Алаңшаға жарымаған ұрпақ ел үмітін ақтай ала ма?

Screenshot_1.jpg

Күнара таңертең Д.Қонаев даңғылының бойындағы шағын спорт алаңшасында жаттығатын балаларға көзім түсетін. Жан-жағы қоршалған екі алаңшаның ортасында арнайы жаттығу құралдары бар. Көрер көзге тартымды-ақ. Тек, алаңшаның бетондалғаны болмаса. Жұмсақ резеңке төселіп, болмаса жасанды көгалдандырылмаған. Қыстың соңында қар ерір, еріместе оқушылар доп теуіп, аяқтан өткен суықты елемей жүреді.  

Бұл жерге осы маңдағы «Сұңқар» спорт мектебінің 5-7 сынып балалары аптаның екі күнінде, екі мезгіл екі сағаттан жаттығады. Боз кілемдегідей күреспесе де, соның жаттығуларын жасайтынын жиі көргесін байқаймыз. Қыста қыбыршық мұзға тайып цементке құлауы, жазда қатты екпінмен сүрініп, жарақат алуы да мүмкін. Осыдан кейін өзге балалар алаңшаларының жайын білмекке Шымкенттегі 15-інші,17-інші және  «Теріскей» шағынаудандарын араладық.

–  Қонаев даңғылының бойындағы тұрғындардың бұқаралық спортпен шұғылдануы үшін салынған бұл алаңша өткен жылы қарашада ашылды. Анығы – егесі жеке кәсіпкер. Бірақ, кім екенін таппадық. Мемлекеттің меншігіне өтпеген. Қалалық Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы бұл аумақ кімнің атында екенін анықтай алады. Ол жер қаладағы кең көшенің бірі болғандықтан, шамамен шаршы метрі миллион теңге тұратын «алтын жер». Иесі күрделі құрылыс салуға мүмкіндігі болмай уақытша алаңша салған шығар деген жорамал бар. Себебі, біраз уақыт қоршалып тұрды. «Студенттер қалашығы» аумағындағы № 79, 75 үйлердің жанындағы спорт алаңшасы бар. Ондағы төсеніш резеңкенің жарамсыз болғанынан  хабардармыз. Бетонға балалар құласа шынтағын, тізесін жарақаттап алатыны рас. Оны 2011 жылы қалалық Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі салған. Жалпы, алаңшадағы резеңке-төсеніштің кепіл уақыты – 3 жыл. Тендерден ұтқан мердігер компаниялар осы аралықта бұзылса қайтадан жөндейді. Сіз айтқан спорт алаңшаларының мерзімі өткен. Қайта жаңалауға қаржы бөлінбеуде. Әл-Фараби ауданы бойынша 33 спорт алаңшасы бар. Қазір құжаттары туралануда. Біткен соң қаржы аударылып, біздің ауданның меншігіне өтсе, ескіргенін жөндеп тұрамыз. Резеңке төсеніштер 2012-2013 жылдары барлық шағынаудандарда бірдей салынған. Біртегіс күйінше төселгендердің бір шеті көтерілсе, шетінен кілейі ажырай береді. Сондықтан, 2-3 жылдан бері бірі алынса, екіншісіне зиянын тимейтін төртбұрыш көлеміндегі түрін қоюдамыз, – деді Әл-Фараби ауданы әкімінің коммуналдық сала бойынша орынбасары Даурен Босымбаев.

«Сұңқар» спорт кешенінің сыртқы ауласындағы шағын спорт алаңшасының да асты бетон екенін көрдік. 

– Біздегі 800-ден асатын балалардың біразы сырттағыға сыймаған соң Қонаев даңғылының бойындағы алаңшаға барып жаттығады. Ауладағының беткі қабатына жасанды көгал төсеп, күндіз балаларға, кешке ақылы ретінде пайдалану ұсынысын ғимарат басшысына өткен жылы айттық. Жеке меншіктегі болғасын оларды міндеттей алмаймыз. Талап бойынша спорт алаңшаларына жұмсақ резеңке төселуі тиіс. Бала сонда бар ықыласымен ойнайды. Ал денесін жарақаттамайтынына сенімді болмаған соң бетонның үстінде сақтанып, сескеніп өнер көрсетеді, – дейді қаладағы «№10 күрес түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» директорының орынбасары Ғалым Дүйсенбаев. 

«Сұңқар» спорт кешенінің директоры Ақмарал Жораева болса, балалар ойнап жүрген спорт алаңшасы спорт мектебінің жалға алып отырған аумағына кірмейтінін алға тартты. 

– Жан-жақтың бәрі үй, автотұрақ. Балаларға жаттығу жасап, таза ауада жүгіретін басқа жер жоқ болған соң соны пайдаланады. Бірақ, бетонның үстінде жүгіріп, құлап жарақаттанса, біз жауапты емеспіз. Бапкерлер өздері қадағалауы керек. Менің балам да солармен бірге ойнайды. Өз жеріміз болғандықтан, қандай мақсатта қолдансақ та пайда келтіретін жолы бойынша іске асырамыз. Көгал төсеп, ақылы футбол алаңына айналдыруымыз да мүмкін, – дейді «Сұңқардың» басшысы.   

17 шағынауданындағы 7 «А» үйдің шаруашылық жөніндегі үйлестірушісі Любовь Дъякованың айтуынша, мұндағы спорт алаңшасының салынғанына  да біраз жылдар болған. «Ескіріп жарамсызданса үш жылда  жөндейміз» деген. Қазір алты жыл өтті»,- деді сөз арасында. Өзге ауладағы  балалар ойнайтын жерлерге тұрғындар көліктерін  қойса Дъякова балаға тиесілі алаңның айналасын қоршап, қоршай алмағанына баған қойып, көлік тұмсығы өтпейтіндей еткен. Жәй тұрған орындықтардың өзін бұзып кететін тұрғындардың жауапсыздығына да күйініп, «күзет қоям ба, білмеймін. Одан басқасының бәрін істедім. 25 жылдан бері осы міндет маған жүктелгендіктен ауламның жұмысын реттеп, тұрғындарға жағдай жасаумен-ақ жүйкем жұқарды. Әр тұрғын өз ауласына жаны ашып, мемлекет салып берген затты өзініңкіндей қараса»,- дейді 72 жастағы «домком». 

 –  Еңбекші ауданы бойынша 630 үй болса, соның 501-і абаттандырылды. 2011-2013 жылдары қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі бұл ауданда 16 спорт алаңшасын  салған. Қазірге дейін солардың меншігінде. Олар бізге өткізу үшін құжаттарын реттеп, жөндеп беруі керек. Әлі бермеді. Енді қашан жөндейтінін біз айта алмаймыз. Қазір осы аудан бойынша спорт алаңшасының саны 46-ға жетті. Бірқатарының бетіне 2013-2014 жылдары резеңке төселген. Бес жыл бұрын салынғандарды жөндеуге екі жыл бұрын бюджеттен қаржы сұрадық. Бірақ 2018-2019 жылдарға оған қаржы қарастырылған жоқ. Сол себептен қазір мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жөндеу жүргізілмек. Ол үшін инвесторларды тартамыз. Олар жаңа ойын және спорт алаңшаларын салумен қатар, жоғарыда атап өткен ескілерін де жөндеп береді. Осыған құйған қаржысын мемлекет үш жылда қайтарады. Қазір бұл жұмысқа қатысқысы келетін кәсіпкерлерге конкурс жариялануда. Олар атсалысса, жаңа 34 спорт алаңшасын салу жоспарда бар. Ал енді бұл істің бүгін немесе ертең біте қалуы неғайбыл, – дейді Еңбекші ауданы бойынша инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің бастығы Бақтияр Тұрабеков. 

17 шағынауданындағы №4, 5 үйлердің арасындағы спорт алаңшасын суретке түсіріп жүргенімді көрген Расул, Жантөре есімді балақайлар «апай, анау екінші қақпа босап тұр, шайқалады»,- деді. Шайқалып тұрған қақпа қашан жөнделгенше балалардың үстіне құлап кетуден сақтасын дейік. Қақпа дегеннен шығады, ақпанның басында елордада хоккей жаттығуы кезінде тоғыз жастағы шабуылдаушы Марат Диастың үстіне қақпа құлап, бірден жансақтау бөліміне жеткізіліп, комада жатты. Дәрігерлер аман алып қалу үшін бас сүйегінің бір бөлігін алып тастапты. Өткен жылдың мамырында Өзбекстанның Самарқан қаласында №71 орта мектептің алтыншы сынып оқушысы Жонибек Хамракуловты жергілікті кәсіпкердің мектепке заңсыз орнатқан қақпасы басып қалған. Іргетасы дұрыс орнатылмағандықтан түбі бос қақпа құлап,  оған асылған баланың басын басып қалып, сол жерде жан тәсілім етіпті. Бұл да ескерер жайт. «Сақтансаң сақтаймын» деген. 

–  Біздегі спорт алаңшасын 3 жыл бұрын қыста, қар жауып тұрғанда асығыс жасады. Су жерге жақсы жабыспаса керек, жаз шыға резеңке төсеніш біртіндеп алынып кетті. Темір қоршауын сапасыз материалдан жасаған ба, онысы да әр тұсынан тесіліп қалды. Қысқасы ақшаны игерді болды, – дейді қақпасы босап тұрған алаңша жайлы 17 шағынауданындағы №4 үйдің тұрғындары Надежда апай мен құрбысы Татьяна. Балалар тербеліп ойнайтын темір ойыншықтардың да ескіргенін көрсетті. 

Ал «Теріскей» шағынауданындағы №46 мектепке қарсы жолдың бойында, №7 үйдің іргесінен салынған спорт алаңшасындағы резеңкелер  түгел «сыпырылыпты». Асты бетон екені анық көрініп тұр. Қақпалардың алқам-салқамы шыққан. Осындағы тұрғын 3-4 жыл бұрын салынғанын айта келе, «балалар бұзық, бүлдіріп ойнайды. Бәрін құртып ескіртті. Сапасы да жаман емес еді»,- деп ренішін білдіріп жатыр. Дегенмен, соңғы бір-екі жыл көлемінде салынған тәуір алаңшаларды да көрдік.  

Көп қабатты «қорап» тамға қамалатын қала баласының іштегі  энергиясын шығаратын, денесін шынықтыратын бірден-бір орын осы – спорт алаңшалары. Қалалықтар ауыл бұзықтары сияқты тоғай мен сайға, үйінің кең ауласына тоқтай қалып доп тебе алмайды. Оларға алақандай ғана осы спорт алаңшалары тиесілі. Ауладағы тар жердің жартысында көлік тығындалып тұрады. Ойнағысы келген алаңшаларының беті цемент, қақпасы құлайын деп тұр. Сонда балалар қайда ойнайды? Әрине әкімдіктегі мамандар жұмыс істеп жатқанын дәлелді уәждерімен айтуда. Дұрыс-ақ делік. Бірақ, жеке кәсіпкерлер, алаңшаларды салған мердігер компаниялар жұмысының сапасыздығы көрініп  тұр. Тұрғындар айтқандай «ақшаны игерсе» болды. Ал баланың өмірі, қауіпсіздігі, қызығушылығы материалдық құндылықтан, «құжаттарды ауыстыру, реттеуге» кететін уақыттан кейін тұрады. Осы арқылы біздің қоғам мүшелері баланың құқын, денсаулығын екінші сатыға қоятынын аңғарасыз. Өздері бала болмағандай... Сөйтіп алып, келешекте сол балалардан үміт күтеді. 

Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ, "Рейтинг" газеті   




Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Елімізде жеке құжат алу үшін жаңа салық енгізілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер