Өрісті Өтүкен, киелі Керулен

Көрлімі: 104

Өрісті Өтүкен, киелі Керулен

Моңғолия экспедициясынан түйген ой

1535510825_article_b_1500_.jpeg 

Жеткенін бағамдап, барын бағалаған қашанда жүрісінен жаңылмайды. Бұрынғылардың өнегелі істерін бағамдай білген жұрт болашаққа батыл қадам жасай алады. Тарихтан тағылым алғандар ғана өз тағдырын айқындай біледі. Сондықтан тарихты ұлт санасында сақталған ел мұратының жасампаз жылнамасы деуге болатын шығар.

Ұлы Даланың ұшы-қиыр­сыз атырабында ұлы мемлекет­тер құрған бабалардың мемле­кет­шілдік санасының қалып­та­суында құтты қоныстардың рө­лі айрықша болғаны белгілі. Көк­тің құты қонған, жаһанның жартысына әмірін жүргізген құ­діретті қағандар қарашасына бере­келі мекен, жайлы қоныс ізде­ген кезде Жерұйық-Жиде­лі­байсын аңсарын алдыңғы қа­тарға шығарыпты. Сөйтіп есте жоқ ықылым заманнан бері жат­тың аяғына таптатпай­тын, өз бас­тарын бәйгеге тіксе де, өзгеге бермейтін киелі ме­кендерін сақтап келіпті. Сон­­дықтан Елба­сы­ның «Бола­шаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдарла­ма­лық мақаласын ұлт жадында сақ­талған осы ба­йырғы ұғым­дар­дың заманауи үлгіде айшық­талуы деп ба­ғамдауға болады.  

 

Өрелі Өтүкеннің өнегесі

Рухани жаңғыру, бұл – өткен тарихымыз бен бүгінгі өміріміз, баян­ды болашағымыздың үйле­сімді тоғысы. Бұл тоғысу – тарих, тұлға және киелі жер­дің жарасымы арқылы баян­ды болмақ. Бұл тұрғыдан алғанда киелі жер эпикалық санада ай­шықталады, туған жер қаны­мыздың түйіршігінде, жаны­мыздың түкпірінде, тарихи санамыз бен таным-түйсігіміздің терең қатпарында қатталады. Сондықтан тамырын тереңге тартқан біздің даңқты тарихымызда киелі жерлер, қастерлі өлкелер аз болмаған.

Тым көнеде, түркінің киелі мекендеріне Өтүкен, Ергенқон, Жерұйық, Жиделі-Байсын дегендей түрлі атаулар берілгенін байқаймыз. Дегенмен түркі жұрты үшін Өтүкеннің жөні бөлек. Өйткені бұл мекен түр­кі­лер үшін елдіктің алтын бесі­гі болған. Күлтегін жа­зу­ын­да «Түркі қағаны Өтү­­кен қой­науында отырса, елде мұң жоқ. Өтүкен қой­науын­да отыр­саң, мәңгі елді­гіңді сақ­тай­сың» дейтіні шын мәнінде Өтүкеннің мемле­кет­тілік тарихында орны ерек­ше бол­ғанын байқатады. Біздің бұл сөзімізге тағы бір дәлел Тоны­көк жа­зуында сақталыпты. Абыз­дың күллі түркілерге қара­та айт­­қан сөзі бітік тасқа былай қа­шалған екен: «Кімде кім, бірлік байрағын көтеріп, ата жауға қарсы бірлесіп күресемін десе Өтүкенге келсін!».

Әрине тарихи Өтүкен ай­ма­ғын бәріміз жақсы білеміз. Бәлкім, Өтүкен аймағын гео­гра­фиялық картадан іздеуден гөрі, Өтүкен рухының санада жаң­ғыруы маңызды шығар. Өйт­кені Өтүкеннен бастау ала­тын Мәңгілік ел түгел түркі­нің бүгінгі ұрпағын бекем бай­тағында байрағы биік ел етіп, болашаққа бастап барады.

