Заретаның соңғы үміті - қала әкімінде

Screenshot_2.jpg

Қай заман болмасын, паразит тектес адамдар болған. Олар терлеп-тепшіп еңбек еткілері келмейді. Жандарын қинамайды. Әлдекімге кенеше «жабысып алып» күн көруді құп көреді. Одан артық ештеңе керек емес. Егер әлдене қажет болса, әкімдік есігін тоздырады. Мүгедектікке қол жеткізіп жәрдемақы талап етеді. Ең соңы жер, пәтер сұрайды. Әрине, арасында шын мұқтаждар да бар. Дегенмен, түймедейді түйедей етіп, әлемге жар салып көмек сұрайтындар аз еместігін айтпай кетуге болмас. 

Біздің кейіпкер мұндай масылдықтан ада. Шымкентте аз-кем танымалдығы бар 26 жастағы Зарета Өтемісқызы дипломды маман атануды қалайды. Оның алға қойған мақсаты көп. Бірақ, оған мақсатына жетуге – жоғары білімінің жоқтығы кедергі келтіріп отыр. Аяқ-қолының кемтарлығынан жігері жасымаған, тілемсектенуді жек көретін қайсар Заретаның сағын «дипломың жоқ» деген сөз сындырып жатыр. Өткен аптада Қаратау ауданы әкімінің есебінде Зарета қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтан осыған көмектесуді сұрады. Сол жерде біз Заретамен тілдескен едік. 

– Қала әкіміне өтінішімді жеткізуге қол ұшын созған Қаратау ауданы әкімдігіне ризашылығымды білдіремін, - дейді белсенді қыз.

– Олар мені жұмысқа қабылдап, барынша қолдап отыр. Мұнда қоғамдық жұмыстармен айналысамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Осыған дейін колледж бітіре сала көп жерде бағымды сынап көрдім. Десе де, мен бұдан да биіктегім, өскім, ешкімге кіріптар болмай өзімді тапқым, жетістікке жеткім келеді. Яғни, бір орында тұрып қалмай, әрдайым даму үстінде болғанды қалаймын. Бірақ, оған орта арнаулы білімім мүмкіндік бермейді. 

– Осы уақытқа дейін жоғары оқу орнына түсе алмауыңызға не себеп болды?  

– Мен құжатымды құшақтап талай рет ЖОО табалдырықтарын тоздырдым. Бірақ, олар мені әрқашан «ертең келіңіз, арғы күні келіңіз» деп шығарып салады. Кейін барсам «анау жоқ еді, мынау жоқ еді» деп қол қусырады. Қысқасы, үмітім үзіле бастады. Ұзақ күтуге төзімім қалмай барады. Уақыт зымырап жатыр. Ал, нәтиже жоқ. Бұл мәселені тек қала әкімі ғана шеше алады деп ойлаймын. 

Себебі, маған әр жерден түрлі тиімді ұсыныстар келіп жатыр. Дегенмен, олар талап қойып отыр «жоғары білім алсаңыз» деген. Бұл жаныма ауыр тиеді. Қатты ойланып кетемін. «Расында дипломым болса өзім қалаған жерлерде жұмыс істей алады екенмін ғой» деп. 

– Енді бұл кездесуден не күтесіз?

– Бәрі дұрыс жағынан шешіледі деп үміттенемін. Қала әкімі білім басқармасына тапсырма берді. Енді жақсы жаңалық күтемін. Әлгінде әкімге сұрақ қойғанымда оның қолын алуды сұрадым. Әкім жиын біткен соң өзі келетінін айтты. Бұл өтінішім бекер емес. Мен әкімге рахмет айтқым келеді. 

Былай қарасаңыз қалада істеліп жатқан жұмыстар аз емес. Мен тұрғындарды сабырға шақырамын. Тек жаман жақтарын көре бермей, жақсы жақтарына да қарауды сұраймын. Бұрын біз тұратын жерде газ жоқ еді. Қазір Құдайға шүкір бәрі бар. Сондықтан да тұрғындардан әкімдік жұмысына түсіністік танытуды өтінемін. 

Осылайша, Зарета бізбен армандарымен бөлісті. Оның ең басты арманы – елінің дамуына үлес қосқысы келеді екен. Мейлі, онысы тамшыдай үлес болсын, маңызды емес. Ең бастысы осы процесте шетте бақылаушы болмай, ортада жүргенді қалайды. Ол үшін қала әкімдігі талпынып тұрған Заретаның өтінішін жерде қалмай, оған білім алуына мүмкіндік берсе. Себебі, білімге салынған инвестицияның қайтарымы зор болмақ. Жастар жылында Зарета студент атанып, мерейі үстем болады деп сенеміз.    

Абылай ЕСІМБАЙ, 

Rgmedia.kz порталы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Елімізде жеке құжат алу үшін жаңа салық енгізілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер