Жаңалық ашу үшін барды қайталап көру керек

Көрлімі: 53

jWEHRg2hKK55KFzy.jpg

Құрбанәлі ЕСЕНБЕКОВ, робот құрастырушы:

– Құрбанәлі аға, робототехника саласына қалай келдіңіз?

– 2014 жылы колледжде аға оқытушы қызметінде жүргенімде робототехниканың үш жылда дамитынын айтқан болатынмын. Айтқан сөзім бүгінде дәлелін тапты. Сол жылы робот құрастыруға арналған арнайы жинақты алып, идеяларымды жүзеге асыруға кірістім. 2017 жылдың наурыз айында «Өрлеу» оқу орталығынан сала бойынша білім алып, «INOLAB» оқу орталығына оқытушы қызметіне келдім. Алғашында лабораторияда, парта, компьютерлерден басқа ештеңе болмаған еді. Жаңадан құралдар алдырттым. Бүгінде мекемеміз қажетті жабдықтармен толықтай қамтылған. Жалпы, бұл салаға жеке қызығушылығымның арқасында келдім десем де болады.

– Роботтар қандай мақсатта жасалады?

– Үйдегі кез келген пультті алып жалюзді ашып, желдеткішті қосу. Сосын көптеген мекемелерде өздігінен ашылатын есіктер бар. Дыбыстық басқару, жертөлеге түскенде немесе қараңғыдан өткенде өздігінен жанатын жарықтар. Көбісі робот құрастыру дегенді жүретін, айтқаныңды істейтін робот дайындап шығару деп ойлайды. Токқа қосылатын және адам өміріне пайдасын беретін құрылғылардың бәрін робот деп атайды. Мысалы, қарапайым ғана қолымызға ұстап жүрген телефонымыздың өзі робототехника болып саналады. Оған мобильді қолданбалар жасаймыз, сосын оны IOS және Androidқа жазып, құрылғыны қосып қоямыз. Сосын оның көмегімен сабақта немесе жұмыста отырған кезде үйдегі автоматты құрылғылардың өшкен-өшпегенін тексеріп отыра аласыз. Жалпы, адамға пайдасы тиетін техникаларды ойлап тапқан абзалырақ. Мысалы, қолы жоқ адамдарға биомеханикалық қол жасап шығаруға болады. Ол негізі Үндістанда жасалып қойған дүние. Дегенмен ондай идеяны біздің елде де жүзеге асыруға болады.

– Жаңа жоба дайындап шығару үшін идеяны қайдан іздейсіз?

– Көбінесе қоғамдық орындарда жүремін, аурухана, мектеп, сауда орталықтары сияқты жерлерде. Жақында, бір аурухананың кардиология бөліміне бардым. Науқастың жүрегі қысылғанда сигнал беруге шамамен 7-8 секундтай ғана мүмкіндік бар. Бұл ауруханада науқасқа арнайы жетон беріледі екен. Ол қолғап секілді. Науқас оны қолына киіп алады. Құлап бара жатқан кезде қолын шапалақтап ұрады. Сол кезде кімнің белгі бергені базаға дереу түседі. Осы идеяны лабораторияға алып келдім. Оны оқушыларым қолға арналған білезік ретінде жасап шығарды. Жоба жарыстан орын алып, «Әлеуметтік жоба» аталымын алды. Әлеуметтік желіде Үндістан, Пәкістан, Түркия және Қытай елінің азаматтарымен сөйлесіп, өз идеяларымызбен бөлісіп отырамыз. Олар ұсынған жобаның дизайнын өзгертіп, код жазамын. Көрінісі жағынан Қытайдың тауарлары танылып келе жатыр. Олар жасап шығарған дүниелерді бізге де ойлап табуға болады. Жаңалық ашу үшін бірінші барды қайталап көру керек.

– Робот жасауға материалдарды қайдан аласыздар?

– Қажетті материалдарды табу қиын емес. Мектептерде робототехника кабинеті ашылған жерде 3D принтер деген аппарат беріледі. Роботтың басын сол құрылғы арқылы шығарамыз. Қол-аяғын жасап біріктіреміз. Мысалы, түрлі мекемелерде, қабырғаға жапсырылған стенд деген болады. Соның арт жағында "ПБХ" деп аталатын ақ материал бар. Біз соларды кесіп қолданамыз. Кардон қойсаң езіліп кетеді, ал тақтай қойсаң ауырлық қылады. Ал, "пбх" материалы жеңіл әрі аппақ болғандықтан, оны өзіңіз қалаған түске бояп ала аласыз.

– Бір роботты дайындап шығару үшін қанша қаржы жұмсалады?

– Ол не ойлап табуыңа байланысты. Мысалы, дайын жылыжайды автоматтандыру. Ол үшін бірінші, он соттық жер сатып алып, сосын жұмысқа кірісемін. Ал, қаржы өз саласына қарай жұмсалады. Айталық, медицинада кез келген құрылғы кемі 3-4 млн. теңгені құрайды. Ал, мен айтқан кардиологиялық түйме көбіне кафе, ресторандарда даяшыны шақыру үшін орнатылған. Дәл соны, медицина саласына бұра салған. Өзім дайындаған кардиологиялық түйме болашақта патенттеліп, қолданысқа енеді деп сенемін.

– Ең сәтті шыққан жобаңыз қалай аталады?

