Көше қиылысында ерте үзілген ғұмыр. Кім кінәлі? (видео)

Screenshot_10.jpg

Жақында әлеуметтік желіде жазушы, Президент стипендиясының иегері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Аягүл Мантай жанайқайымен бөлісті. Ол туған баурынан айрылып, қан жұтып отыр. Інісі Тұратбек Мантев жол-көлік апатынан қаза тапқан. Нақтырақ айтсақ, жол шетінде бағдаршамның жануын күтіп тұрған Тұратбекті «БМВ» көлігі келіп соққан. 

«БМВ» жоғары жылдамдықпен келе жатып, алдынан шығып қалған «Тойотаға» соғылып, ары қарай рөлге ие бола алмай бағдаршам түбінде тұрған Тұратбекті жаншып өткен. Марқұм сол жерде тіл тартпай кетті. 

Енді жүргізілген тергеуге сәйкес, бұл жерде жәбірленуші – «БМВ» автөкөлігі болып тұр. Ал, кінәлі – «Тойота». Егесі айыбын мойындап отыр. Дегенмен, бұл жерде түсініксіз нәрсе көп секілді. Аягүл Мантай тергеу қортындысымен келіспейтінін айтуда. Оның айтуынша, інісінің өліміне – жылдамдықты асырған «БМВ» автокөлігі кінәлі. Егер «БМВ» жылдамдығын асырмағанда, кісі өлімі болмас та еді дейді. 

Бұл мәселені алғашқылардың бірі болып республикалық «Егемен Қазақстан» газеті көтерді. Мақалада еліміздегі жол-көлік апаттары жөнінде мәліметтер келтіре кетіп, Аягүл Мантайдың Мемлекет басшысына жетуін қалаған хатына тоқталады:

– Інім Тұратбек Мантаев Түркияның Еге университетінің докторанты, екі аптадан кейін докторлық диссертациясын қорғау үшін жолға жиналып жүрген еді. Марқұм әкемнің қырқы өткеніне бір ай өтер-өтпес жалғыз інімнен айырылдым, – деп жазады «Фейсбуктегі» өзінің парақшасында Қазақстанның Президентінен, Бас прокурорынан, Ішкі істер министрінен, Жоғарғы соттың төрағасынан көмек сұрап, хат жазған жазушы, Президент стипендиясының лауреаты, «Серпер» Жастар сыйлығының иегері Аягүл Мантай.  

Хат иесінің жазуынша, Шымкент қаласындағы Бәйдібек би мен Көшеров көшелерінің қиылысында болған жол апатын тексерген анықтаушылар өздеріне тиесілі міндетті орындамай, істі бұра тартқан. Осының салдарынан марқұмды қағып өлтірген жүргізуші жәбірленушіге, ал жәбірленуші айыпталушыға айналып шыға келген. Қазір осы қылмыстық іс Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотында қаралып жатыр. Сейсенбі күні өткен сот отырысына журналистік зерттеу жүргізу мақсатында арнайы барып қатысқан едік. Бірақ сот сотталушының келмеуіне байланысты кейінге қалдырылды. Н.Әбілқасовтың денсаулығы сыр беріп, ауруханада емделуге мәжбүр болған көрінеді.  

Сотталушы Нұрлан Әбілқасовтың әпкесі Алмагүл Әбілқасованың айтуынша, тәртіп сақшылары тергеу амалдарын біржақты жүргізген.  

– Сол күні таңертеңгі уақытта көше қиылысында менің інім Нұрлан «Тойота» көлігімен Көшеров көшесіне қарай бұрылу үшін көліктерді өткізіп тұрған. Жүргізуші Сабир Муртазин «БМВ» көлігімен өте қатты жылдамдықпен келіп, рөлге ие бола алмай, інімнің көлігін келіп соққан. Соққының қатты болғаны соншалықты, «БМВ» көлігі бордюрлерді бұза-жарып, жолдың шетінде тұрған Тұратбек Мантаевты қаққан. Оқиғадан кейін тергеушілер келіп, жол-көлік оқиғасының сызбасын жасайды. Оған біздің тарапымыздан ешкім қатыспаған. Себебі ол кезде жарақат алған інім Нұрланды ауруханаға алып кеткен. Арада оншақты күн өткенде Муртазин Президентке дейін арыз жазып, байбалам салды. Інімнің мемлекеттік қызметкер екендігін алға тартты. Тіпті бұл оқиғаның ұлтаралық маңызы барын, өзінің отбасына қауіп төнуі мүмкін екенін жазды. Осылардың әсері ме, іс мүлдем басқа арнамен жүре бастады. Ақыр аяғында Н.Әбілқасов айыпталушы, Муртазин жәбірленуші болып шыға келді, – дейді Алмагүл Әбілқасова. 

