлингтен Әлем чемпионатының жастар арасында 5 дүркін чемпионы және Әлем чемпионатында ересектер арасында 4 дүркін чемпион атанған   «Қазақстан Республикасының спорт шебері», «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» Айдархан Нұрдәулетке көлік кілті табысталды. Осылайша, еңбектері еленген шардаралық спортшылар құрметке бөленіп, мерейлері тасыды.  

Screenshot_4.jpg

Бұдан кейін жағажайда мотокросс, волейбол мен футбол жарысы, гір тасын көтеру, қазақша күрес, бөренеге өрмелеп шығу, қошқар көтеру, теңізде академиялық есу, балық аулау сайыстары ұйымдастырылды. Бұл жерде бәрінен бұрын ең қызығы – түйе жарысы болды. Ат жарысы дегенді талай естідік. Ал, түйе жарысы дегенді көрмек былай тұрсын, естімеген де екенбіз. Бірақ, мұндай жарыс кезінде Тұран даласында талай өтіпті. Осылайша, «Рухани жаңғыру» асында Түркістанда құм қойнауында ежелгі сайыс – түйе жарысы қайта жаңғырды. Бұл жарыста 15 түйеші бақ сынады. Жеңімпазға бағалы сыйлық табысталды. 

Screenshot_8.jpg

Жалпы, бұл фестиваль өте жоғары деңгейде өтті. Халықаралық деңгейде болғасын, мұнда Орта Азия елдерінен, ТМД елдерінен қонақтар келіп, Шардара құмын өз аяқтарымен басып көрді. Меңқызыл құмда көз жасындай боп мөлдіреп жатқан Шардара теңізін тізеден кешті. Егер қажетті жағдай жасалса, туризмге қатысты нысандар салынса, Шардара – Анталья іспеттес нағыз демалыс аймағына айналары сөзсіз.  

Абылайхан ЕСІМБАЙ,

"Рейтинг" газеті 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістандық кәсіпкер ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін дамытпақ
  • «Rixos Turkistan» қала экономикасының дамына орасан зор үлес қосуда
  • Қыспаққа түскен тағдыр
  • Түркістандықтар «Worldskills Kazakhstan-2019» чемпионатында жүлдегер атанды
  • Ата кәсіпті дәріптейтін ағаш ұстасы
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер