Нұрғазы Бұхарбаев: Әбдірахымовқа келгенде бір жерге бомба екі рет түсті

Көрлімі: 2234

5a95250f791c5.jpg

-Нұрғазы Бақтыбайұлы, әңгімені күннің басты тәртібінде тұрған жаңалықтан бастасақ. Осы аптада Шымкент қалалық мәслихаты Сенатқа баратын екі депутатты сайлайды. Кандидаттардың арасында Дархан Сатыбалды мен Нұрлан Бекназаров мәслихат арқылы ұсынылды.   Бірі бұрын қаланың әкімі болған, бірі қазіргі уақытта мәслихаттың хатшысы. Сайлаудың тағдыры қазірдің өзінде шешіліп қойылған сияқты...

-Осындай мағынадағы мақалаларды сіздердің басылымдарыңыздан, сайттардан бұған дейін де оқыдым. Бұған таң қалатын ештеңе жоқ. Бекназаров пен Сатыбалдының кандидатураларын сайлауға Шымкент қалалық мәслихатының ұсынғанын өзіңіз айттыңыз. Осының өзінен көп жәйт түсінікті ғой деп ойлаймын. Бірақ Сенат сайлауында депутаттар дауысты ашық емес, жабық түрде береді. Кабинканың ішінде таңдаушы кімге дауыс беремін десе де өз еркі. Сондықтан жағдай кез-келген уақытта өзгеріп кетуі мүмкін. Бәрін бір Алла біледі.   

-Сенат сайлауымен қоса, «мәслихатта келесі хатшы кім болады» қызу талқыланып жатыр...

-Бұл сайлауда Бекназаровтың бағы жана ма жоқ, ол жағы әлі шешілген жоқ. Ол әлі жұмыс істеп жатыр. Ал қызметтен әлі кетпеген адамның орнына таласып, адам ұсынып жатқанымыз жарамайды. Сондықтан депутаттар өзара ақылдасып бұл мәселені сайлау бітіп, бәрі нақты шешілгенше талқыламаймыз деген келісімге келгенбіз. Бекназаров өзіміздің әріптес. Ұят болады. 

-Келешекте  мәслихат сайлаулары да партиялық тізіммен өтеді деген заң жобасы қабылданып жатыр.  Бұған дейін халық қалаулылары белгілі бір округтің депутаты болып, сол округтегі халықтың мұңын мұңдап, жоғын түгендеп жүретін. Енді мәслихаттағы депутат та мәжілістегідей жалпылама болмақ. Мұндай өзгеріс қаншалықты жемісті болады? 

-Сондай жаңалықтың болатынын естіп жатырмыз. Бірақ әлі заңға өзгеріс енгізілген жоқ. Оның қандай болатынынан хабарсызбыз. Заңның жобасымен таныспадық. Егер депутат тізім бойынша сайланса, ол қандай жүйе бойынша жүзеге асырылады? Әзірге бәрі ауызша, жалпылама айтылып жатыр. Көрмеген соң, көз жеткізбеген соң бірдеңе деу қиын.  

-Сонда заңның жобасын дайындаушылар алдарыңызға келіп «сіздерге қатысты заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз, пікірлеріңді білейік» деген жоқ па?

-Жоқ. Өзіңіз білесіз, бізде заңның жобасын қабылдайтын Парламент.   Заң жобасын талқылау, пікір білдіру құқығымызды сол Парламентке бергенбіз.

-Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өте іскер, нағыз заманауи әкім деген сөздер көп айтылады. Мұнымен біреу келіседі, біреу келіспейді. Сіз қай пікірді дұрыс деп есептейсіз?

-Әбдірахымовтың іскер екендігіне күмәнім жоқ. Өзіңіз қараңыз, Шымкенттің тарихында 15 шақты әкім бар. Соның ішінде екі азамат ғана қалаға екі қайтара әкім болыпты. Оның біріншісі, Анарбек Орман жергілікті жерден шыққан кадр. Бұрын облыста әкімнің  орынбасары лауазымын атқарған, қалалық мекемелерді басқарған. Ал екі рет әкім болған Әбдірахымов қызметке Астанадан келді. Бұл Әбдірахымовқа Елбасының өте қатты сенім білдіргенін көрсетеді.