А.Әбілқасова өзінің сөздерін растайтын айғақтарды да көрсетті. Оқиға орнына жақын жерде тұрған «Алатау» салтанат сарайының алдына орнатылған бейнебақылау қондырғысынан алынған бейнетаспадан жол апатының қалай болғаны анық байқалады. Сабир Муртазин мінген қара түсті «БМВ» көлігі жол қиылысына өте жоғары жылдамдықпен келіп (кем дегенде сағатына 90-100 шақырым), басты жолда келе жатқан көліктерге жол беріп тұрған Н.Әбілқасов мінген ақ түсті «Тойота» көлігін соғады. «БМВ» «Тойотаны» қағып өткеннен кейін 10 метрдей жерге сырғанап барып, жол шетіндегі жүргіншіні (марқұм Т.Мантаевты) қаққан. Сағатына 60 шақырымдық жылдамдықпен келген көлік осыншама сұмдықты жасады дегенге сенгің келмейді. Бәрі сол көлікті жоғары жылдамдықпен айдағанның кесірі екені анық көрініп тұр. Бұл бейнетаспа іске тігілген. Алайда тергеушілердің оны неге назарға алмағаны түсініксіздеу.  

Көліктердің апаттан кейінгі фотосуреттері де А.Әбілқасованың айтқандарын қуаттайды. Екі көлік те тұмсық жағымен келіп соғысқан. Егер «Тойота» «БМВ»-ға жол бермей, алдына шығып кеткен болса, соққы «Тойотаның» сол жақ бүйірінен берілуі керек еді. Әрине, бұл біздің болжамымыз. Бәрі де жол-көлік оқиғасын анықтаушылардың уақтылы, күмән тумайтындай әділ зерттемеуінен туып отыр ғой. Күмән туған соң сотталушы тарап қазір тәуелсіз сарапшылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Бұл біраз шығынды қажет етеді. 

«Біз жауапкершіліктен қашпаймыз. Бұл істің анық-қанығын тағы бір тексеру үшін тергеуге қайтаруды талап етеміз. Бәрі әділ қаралуы тиіс. Көпшіліктен биыл 23 тамыз күні таңертең болған осы оқиғаның куәгерлері табылса, бізбен хабарласуын өтінеміз», – дейді А.Әбілқасова.  

Жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан Тұратбек Мантаевтың әпкесі Аягүл Мантаева да әділ­дікті талап етеді. «Қатты жылдамдықпен келе жатқан Сабир Муртазиннің де інімнің өлімінде кінәсі бар деп санаймын. Егер ол қатты жылдамдықпен келмесе, жолдың шетінде тұрған ініме соқтықпас еді», – дейді А.Мантаева әлеуметтік желідегі жазбасында. 

Әрине, жол-көлік оқиғасы қасақана жасалмайды. Сол жол апатын тергеп, тексеретін полицияның заң шеңберінде дұрыс баға беруін қадағалайтын Шымкент қалалық прокуратурасынан жәбірленуші жақтың жанайқайына байланысты түсінік сұрамақ болғанбыз. Алайда прокуратураның баспасөз қызметіндегілер сауалымызға жауап алу үшін алдымен қызметтік хат жазу қажеттігін, хат Астанаға жолданып, Бас прокуратураның қарауынан өтетінін, оған содан кейін барып жауап берілетінін мәлім етті. Соңғы кезде прокуратурадағылар осындай бюрократиялық «ойын» ойлап тапқаны халықтың көзі, тілі һәм құлағы саналатын журналистерді қынжылтып-ақ жүр. Бүгін эфирден көрсетілетін сюжет немесе ертең газетке шығатын мақала прокуратураның бірнеше күнге созылатын жауабын қайдан күтсін? Бас прокуратурадағылар осы бас ауруды шешіп беруді кешіктірмесе екен дейміз.

Видео ашпаса мына сілтемеден көріңіз: youtu.be/DoMlvcqB3gk


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Елімізде жеке құжат алу үшін жаңа салық енгізілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер