Ұлы композитор ауылы жаңаша кейіпке енеді

Көрлімі: 129

Screenshot_2.jpg

Аты алты алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы композитор, 

Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы заманның қазақ эстрадасының негізін қалаушы, Қазақстанның халық әртісі, Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының Құрметті азаматының дүниеге келген күні қарсаңында өз есімімен аталатын  Шәмші Қалдаяқов ауылында қызу жұмыстар басталып кетті.

Мемлекеттік гимн авторы, қазақ вальсінің королі -Шәмші Қалдаяқов ауылындағы Мәдениет үйі жанынан жаңа саябақ бой көтеруде. Мұнда Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші, өнерпаздар үшін  ашық аспан астындағы сахна және демалушыларға арналған аяқ жолдар мен орындықтар салынады. 

Сондай-ақ Әділет, Ш.Ерманов, Азаттық көшелерінде де аяқ жол салынып, жарықтандыру жұмыстары жүруде.

Қазіргі таңда күллі отырарлықтарды ақжолтай қуанышқа бөлеген көгілдір отынмен қамту аясындағы қарқынды бастамалар Ән аға ауылына да жетті. Жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, газ құбырларын тарту ісі  атқарылуда. 

"Ауылдың мәдени келбеті мен көркін, абаттандыру ісін жандандыру Отырар ауданы әкімдігі күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Себебі, ұлы тұлға есімімен аталатын елдімекеннен туған топырақта түлеген Алаш ұлының, барша қазақ баласы мақтан тұтқан даңқты композитордың бейнесі, рухы, жан дүниесі, тарихи ізі сезілуі тиіс. Сонымен қатар, көгілдір отынмен қамту мәселесі Отырар өңірі үшін өте маңызды. Бірқатар ауылдарда, соның ішінде Шәмші ауылында газ құбырларын тарту жұмысы жүруде. Алдағы уақытта бірнеше ауыл көгілдір отынға қол жеткізетін болады",-дейді Отырар ауданының әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы.

Ән нотасымен есімі мәңгі халық жүрегінде әуендей қалықтаған Шәмші Қалдаяқовтың туған күнін ауылдың жаңаша кейпі, оң өзгерісімен тойлайтынына ауыл тұрғындары да қуанышты.

Себебі, жыл бұрын аудан әкімінің халық алдындағы кезекті есеп беру кездесуінде тарихи ауыл келбетін жандандыру жөнінде ауыл тұрғындары ұсыныстарын жеткізген болатын. 

Құрылыс жұмыстарына оң ықыласын білдірген халық жұмыла қолғабыс етуге де әзір екендіктерін айтады. Жаңаша қарбалас, тың өзгеріске қуанған тұрғындар мұндағы жұмыстар аяқталған сәттен бастап вальс королінің есімін ұлықтайтын концерттер мен түрлі жиындардың басым бөлігі Шәмші ауылында да көптеп ұйымдастырылатынына сенімді.


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Ұлы композитор ауылы жаңаша кейіпке енеді