Қазақ иллюзионисінің ерекше қабілеті талайды таңқалдырды

Көрлімі: 104

btt_43813.jpg

Жер бетінде сиқыр өнері қанша ғасыр өмір сүрсе, ол сонша ғасыр бойы адамдарды таңғалдырумен, тамсандырумен келеді. Сиқырдың сырын білу, оның жұмбақ тұстарына бойлау қарапайым халық үшін әрі қызық, әрі құпиясы ашылмайтын тылсым дүниедей әсер береді.  Сиқыр өнерінің құпиясын ашуға қаншама адам бас қатырып, талпынды десеңізші. Әйтсе де  сиқырдың сырын іздемеңіздер. Себебі сиқыр сиқыр болып қалуы керек. Оның өзге өнер атаулыға  ұқсамауының да себебі осы.

      Менің кейіпкерім - Жеңіс Айтжанов, өзінің айтуынша, бұл өнерге жеті жасынан бастап қызыға бастаған.  Әлем таныған иллюзионист Девид Коперфильдтің шоулары оны ерекше жанрға жетеледі. Жеңіс жәй ғана сиқыршы емес, ол рекордсмен. Иллюзионист Гиннестің рекордтар кітабына екі рет енген тұңғыш қазақ жігіті. Жұртты таңқалдырғаны оның саусақтарының ептілігі. Осыдан екі жыл бұрын ол қол саусақтарымен бір тиынды тоқтаусыз 55 секунд ішінде 55 рет айналдырып еді. Жуырда төрт тиынды қол саусақтарының арасында 14 рет  60 секунд ішінде шыр айналдырып, Гиннестің рекордтар кітабы төрінен бір-ақ шықты. «Екінші рекорд «көбелек» деп аталады. 1 минутта 4 тиынды ашып-жауып 14 рет жасадым. Бұл өнер әрі спорт. Мен осылайша сиқыршыларға аса қажет саусақ ептілігін арттырамын»,- дейді ол. Бұндай әдісті әлемнің мықты деген иллюзионистері қайталай алмай отыр. Жеңіс енді үшінші рекордына дайындалып жүр. Ол кезде тиынды қос қолымен айналдырмақ ниетте.

9EP-s7TTe6Y.jpg

     Қазақстанда тұңғыш «Сиқыршылар клубының» негізін қалаған Жеңістің сегіз қыры мұнымен бітпейді. Қазір талантты жігіт адамның ақылына қонбайтын трюктерді жасап жүр. Шыны бөтелкенің ернеуіне бір ғана саусақ сыяды. Ал оның ішіне бөтелкені бүлдірмей, сындырмай, қолдың көмегінсіз алма, құлып, колода картасы секілді үлкен заттарды салу мүмкін бе? Әрине, бұл ертегі дерсіз. Бірақ Айтжанов мұны да істеді. «Америкада Гарри Энг деген фокусшы бар. Ол кезінде математика пәнінің мұғалімі болған екен. Сабақты әртүрлі фокустар арқылы түсіндіруді ұнатқан. Ғаламторда Энгтың жұмыстарын көріп қатты таңқалдым. Қызықтым. Мүмкін емес нәрсені қалай жасағаны туралы ұзақ ойландым. Жауабын іздедім және таптым. Алғашқы кезде қаншама бөтелке сынды, эксперименттерім сәтсіз болды. Алайда адам алдына мақсат қойса бәріне де қол жеткізе алады. Бір жарым жыл ішінде мен 25 бөтелкенің ішіне зат салдым. Жалпы басқатырғыш екіге бөлінеді. Біріншісі механикалық әдіс. Ол  қолмен жасалады. Яғни затты бұрау, сындыру, айналдыру деген секілді Екіншісі механикалық емес. Ол тек ойдың көмегімен жасалатын сиқыр. Сол секілді мен бөтелкеге затты қолмен емес оймен саламын. Ең қиыны кубикубик болды. Адамдар мұны көргенде қатты таңырқады. «Сен бөтелкені алдын-ала қыздырып қойғансың немесе білдіртпей сындырғансың»  деп сенімсіздік танытқандар  да табылды. Бұл сиқыр, сондықтан да жұмбақ болып қалуы керек», - дейді ол.  Елімізде бұл сиқырды әзірге ешкім жасап көрмеген. Тіпті мықты иллюзионистердің өздері Жеңістен мұның құпиясын айтуды өтінген екен. «Қиын трюкті орындау сенің бар энергияңды алып қоятын шығар деген сұрағымызға сиқыршы – Жоқ, тек біршама уақытты алады. Бұл әдісті жасау үшін адамға үлкен шыдамдылық пен сабыр керек. Мысалы мен бір бөтелкеге бір жыл дегенде зат салдым. Алдағы уақытта шыны ыдыстың ішіне телефон мен лампа салуды ойлап жүрмін»,- деп жауап берді.   

   Ғажайыпқа сенген Жеңіс әйгілі иллюзионист Джимми Бранунның батасын алған бақытты жан.  «Екінші курс оқып жүргенімде АҚШ-қа тәжірибе жинау бағдарламасымен барған болатынмын. Шетелге барғасын кәдесыйлар сататын дүкенге сатушы болып орналастым. Бірақ бар ойым жергілікті сиқыршылармен кездесу болатын. Сөйтіп ғаламторды ақтарып отырып сол кезде атағы дүркіреп тұрған фокусник Джимми Браунның Нью-Йоркте әр жазда «Ғажайып орман» паркінде өнер көрсететін білдім. Велосипедке мініп әлгі саябаққа бардым. Браунның шоуына кіру құны 20 доллар еді. Джиммимен кездесуім керек дегесін мені тегін кіргізді. Шоуды тамашалап отырып сиқыршының кейбір әдістерін қағазға түртіп отырдым. Сонда сиқыршының басты құпиясы қандай фокус көрсеткенінде емес оны қалай көрсететінінде екенін ұқтым. Бағдарламадан кейін мен онымен таныстым. Ол мені алғаш рет көріп тұрса да бірге тамақтануға шақырды. Сол күннен бастап ұстазыммен тығыз араласа бастадым. Ол менің атам секілді болып кетті»,- дейді сол күндерден сыр шерткен сұхбатшы.  Жеңістің өзге сиқыршылардан артықшылығы ептілігімен қоса әр адамның психикасын өзгелерден артық әрі жылдам түсіне білуі. Оның ұялы телефонның жасырын кодын, адамдардың жақын туыстарының есімін, сол сәтте адамның не ойлап тұрғанын оп-оңай табатын да қыры бар. 

0aOy-1RuTtw.jpg

     Айтпақшы, егер Алматының арбатынан өтіп бара жатқан болсаңыз онда «Magic coffee» кофеханасына соға кетіңіз. Соңғы кездері бизнесін дөңгелетіп отырған экс экономист Айтжанов кофеханаға өз туындылары мен сертификаттарын іліп қойған. Айтуынша мекеме қала тұрғындары мен қонақтарына сиқыр әлеміне сапар шегуге мүмкіндік береді. «Тұрғындар мен туристер тамашаласын деп кофехана ішіне әлгі бөтелкелер мен өзге де заттарымды қойдым. Кітап сөресін жасап осы салаға қатысты оқулықтарды жайғастырдым.  Кішігірім мұражай деуге болады. Кейде өзім болсам қонақтарға сиқыр көрсетіп беремін. Адамдарға жақсы атмосфера сыйлайтын орын арқылы жерлестерімізді осы өнерге қызықтырғым келеді»,- дейді ол.

     Кейде бәріміздің жоқтан барды, бардан жоқты жасайтын сиқыршы болғымыз келіп кетеді-ақ. Жеңістің айтуынша кейде сиқырды шынайы өмірде қолдануға тура келеді дейді. «Жол бойында көлігіммен келе жатқанмын. Кенет жол полициясы тоқтатып, ереже бұзғанымды айтты. Өрескел қателік жасамағанымды дәлелдеуге тырыстым. Бірақ полиция көнер емес. Сосын өзімді таныстырып, сол жерде бір-екі сиқыр көрсетіп бердім. Той жасай қалса қуанышына ортақтасатынымды айттым. Менің өнеріме риза болған ол құжаттарымды қайтарып берді. Алайда мұндай жағдай өте сирек болады»,- дейді.

    Жас талант иесі осыдан үш жыл бұрын «Рейтинг» газетіне берген сұхбатында магия жайлы кітап жазуды жоспарлап жүргенін айтқан еді. Биыл кітапты жазып бітірген көрінеді. «Иллюзия, магия, фокус туралы қазақ тілінде бірде-бір кітап жоқ. Өз басым орыс, ағылшын тіліндегі оқулықтардан білімімді шыңдадым. Сондықтан осы салаға қызығатын жастарға ана тіліміздегі «Тұңғыш сиқыр» кітабын  ұсынғым келеді. Онда менің сиқыр өнерін қалай меңгергенім, құпияға толы мамандықты қалай игеруге болатындығын оқуға мүмкіндік бар. Қазір ол беттеліп жатыр. Әзірге қанша дана болып шығатыны белгісіз. Кітап басып шығару үлкен қаражатты талап ететіндіктен таралымы жағынан кішкене қаржылық қиындықтар болып тұр», - деген ол демеуші іздеп жүргенін жеткізді.     

    Өнер  шекара таңдамайтынын дәлелдеген Жеңіс Қазақстанның түкпір-түкпірін айтпағанда Киев, Мәскеу, Лейк-Джордж, Нью-Йорк, Париж, Амстердам, Анкоридж секілді ірі қалалардың сахнасын бағындырып үлгерді. Қай жерде өнер көрсетпесін ол өз елі, ұлты жайлы жақсы әсер қалдырып жүр. Отанымызда кенжелеп қалған иллюзия жанрының қалыптасқан шеңберін бұзып шыққан еліміздегі алғашқы сиқыршының алға қойған жоспар-мақсаттары көп.

    Шетелде сиқыр өнері жоғары бағаланады. Өкінішке қарай Қазақстанда бұл сала әлі де болса өз орнын таппай жүргені шындық. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін таңданыс тудыратын саланың елімізде ертелі-кеш өркендейтініне сенім білдірген кейіпкеріміздің алар асуы көп болсын тілейміз. 

 

 

                                                                                                                                                                           А.АСАНҚЫЗЫ

 

 

 

 


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Қазақ иллюзионисінің ерекше қабілеті талайды таңқалдырды