1535510776__f3ccdd27d2000e3f9255a7e3e2c48800.jpg

Түркі тарихын зерделеп жүр­ген ғалымдардың басым көп­шілігі Өтүкен алқабын қазір­гі Моңғолияның орталық аймақ­тары деп санайды. Дәлі­рек айтқанда Хангай жота­ла­рының теріскейіндегі орманды алқапты киелі Өтүкен аймағы деп бағалайды. Бұл өңірдің шығыс жағында Кентей жотасы, солтүстігінде Саян таулары, батысында да Алтай таулары жатыр. Түстігінде атақты Гоби шөліне қарай кететін алқаптар орналасқан. Осы өңір­ді кесіп өтетін Орхон өзені алқа­бында түркі қағандары тақ­қа отырған. Түркі заманынан жеткен бәдіздер, балбал­дар мен мүсін тастар, ғұрып­тық кешендер осы жерде шо­ғыр­ланған. Ха­лық­аралық Түркі ака­демия­сының (TWESCO) Моң­ғолиядағы археологиялық қазба жұмыстарының бір бағыты да аталған өңірлерді қамтыған. Біз Өтүкен алқабының түркі та­рихындағы орнын бекемдей түсер, түркі жылнамасына тың айғақтар қосар жәдігерлер таптық.

TWESCO Өтүкен өлкесінде, Моңғолияның Бұлғын аймағы жерінде орналасқан «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде Моңғолия Ұлттық ғылым академиясы Тарих және археология институтымен бірлесіп 3 жыл қазба жұмыстарын жүр­гізіп, биыл аяқтады. Шама­мен Ел­теріс Құтлық қаған мен То­ны­көк заманында тұрғызылған «Ши­вээт улаан» кешенінің орна­­ласқан жері, сыртқы сипаты туралы ғалымдар бұры­ннан бі­летін. Бірақ онда архео­ло­гия­лық қазба жұмыстары жүр­гізіл­меген болатын.

Кешендегі қазба жұмыстары кезінде көптеген құнды артефакт табылды. Көне түркі дә­уіріне тән бұл ғұрыптық ке­шен­нің ерекшеліктері өте мол. Онда Тәңіріге құрбандық ша­лын­ған, ғибадаттар жасалған. Түр­кілердің дүниетанымынан ха­бардар ететін мүсіндер, бә­діз­тастар, қойтастар қойылған. Біз көшірмесін жасап, TWESCO музейіне қойған түркі за­ма­нындағы 60-қа жуық тай­па­ның таңбасы қашалған, бірлік­тің белгісіндей ескерткіш тас та осы кешеннен шықты. Осы тұста таңбаларын тасқа қа­шап, бірліктің белгісі ретінде ұр­паққа қалдырып отыру салтын қазақ халқының да сақтап кел­генін атап өту керек.

Қазір нақты тұрғызылған уақытын анықтау бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Кешеннің сырты қоршалып, қор­ғауға алынды. Биікте орна­лас­қан ғұрыптық кешеннің ерте заманда өртеніп кеткені анық­талды.

Ғимараттың іргетасы сегіз бұрышты екен. Ол – түркі­лер­дің қастерлі рәмізі, киелі жұл­дызы. Қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөзі со­дан шыққан сияқты. Әу баста «Қа­лыбында құты бар қастерлі кісі», Абайша айтқанда «то­лық адам» деген мағына берсе керек. Сонымен қатар ғима­рат­тың биіктігі 18 метр болған. Бұл «он сегіз мың ғалам»деген ұғым­ға сая­ды. Яғни түркі жұр­ты зең­гір көк­тегі құбы­лыс­тарды, жұлдыз­дарды ерте заманда-ақ танып, ға­лам­ның тылсымдарына ұмты­ла біл­ге­нін байқаймыз. Тіпті «сегіз қыр­лы, бір сырлы», «он сегіз мың ғалам» деген ұғым­дар Ұлы Далаға ислам діні кел­мес­тен бұрын біздің баһадүр баба­лар қолданған түсінік-пайым деуге болады. Бұл өз кезегінде далалық өркениетте, көшпенділер әлемінде моно­теистік нанымның өте ерте қалыптасқанын байқатады. Кешеннен бәдіз, мүсінтас, оның бөлініп қалған басы, тұғыртас және үш арыстан мүсіні табылды. Екі арыстанға абадан жабысып тұр. Түркінің танымында арыстан биліктің, күш-қайраттың белгісі саналады. Ал бөрітас – еркіндіктің, қойтас – байлықтың, молшылықтың, қозы – берекенің, өсіп-өнудің сим­волы. Кешеннен қозылы қой, қошқар бейнесіндегі тас мүсін­дер де табылды.

1535510791__799bad5a3b514f096e69bbc4a7896cd9.jpg

TWESCO жүргізіп жат­қан археологиялық қазба жұмыс­тары Тәңірлік танымның клас­си­калық үлгідегі дін екендігіне заттай айғақтар ұсынып отыр.

