Сарыағашта диқандар межеленген жоспардан артық өнім алды

Көрлімі: 14

Screenshot_1.jpg

Халықтың әл-ауқаты айқындалып, мәртебесі артатын кез – күзгі жиын-терім маусымы. Бұл кезде шаруалар жыл бойы төккен терінің, бейнетінің зейнетін көреді. Олар еккен егіндерін, жеміс-жидек, көкөністерін жинап, тиісті жерлерге өткізеді. Биыл да Түркістан облысының диқандары мол өнімге кенелді. 

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданындағы сапары барысында ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арналған «Алтын күз–2018» мерекелік шарасына қатысты. Биыл сарыағаштық диқандар мол өнім жинады. Межеленген жоспар артығымен орындалып, 60 миллиард теңгенің өнімі алынған. Өз кезегінде облыс басшысы жергілікті шаруаларды айтулы мерекемен құттықтады.

– Елі тату, жері берекелі Сарыағашта көптеген жұмыстар жасалуда. Республикадағы жылыжайлардың 50 пайыздан астамы осы өңірге тиесілі. Биылғы жылдың өзінде 61 842 гектар жерге егіс егіліп отыр. Дейтұрғанмен, жыл сайын егіс көлемін, өнім көрсеткішін арттыра түсуіміз керек. Жалпы, бұл ретте, Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Сондықтан бүкіл Сарыағаш халқына, өңірдің шаруаларына үлкен алғысымды білдіремін, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, мерекеде ауыл шаруашылығы өнімдерінен жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда қой еті мен сүт өнімдері, көкөністер арзандатылған бағада сатылды. Сонымен қатар, жыл қорытындысы бойынша үздік көрсеткіштерге қол жеткізген құрылымдар мен еңбек озаттары марапатталды.

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Сарыағашта диқандар межеленген жоспардан артық өнім алды