«Тасөткел» оралманның ғана тағдыры емес!

Көрлімі: 51

maxresdefault (1).jpg

ХХ ғасырдың 30-жылдары шет елге көшкен қазақтың ауыр тарихын көрсететін «Тасөткел» киносы өткен жылдың басында «Хабар» арнасынан берілді. Көп талқыға түскен жоқ. Екі айда түсірілген 12 бөлімнен тұратын сериал Кеңес өкіметін орнатамыз деген «қызылдардың» қазаққа көрсеткен озбырлығын анық беруімен өміршең болары сөзсіз. 

Кино Арал теңізінің жағасында бұйығы тіршілік кешкен қазақ ауылының көрінісін суреттеуден басталады. Басты рөлдегі Қалиасқардың қайынағасы Ескелдінің ауылын «қызылдар» отқа орап кетеді. Балаларын өлтіріп, көз алдында әйелін зорлап, өзін тұра алмастай етіп жарақаттайды. Бір атадан Жамал есімді қарындасы екеуі тірі қалады. Осыдан кейін басқа ағайындарын бастап Ауған жерінде көшеді. Бірақ, Ескелді Ауған жерінде ертіп барған ағайындарын қоныстандырған соң Аралда қалған Жамалды көруге келеді. Әрі отбасын ойрандаған қызыләскер Тоқтардан кегін алу керек. Осыларды еске түсіріп ызаға булығып келе жатқанда «қызылдардың» жазықсыз елдің талғажау етіп отырған бидайын тартып алғанын көріп, шыдай алмай араласып, үш солдаттан астықты шаруаларға алып береді. Екі солдатты өлтіріп, екі ортада іздеуге түседі.

 Ескелдінің күйеубаласы Қалиасқар намысқой, көзі ашық жігіт. Бірақ, заманның дегеніне көнген балықшы. Болыс әкесі оны кезінде Бұхарада оқытқан. Тыныш қана балығын аулап жүре берер ме еді, әйелқұмар Тоқтар өзенде етегін тізеден түріп, кір жуып отырған әйелін зорламақ болады. Осы кезде ауылды торуылдап жүрген Ескелді әйелдің даусын естіп, қарындасын құтқарады. Түрмеден алып шыққан Аралбай досы екеуі Тоқтардан кек алу үшін өкпесі суға толғанша тұншықтырады. Ескелді тау асып кездігін сайлап келгенде Тоқтарды сол жерде өлтірмегені күні ертең өз бауырларының, түбі өзінің де өліміне себепші болатынын ойламады. Өкімет адамы екенінен сескеніп қанын мойнына жүктегісі келмесе керек. Қолын байлап, аузын жапқанмен, құлағы ашық ол Аралбай мен Ескелдінің барлық жоспарын естіп жүреді. Екі өкпесін суға толтырып Тоқтарды өзенде тірі қалдырып кетеді. Тірі қанішер тыныш жата ма? Дереу ауданды көтеріп, артынан іздеуге шығады. Бұл кезде Ескелді, Аралбай, атқосшы інісі Қалиасқар, әйел-баласымен түн қатып жолға шығады. Бір шоқ жиденің түбінен жер қазып сол жерге баласының аяқ ізін қалдырып, әкесі  бетін қазанмен жабады. Бұл баланың «туған жерде ізі қалды күні ертең түбі келеді» деген ырымы болса керек. Көшіп бара жатқан төрт-бес қазақ қазанды көміп жатқанда туған елді қимай, бір сәт үнсіз тұрып қалатыны көрерменнің де жанын толқытып, көзіне жас үйіреді. Бағыты – белгісіз, жолы – тайғақ, заманы – тар. Туған жерді амалсыз тастап, қара түнде қайғы жұтып бара жатқан көштегі қиындықты осы бірнеше минуттық кадрмен-ақ әдемі көрсете білген. Қайғы мен түн кейде егіз ғой. Сондай-ақ жалғыз жиде... 

Өз тарихын кино арқылы тірілтуге келгенде актерлер жанын салғаны көрініп тұр. Әсіресе Ескелдінің бейнесіндегі актер Ғазиз Сұрапбаев елінен айырылып, іші кекке толған нағыз шерлі жігітті көрсете білген. Балаларын, әйелін бауырларын өлтірген қандықол Тоқтардың өзін өлтірмей кеткені оның болмысының қатал болғанмен қатігез еместігін байқатса керек. Тәжік еліне асатын Тасөткел құзынан жаралы күйеубаласы мен қарындасын, үш атты бір арқанға тізіп байлап өтетін жері ше?! Көрермен болсақ та, демімізді тартып, құздан олар емес, өзіміз құлап кетердей болғанбыз. Сонда жаралы Қалиасқар әбден шаршап, аяғы тайып кететін тұсы бар. Барлығы бір арқанға байлаулы болғандықтан, біреуі тайса бәрі құлайтынын ойлаған Қалиасқар арқанды кесіп жібермек болады. Мұнысына ашуланған Ескелді «Тірі адам күресу керек! Күреспесең қал осында!» деп ызалана қарап, қарындасы мен жиенін алып кетеді. Отыз бір жасар актер Дархан Сүлейменов осы жағдайдың бәрін басынан өткізгендей көрсетеді. Қалиасқар жиырма бестің ішіндегі жігіт. Бірақ, заманы басқа. Адамның ішкі қайғысын сыртқы әрекетінен көрсете білуі актердің осал еместігін байқатса керек. 

Құздан өткен соң тәжік еліндегі шопанның лашығына келеді. Осы жерде қойшының лашығы жасанды көрінді. Әрине, барлық жерден шынайылық талап етуге хақымыз жоқ. Десе де, көрерменге сенімді болу үшін қойшының лашығының айналасын тұтас жауып, бұрыннан тұратын мекені ретінде көрсетуі керек пе еді.  Жалпы, арасында көңілің сенбейтін осындай жасанды сюжеттері байқалады. Бірақ, кинодағы әсерлі тұстары кемшіліктерді білдіртпей жіберетіндей. Аз уақыта түсірілгендіктен, кейбір істе тиянақтылықтың жетіспегені аңғарылады. Арттарынан қуып келген «қызылдар» тәжік тауларынан таппағанмен, Ауған базарынан Ескелдіні туыстарымен көріп, қоршап алады. Сол жерде солдаттың оғынан Жамал мерт болып, Қалиасқар Сібірге жер аударылады. Ескелді бес жасар Қасыммен қашқанмен, ақшасына көз сүзген ауған қарақшыларының қолынан айдалада пышақталып өледі. Сонда Ескелдінің «тау асып, тас басып, өзен кешіп жүргендегі мақсатымыз – осы ұрпақты сақтау» деген әдемі сөзі бар. Аман қалған бес жасар Қасым алғаш көше балаларымен жүрсе, есейе келе біресе қыш құйып, отын теріп күнін көреді. Жасы оннан асқанда баласы өлген Омар ұстазға ұл болады. Әрі сабағын оқып, әрі қолөнерді үйренеді. Білімі мен шеберлігінің арқасында осы елдегі генералдың көзіне түсіп, сенімді адамына айналады. Бірақ, сол кездегі елдегі саяси тұрақсыздықтан генералға қастандық жасалып, бас кейіпкер Түркияға қоныс аударады. Стамбулға барған соң, қолөнерінің арқасында тері цехын ашып, сырт киімдер тігіп, біраз жылда ауқатты кәсіпкерге айналады. Есейген Қасым өзінің кім екенін білмей, ұнатқан қызының шешесінен «тексіз, қаңғыған біреу» деген сөздер есіткен соң түбін іздеп, өзінің қазақ екенін анықтайды. Жасы алпыстан асқанда туған елге оралады. 

Режиссер кинода Арал теңізіндегі «Барсакелмеске» тәжірибе жасамаққа жалғыз кетіп, екі тәулік тұрып түнде қатты шошынып, жынданып кеткен орыс ғалымының баянсыз тірлігін көрсеткен. Артынан тағы екеуі келіп, балыққа тәжірибе жасағаны, қойға, одан соң екі балаға да жасамақшы болғанын балықшылар сезіп қойып, шу шығарып, орыс ғалымдарын қуып жібереді.  Киноны бір көргеннен қабылдау жеңіл емес. Қалиасқардың Сібірде қарағай кесіп қор болған тірлігі, Жамал мен ағасының өлімі, қашып жүрген батыр Аралбай мен қызыләскер інісі Таған екеуінің қақтығысып қалуы, яғни, осы аралықта қаншама адамның жазықсыз қызылдар қолынан қаза болуы сынды ауыр кадрлары көп. Трагедияға толы өз тарихыңды қабылдау қиын. Тау арасында ұсталған ағасын көргенмен «қызылдар» жағындағы Таған туған бауырына қару кезене алмайды. Бірақ, екеуі де оққа ұшады. Тағы бір сенімсіз көрінер тұсы – актерлердің аздығы. Эпизодтық рөлдегі бір актер Арал теңізінің балықшысы болып жүрсе, екінші эпизодта Ауғанда қарақшының рөлін сомдайды. 