Бағзы замандағы көпте­ген қауымдар, мысалы көне мы­сырлықтар, гректер мен римдіктер, үнділер мен парсылар, арабтар өз дәуірінде көп құдайға сиынып, түрлі пұт­қа табынған қауымдар болса, түркілер бір Тәңіріге мо­йынсұнып, жалғыз Жаратушыға жалбарынған. Бәлкім содан да шығар, түркілердің исламды қабылдауы жеңіл болды. Есте жоқ ықылым заманнан бері жалғыз Жаратқанды – «Мәңгі, Көк, Иди, Баят, Чалаб» сияқты түрлі сипаттарымен танып, құдіретті Тәңірге табынып, о дүние мен ақыретке иланған, тағдырдың да Тәңіріден боларына сенген, пайғамбарға «ялавач, елші» сияқты атаулар берген текті түркілер құрбандық шалып, кесене тұрғызып қана қоймай, арнайы ғибадат орындарында құлшылық еткен. Біз зерттеу жүргізіп жатқан ғұ­рып­тық кешен – бұған нақты дәлел.

 

Керулен – көне түркінің киелі мекені

Түркі академиясы бұ­дан бөлек Моңғолияның Ұлт­тық му­зейімен бірлесіп, аталған Кен­тей аймағы жерінде архео­ло­гиялық қазба жұмыстарын бастады. Дэлгэрхан деп аталатын жерде, Шыңғыс қаған­ның туған өлкесі Керулен алқа­бында қағанның алғашқы астанасы орналасқан, ол жерде «Моңғолдың құпия шежіресі» жазылған, Үгедей, Күйік хандар таққа отырған. Моңғол жұрты үшін ол өңір «киелі» мекен болғандықтан, біздің экспедицияға назар аударушылар аз болған жоқ.

Бір атап өтер жайт, Хая­ху­даг және Гүнбүрд деген ке­шен­дерде жасалған археоло­гия­лық қазба Кентей-Керулен аймағының түркі тарихына да тікелей қатысы бар өлке екен­дігін айғақтады. Сол өңірдегі Хаяхудаг деген жерден бұрын ғылымға мүлде белгісіз болып келген, 30 шаршы метр ау­мақты құрайтын көне кешен топырақ астынан аршылып алынды. Жан-жағы топырақ қорғанмен және айналасы терең ормен қоршалған кешенде бөренеден жасалған, үсті қышпен жабылған ғибадатxана бар екені анықталды. Оның сыртқы көрінісі Тоныкөк кешеніне көбірек ұқсайды. Ордың ішінен қыш құмыра, жылқының және құрбандыққа шалынған малдардың сүйек­тері табылды. Ең басты олжа­мыз – осы ордан ер адам мен әйелдің бейнесі қашалған бәдіз тастардың табылуы болды. Ер азаматтың мүсіні бүркіт қа­бақты, қыр мұрынды, сұсты, са­лалы сақалы бар жауынгер кө­сем болып шықты. Ал әйел мүсіні – басына көшпелілердің шо­шақ бөркін киген түркі аруы. Кешендерде әйел мүсінінің өте сирек кездесетінін ескер­сек, бұл аса құнды жәдігер болды. Осылайша бұған дейін түр­кілердің табаны ти­меген деп келген Моңғолия­ның сол­түстік-шығыс тара­пын­дағы киелі Керулен-Кен­тей ай­ма­ғының да батыр баба­лары­­мыздың құтты қонысы болған­дығы айқындалды.

Дүниеде тарихты жасаушы ұлттар болады, жазатын ұлттар болады. Түркі жұрты тарихты жасаған, сонымен бірге өз тарихын тасқа қашап жазған кемел ел. Даңқты бабаларымыз Мәңгілік Ел арман-аңсарын мәңгі тасқа қашап қалдырған, туған жердің әр тасына қаһармандық тарихын бәдіздеп жазып, оюмен өр­нектеген ойшыл ха­лық. Бай­қалдан Балқанға, Керулен­нен Дунайға дейінгі байтақ қо­ныстың әрбір тасы таңбаланып, паспортталған, оны көзінің қарашығындай сақтаған бабалар аманаты бізге ұласқан. Соның бір айғағы – құтты қоныс, киелі мекен Өтүкен мен Керуленнен табылып жатқан тас мүсіндер мен бәдіз тастар.