Әбдірахымовтың өмірбаянына үңіліп көріңіз. Шымкентке келгенге дейін жоғары лауазымды қызметтерді атқарды. Премьер-министрдің кеңсесінде, Президент әкімшілігінде істеген. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде басшылық лауазымдарды атқарған. Бұған дейінгі әкімдерде мұндай тәжірибе болмаған.  «Бомба бір жерге екі рет түспейді» деген мәтел бар. Әбдірахымовқа келгенде бомба бір жерге екі рет түсті. 

-Олай болса, Әбдірахымовтың былтыр қазанда қызметінен ойда-жоқта босатылуын немен түсіндіруге болады?

-Әбдірахымов «мен Елбасының сарбазымын, қайда жіберсе, сонда барамын» дегенді айтты. Менің естігенім, ол  өз еркімен кеткен жоқ. Оның қызметтік тағдырын бір адам ғана шешті. 

Партия төрағасы оны Астанаға, «НұрОтанға» шақырып алды. Кейін қайтадан Шымкенттің әкімі етіп ұсынды, кандидатураны қалалық мәслихат бекітті. Неге олай істеді? Біздің Елбасының шешімін талқылауға құқығымыз жоқ.  

-«Рейтинг» газетіне осыдан 3-4 жыл бұрын берген сұхбатыңызда «егер қайтыс болған жағдайда ішкі ағзаларымды донор ретінде беру жөніндегі шешімді отбасымызбен қабылдап қойғанбыз» деген едіңіз. Осы шешіміңіз әлі күшінде ме?

-Осыны менен жыл сайын келіп сұрайтындар бар. Иә, бұған дейін айтқандарымның бәрі әлі күшінде. Мен айтқандарымнан тайқымаймын. Мұндағы ойым қоғамға серпін беру. Біреудің қайғысына бейжай қарамауға, оған бүкіл қоғам болып көмектесуге шақыру. Жақында «Жеті өмір» деген фильм көрдім. Осы фильмнің басты кейіпкері жазылмас дертке шалдығады. Өмірден үміті үзілген соң бауырын, бүйрегін, жүрегін басқа да мүшелерін мұқтаждарға сыйлайды. Тіпті өлгенен кейін үйін де кедейлерге береді. Ол өлді, бірақ артында нағыз адамгершіліктің үлгісін қалдырып кетті. Күніне қаншама адам жол апатына, басқа да себептермен қыршын болады. Топырақтан жаралған ет пен сүйек топыраққа кетіп жатыр.  Солардың ішкі ағзаларын мұқтаж науқастарға берсе, қаншама сауап. Мәселен бізде бүйрек алмастыруға зәру мыңдаған науқас бар екен. Олар жарық дүниеден үміттерін үзбей,  өмір мен өлімнің арасында жүріп донор күтіп отыр ғой. Кейбіреулер маған «өлгеннен кейін ішкі ағзаларыңды сатып бересің бе?» деп сұрайды. Жоқ, мен сатпаймын.  Бірақ мұның бәрі арнайы ережемен, заңмен жүзеге асуы тиіс деп есептеймін. Жалпы менің 120 жыл өмір сүрсем деген жоспарым бар. Бірақ айтқаным айтқан, өз шешімімнен қайтпаймын.  

Кейбіреулер ішкі ағзаны біреуге беру дінге қайшы дегенді алға тартады. Кез-келген дін адамның өмірін бәрінен жоғары қояды. Исламда «бір адамды құтқару, бүкіл адамзатты құтқарумен бірдей» деген сөз бар. 

-Жоғарыда «120 жыл өмір сүрсем деген жоспарым бар» дедіңіз? Бұл жоспарыңызды жүзеге асыру үшін не істеп жатырсыз? 

-Спортпен шүғылданамын. Темекі шекпеймін. Күнде таңертең жүгіремін. Фитнеске барамын, тамақты көп ішпеймін, ретімен ұйықтаймын. Жүйкемді сақтаймын. «120 жас өмір сүруім қажет» дегенді миыма құйып қойғанмын. Ауруханаға барып, денсаулығымды тексертіп тұрамын. Екі-үш ай сайын қан тапсыруды әдетке айналдырғанмын. Былтыр дәрігерлерге тексерілгенімде «жүрегіңіз 150 жылға жарайды» дегенді айтты. Әр адам ұзақ өмір сүремін деген мақсат қоюы тиіс. Сонда бүкіл ағзаның күш-қуаты да соған ұмтылады. «Зейнет жасына жетсем болды, арғы жағын Алла біледі десеңіз» ағзаңыз да алдағы жоспарды соған сәйкес құрады.

-Сіздің ойыңызша, қазір  Шымкенттегі ең басты проблемасы не?

-Проблема деген ешқашан бітпейді ғой. Біздің ең басты проблемамыз мәдениетке байланысты. Жастарды оқу орындарында оқытамыз. Бірақ баланың білімі жоғарылағанымен, мәдениеті жоғарыламай тұр. Мәдениетті адам сыпайы, кешірімді болады. Ұрыспайды, ешкіммен соттаспайды. Ал қоғамдағы қазіргі келеңсіздіктің бәрі мәдениеттің төмендігінен. Мәселен қазір Шымкенттің көшелеріне жол ережесін автоматты түрде тіркейтін «Сергек» деп аталатын қондырғы қойып жатыр. Не үшін? Себебі адамдардың мәдениеті аз,  ереже, тәртіп бұзуға бейім. Мәдениет жоғары болса, мемлекеттер өзара қырқысып, бір-біріне санкция салмас еді.

-Сіз басшылық ететін зообақта соңғы жылдары жаңарып, көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Қалай ойлайсыз, күндердің күнінде зообақ өз-өзін қаржыландыра алатындай дәрежеге жетуі мүмкін бе?

-Мүмкін. Еуропа елдерінде ақтағаны былай тұрсын, өте көп ақша түсіріп жатыр. Өйткені онда аңдарға, табиғатқа деген көзқарас басқаша. Мәселен Австриядағы Вена зообағына кіру 17 жарым евро. Жай күннің өзінде 30 мың адам келеді. Бұл дегеніңіз күніне 500 мың, айына 15 миллион евро. 15 миллион евро бір зообақ салуға жететін қаржы. Ал біздің тапқан табысымыз аңдардың тамағы мен жалақыға бірде жетсе, бірде жетпейді. Қазір зообақты жақсарту үшін жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Мүлдем басқаша кейіпте, дамыған елдердің тәжірибесімен дамытсақ деп жатырмыз. Мен осында басшылыққа келгелі үш жарым жылдың ішінде аң түрлері 80-ге көбейді. Көп аңдар бұрын-соңды бұл зообақта болмаған. Мекемедегі жалпы хайуанаттардың түрі 248-ге жетті. 

-Сіз мәслихаттың неше шақырылымында депутат болдыңыз?

-Үш шақырылымында. 

-Қалай ойлайсыз? Жалпы жұрт депутаттыққа не үшін барады? Сіз нендей мақсат қойдыңыз?

-Менің ұғымымда депутат деген нағыз халықтың адамы. Өте белсенді, елдің қамын ойлайтын, мәселені шешетін тұлға болуы тиіс. Мен де қоғамдық істермен айналысқым келді. Оған білім де, тәжірибем де жетеді. Менде бұдан басқа бөтен ой болған жоқ.

-Ал әріптестеріңіздің арасында бөтен оймен келгендер бар ма?

-Бес саусақ бірдей емес. Мен әріптестерім туралы ештеңе айта алмаймын. 

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бақытжан Әбдірашұлы 

"Рейтинг" газеті