– Біз шынайы жұмыстарды жарысқа келгенде дайындаймыз. Жобалардың ішінде ерекше ұнағаны – мүгедек жандарға арналған арба. Бұл құрылғыны дайындау барысында біраз еңбектеніп іздендік. Ол үшін қала ауруханаларын аралап, арбаның өзін, моторын, аккумуляторын алып бағдарламасын жасадық. Сосын, «INO» роботы. Оның ерекшелігі – тек қазақша сөйлейтіндігінде. Сонымен қатар, ары-бері жүреді, қимыл-қозғалыста болып, бір уақытта 80 команданы орындай алады. Роботтың арқасындағы сымдардың байланысы өте қорқынышты. Бір сымы шығып кетсе жұмыс істемей қалады. Қазіргі таңда, екі бірдей жарысқа дайындалып жатырмыз. Біріншісі – робототехникаға арналған қалалық іріктеу, екіншісі – Алматы қаласы әкімінің кубогы. Осы екі жарыста Inolabтың атын шығаруды мақсат етіп отырмыз.

– Сіздің ойыңызша 20 жылдан кейін робототехника Қазақстанда қандай деңгейде болады?

– 2018 жылдың қыркүйек айында IT салаға гранттар көптеп бөлінді. Басқа бағыттарын да айтуға болады. Робототехника бір орында тұрмайды. Мысалы, дәрі таситын дрондар бар. Егер, қазақ еріншектігін қойса, IT саласында көш ілгері мемлекеттердің қатарында боламыз. Өйткені, біздің қолымыздан көп нәрсе келеді. Бізді құртатын – менмендік пен еріншектік. Осы екеуінен арылсақ, 20 жылда цифрлы Қазақстан одан әрі дамиды.

– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

– Жоспарымыз – курс аясын әрі қарай дамыту. Біреуімен ғана шектелмей, бірнеше оқу орталығын ашсақ деп отырмыз. IT технологияға қызығушылығы бар балаларды тартып, осы саланы оқытатын үш маман дайындап жатырмыз. Біздің қалада 130 мектеп бар. Олардың әрқайсында кемі 2000 бала білім алады. Олардың ішінде физикаға қызығатын балалар өте көп. Көбісі эксперимент жасай алмай, токтан қорқады. Ал, біз оларды деталь бойынша көрсетеміз. Робототехникаларды дайындаудың ережелерін, ютубтағы «KAZSABAK» деп аталатын жеке каналымнан көре аласыздар. Үйренгісі келетіндерге жарнама ретінде түсіріп отырамын. Өзімде, камера, штатив, микрофон, петличка бар. Алдағы үлкен мақсатымыз – халықтың өнертабыстағы сауатын ашу. Бірден барып үлкен зат жасап оның бетіне қарап отыруға уақыт жоқ.

– Робототехника саласы туралы білімді қайдан алдыңыз?

– Біздің елімізде, бұл салаға арналған мамандық оқу жүйесіне енгізілмеген. Жоғарыда айтқандай жеке қызығушылығымның арқасында келдім. Ал жоғары оқу орнында басқа мамандық бойынша білім алдым. 2010-2014 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқыдым. 2014-2016 жылдары Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінде математикалық-компьютерлік модельдеу мамандығы бойынша магистрант атандым. Содан кейін, Бельгияның Брюссель қаласында программист мамандығын оқып келдім.

– Қазіргі таңда қандай жұмыспен айналысып жатырсыз?

– Қазіргі таңда, «Inolab» оқу орталығында оқытушылық қызметімен айналысып жүрмін. «Inolab» инвестициялық лабораториясы 2018 жылдың наурыз айында, робототехника саласын дамыту мақсатында ашылды. Оқу орталығын құрушы Алматы IT университетінде декан орынбасары қызметін атқарған Ермек Мамыраев. Мұнда мектеп оқушылары, сондай-ақ салаға қызығушылығы бар азаматтар келіп білім ала алады. Мектебімізде робототехника үш бағытта дамып келе жатыр. Біріншісі LEGO EV3 деп аталады. Бұл бағытта жас шамасы бесінші сынып оқушылары LEGO құрастырады. Дайын алгоритмдермен машина жүргізеді. Сосын Robotrek деген сала бар, ол 5-7 сынып оқушыларына арналған. Соңғысы – жетіден он бірінші сыныпқа дейінгі робототехниканың күрделі версиясы. Ол Arduino деп аталады. Дәл осы бағыт бойынша мамандар өте аз. Жақында, Назарбаев зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен «IT әлемінде» байқауы өтті. Жарыста шәкірттерімді көрдім. Олар қазір мен оқытып жатқан оқушылардың бәсекелестері. Сонымен қатар, «U:Hack» фестивалі өтті. Бұл жарыстың мақсаты – 24 сағатта идеяны прототипке айналдыру. Біздің «Inolab» оқыту орталығы үш жоба ұсынды. Олар – информациялық «Ino» роботы, ақылды жылыжай жүйесі және мүгедек жандарға арналған арба. Бізде уақыт шектеулі болды, алайда өз жобамыздың прототипін көрсеттік. Үшеуі де тың жоба. Сол себепті, ондағы орындардың барлығын біздің команда ұтып алды. Гран-приді «INO» роботы алды. Жарысқа IT саласы бойынша 50 команда қатысты. Көпшілік балалар жеңіл жасалынатын LEGO құрылғыларын алып келеді. Ал, мен өз оқушыларымды жарысқа дайындағанда салмақты дүниелерді жасатуға тырысамын. Біздің жасағанымыз жай ғана прототип. Алдағы уақытта өндіріске жаңалық ала келетін дүниені ойлап табу жоспарда бар.


Сұхбаттасқан Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ

"Рейтинг" газеті 

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Жаңалық ашу үшін барды қайталап көру керек