Моңғолия ұлттық музейі­нің директоры, тарих ғылым­дарының докторы Даг­ваадоржийн Сүхбаатар ке­шен­дегі зерттеу жұмыстарына байла­нысты «Керулен» жобасы – Ха­лықаралық Түркі академия­сы мен Ұлттық музейдің бірлескен кешенді ғылыми бағдарламасы. Олай болатыны ұлы қағандардың алтын бесігі Хэнтай аймағы Керу­лен алқабындағы түркі дәуірі ескерткіштеріне бұрын-соң­ды археологиялық қазба жұ­мыс­тары жүргізіле қоймаған тың өңір. Биылғы жылы архео­логиялық қазба жүргізілген, шамамен 6-8 ғасырға тиесілі делінген көне түркі ғұрыптық кешен әуелі ғылымға мүлде белгісіз болып келген. 30 шаршы метр аумақты құрайтын көне кешен ұзақ ғасырлар барысында топыраққа басылып, қымталып қалған. Осы кешенді Халықаралық Түркі академиясымен бірлесіп зерттеуді қолға алып, түркі дәуірінің жәдігерін байытатын олжаларға тап болдық», деген болатын. Ал Моңғолия Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері, археолог Чинболд Баяндэлгэр: «Хаяхудаг» көне түркі кешені әйгілі Керулен дариясының солтүстігінде ұлы хандарды таққа көтерген қасиетті алқапта орналасқан. 2017 жылы Түркі академиясы мен музей «Бұрхан Халдуннан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаң­ғыруы» деген экспедиция жасап, ғалымдарымыз Жошы күм­безіне де зиярат жасады. Биыл, міне, ғұрыптық кешеннен олжалы оралдық. Бұл жәдігерлер – көне түркі тарихи мұраларын толықтыра түсетін қымбат қазына. Біз сақалы бар жа­уынгер көсем мен шошақ бөрік киген әйел мүсінін таптық. Жал­пы кешендерден әйел адам мүсіні аз табылады, сол себептен бұл аса сирек кездесетін баға­лы жәдігер болды», деді. Бір сөзбен айтқанда, Керу­лендегі «Хаяхудаг» кешенінен табылған Түркі аруының мүсіні сенсациялық жаңалық болды. Сондай-ақ көне түркі ғұрыптық кешендерінде құрбандыққа шалынғанның арасында жыл­қы­ның сүйектері молынан кез­де­седі. Бұл қазақы танымда сақтал­ған құрбандыққа айтұяқ, боз­қас­қа шалу дәстүрінің тамы­ры­ның түркі, ғұн дәуіріне дейін кете­тіндігін айғақтаса керек.

Біз бұрын Моңғолиядағы көне түркі мұралары туралы сөз еткенде Орхон өзені алқа­бындағы ескерткіштерге ай­рықша назар аударып кел­сек, академияның қазба жұмыс­­тарынан кейін Керулен алқа­бының да маңызы арта түсті.

Керулен алқабы – қағандар қоныстанған, ұлы хандардың мекені. Шыңғыс қағанның алғашқы астанасы Аваргын балғас қаласының орны да сол өзеннің алқабында жатыр. Ертеректе ол жер «Аураг орда» деп те аталған екен. Байқап қарасақ, «Аруақты орда» деген сөзге ұқсайды. Ұлы Дала көшпенділерінің бірінен бірі қабылдаған талай ұғымдарының бар екенін ескерсек, «Аураг орда» да сондай атаулардың бірі болуы бек мүмкін. Жазушы Габриэль Гарсиа Маркес «Адам мен жерді туыстырып тұрған аруақ» деген пайымын бекер айтпаған болар. Шынында да ол өлкені аруақты емес деп қалай айтасыз?! Себебі мұнда ғұндар дәуірі мен көктүріктердің де іздері сайрап жатыр.

Бір сөзбен айтқанда, «Ке­рулен экспедициясы» киелі өңірге түрен салып, қағандар ме­кені шығыстан батысқа қозғалып, Күн түбіне жортқан баһадүр бабалардың атқа қонған қастерлі аймақ екені анықталды. Ендеше киелі мекендер арқылы тарлан тарихымызды қайта қарайтын уақыт келген тәрізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да бізді осыған үндейді.

 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

«Егемен Қазақстан» газеті,

29 тамыз 2017 жыл


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Өрісті Өтүкен, киелі Керулен