Мақтааралда ұлттық спорт ұлықталды

Көрлімі: 110

Screenshot_28.jpg

Жақында Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында дүбірлі көкпар болып өтті. Ауданның 90 жылдығына бағышталған көкпарда алғашқы салым 90 мың теңгеден бастау алып, әр салым сайын өсіп отырды. Бұл жөнінде аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Мерейтойды 3 күн бойы атап өткен мақтааралдықтар ұлттық ойынды жаңғыртты.Сайысқа ҚР Көкпар федерациясының президенті Мұхтархан Ділдәбеков арнайы қатысты. Жиынды ашқан аудан әкімі Б.Асанов:

– 3 күннен бері атап өтіп жатқан мерейтойымыздың ашылу салтанатына облыс басшысы Ж.Түймебаевтың өзі қатысып, мақтааралдықтарға деген ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ, алыс-жақын жерлерден бізден түлеп ұшқан атақты түлектер қонаққа келіп, көршіміз Өзбекстаннан бір топ делегация шақырылды. Бірінші күн аудан орталығы Мырзакент кентінде, екінші күн атамекеніміз Атакент кентінде ондаған іс-шаралар өтті. Міне, бүгін үшінші күн дүбірлі тойымызды жалғастырып, шартарапқа жар салып, көкпар өткізудеміз. Көкпар – қазақтың қанына сіңген өнер! –  деді.

Ал, Мұхтархан Ділдәбеков:

– Мақтааралдың топырағына аунап, нанын жеп, суын ішкен ұлдарыңның бірі менмін. Еңбекпен ерін ерте есейтіп, додаға түссе алдына жан салмайтын небір мықтыларды тәрбиелеген мақталы өлке – киелі мекеніміз. Баршаңызды мерейтоймен құттықтаймын, –  деп көкпаршыларға сәттілік тіледі.

Әлемдік деңгейде мойындалған қазақтың көкпар ойынына жиналған елдің де қарасы қалың болды. Көкпар соңында салым салған шабандоздармен қатар ойын барысында ептілігімен көзге түсіп, көпшіліктің ықыласына бөленген құрыш білекті жігіттер, бабы мен бағы қатар шапқан сәйгүлік аттар да ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы номинацияларға ие болды.

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Мақтааралда ұлттық спорт ұлықталды