 Фильмнің продюсері Мұрат Бидосов баспасөзге берген сұхбатында: «Бұл өмірде болған оқиға. Қасымның прототипі бар. Фильмнің негізгі мақсаты – тағдырдың жазуымен атажұрттан алыстап, қилы тағдыр кешкен ағайындардың отанға деген ыстық ықыласын көрсету болса, енді бір жағынан халқымыздың басынан кешкен тағдырын суреттеу арқылы бүгінгі Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін ұғындыру. «Тасөткел» атауының өзі, қарап отырсаңыз, бұралаң жол басып, қиын-қиын өткелдерді бағындырған адам тағдырын дәлме-дәл аша түсетін атау»,- депті. Алайда Алмас Ахметбекұлы деген азамат фейсбук әлеуметтік желісінде  «Шығармашыл топтың өзінше ізденістеріне қарамастан уақиға желісіндегі қисынсыз тұстар көңіл айнытады. Мәселен, астаудай шұқырға балшық илеп, бес-алты сұрықсыз кесек құйған Қасымға бір уыс ақша төленіп жатыр. Кiрпiш кұйған кiciнiң Омар ұста кигізген киімі де сол беті тап-таза жүр. Арал бойындағы чекистер 30 жылдарды көрсеткенде 70-80 жылдардағы жартылай цифрлы телефонды қолданады. Айтайын дегеніміз ол емес, сериал аяқталып жатқанда ән басталады:

«Тағдыр бізді адастырды мұнар күз,

Әлі талай тасөткелді бұзармыз».

Тасөткелді неге бұзады? Фильмнің аты – «Тасөткел». «Өткел» – қасиетті ұғым. Ол өзеннің көпірсіз өтетін тұстары. Әдетте өзеннің жайылыңқырап, таязданып, тасы көрініп жататын тұсы. Кейде жаяу адамдарға арналған тастан-тасқа секіріп, аттап өтетін тұстарды «Тасөткел» дейді. Оны неге бұзамыз? Оны бұзу көпірді бұзумен тең ғой. Бұл жерде автор Тасөткелді «Тасқамал» деп түсінетін сияқты. Осының бәрін біліп тұрып немкетті қарасақ, тіл не болады? Теларна не болады?!» деген пікірін желі қолданушылары да қолдаған. Бәлкім, «Тасөткелдің» режиссердің ойлағанындай  басқа мағынасы да бар болар... 

25 жыл Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары болған жазушы Сұлтанәлі Балғабаев: «1993-1995 жылдары Түркияға барып, Аралдың бойы¬нда өскен  ағайындардың 300 үйін көшіріп әкелген едік. Олар Қызылордадан шығып Ауған асып, соғыс басталғаннан кейін Түркияға өткен. Сондықтан осы жағдайды білетін адам ретінде айтарым, жоба өте дұрыс қолға алынған. Жас буын тақырыпты жақсы игерген»,- депті. Режисcері Бақытжан Санитастың айтуынша трюктерды актерлердің өздері жасаған.  Жардан құлап, суға да түскен. Суықта далада қалып жаураған. Сондай-ақ, Мұрат Бидосовтың «30-40-50 жылдардағы сюжет, яғни декорация Қазақстанда жоқ. Соның бәрін қолдан салу керек болды. Телевизияның бюджетін біле отырып, ондай дүниені қолға алғанымыз ерлік»,- дегені де кино түсіруде аз қиындық болмағанын байқатады. Бірақ, оның ерлік не ерлік емесін көрермен ажыратады...   

Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ, "Рейтинг" газеті  


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: «Тасөткел» оралманның ғана тағдыры емес!