20 миллиард теңгеден шыққан шикілік... Тұрбеков неге қызметінен кетті?

Screenshot_1.jpg

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында 20 миллиард теңгеден астам қаржының өз мақсатында жаратылмағаны анықталды.  Бізге жуырда өткен облыс әкімі аппаратының мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңес отырысының хаттамасымен танысып шығудың сәті түсті. Дәлірегі    облыс әкімінің орынбасары Төлеген Сәрсембаев төрағалық еткен жиында   облыс әкімі аппаратының ішкі мемлекеттік аудит қызметі осыншама қаржыны игеруде заңбұзушылықтар болған деген қорытынды беріп отыр... Қайталап айтайық, 20 миллиард теңге...  

Бұл жай ғана кездесе беретін ұсақ-түйек немесе рәсімдік қателіктер емес. Кеңес отырысында «аудит қорытындысы бойынша анықталған 20 214 342,0 мың теңге қаржылық бұзушылықтардың 320 205,6 мың теңгесі  бойынша материалдар 15 қыркүйекке дейін құқық қорғау органдарына жолдансын, нәтижесі бойынша заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдансын» деген шешім қабылданған. Яғни, күні ертең құзырлы органдар 320 миллион теңгені шенеуніктердің желкесінен шығарып, тиісті сыбағаларын беріп жатса таңқалуға болмайды деген сөз. 

Хаттамаға қарағанда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы аудиторлық тексерулер былтырдың 1 қаңтары мен биылдың  30 сәуірі аралығын қамтыған. Тексеру тамыз айында жүргізілген. Онда облыс әкімінің атына аудит нәтижелері туралы ұсыныс беру, заңға сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған материалдар бойынша тиісті шенеуніктердің мәселесін уәкілетті органдарға жолдау қажеттігі де келтірілген. Әзірге бұл қаржының қандай бағдарламаға қаралғаны және ең бастысы, құқық қорғау органдарының нендей шешім қабылдайтындығы белгісіз. Белгілісі, аталған мерзімде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына  Серік Тұрбековтың басшылық еткені. С.Тұрбеков жуырда ғана облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы болып ауысып кетті. Бір жылдан кейін зейнеткерлікке кететін басшының жылы орнын едел-жедел босатуы осы тексерумен байланысты болуы әбден мүмкін. Кім біледі?

 Жалпы, Тұрбековтың жүрген жерінің у-шу екендігі рас. Мақтаарал ауданында әкімдік еткен жылдары Астанаға кететін хаттамаға шаруалардың мүддесіне қайшы келетін мәліметті қасақана енгізіп, кейіннен онысы сотта әшкереленіп, білдей аудан әкімінің абыройының айрандай төгілгенін біз кезінде кеңінен жазған едік. Әйтеуір осы жайсыз оқиғадан кейін Мақтаарал өңірінің ақсақалдары Тұрбеков десе тондарын теріс айналдыратын дәрежеге жеткен. Мәселен, былтыр жыл соңында Тұрбеков мемлекеттік наградаға ұсынылып, бұған мақтаралдық біраз ақсақалдар қарсы болып, тіпті ұсынысты қолдамайтындықтарын облыс әкімінің алдына барып айтуға дейін барған көрінеді.  

Тұрбековтың Мақтарал ауданына әкім болып барғанға дейін «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жетекшілік еткені белгілі. Сол жылдары «Ордабасы» деп аталатын шошқа фермасын ашпақ болып, елді біраз шулатқаны бар. Сөйткен «Оңтүстік» қайда? Корпорацияны қазір құқық қорғау органдарының өздері де таппай, орнын сипап қалған көрінеді. 

Тұрбеков басқармаға жетекшілік еткен кезең облыстың ауыл шаруашылығы үшін «табыстан бас айналған жылдар болды» десек артық айтқанымыз емес шығар. Алайда «толғай табыс, керемет жетістіктің» көпшілігі құрғақ цифр екендігі әшкере болды. Сөзіміз құрғақ болмасын, бір ғана мысал кетірейік. 

 Былтыр облыста ұсақталып кеткен шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру шарасы жүргізілді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен жыл басынан арнайы топ аудандарды аралап, кооперативтердің тиімділігін насихаттады. Облыста ет, сүт, балық, құс өнімдерін өндіретін шаруалар кооперативтерге біріктіріліп жатты. Алайда наурыздағы  үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евнеев кооперативтердің көзбояушылықпен құрылғанын ашып айтқаны есте. 

- 851 ауыл шаруашылығы кооперативінің ішінде 491 кооператив ағымдағы жылы өнім дайындауға кірісуге дайын, ал 360 кооператив өз жабдықтарымен жарақтандырылмағанын көрсетті. Өкінішке қарай, жағдайды саны бар, сапасы жоқ деп айтуға тура келеді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға жаңа кооперативтерді тіркеу бойынша индикаторлар белгілеу практикасын жалғастыруды орынсыз деп есептейміз,-деген болатын. 

Осы жиында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жаңадан құрылған 491 кооператив арқылы  294 мың тоннаға жуық өнім дайындау көзделгенін, алайда нақты дайындалған өнім көлемі 133 мың тоннаны құрағанын немесе жоспардың 45 пайызға ғана қол жеткізілгенін айтты. «Мұны неге айтып отырсыңдар, бұл бүкіл республикаға қатысты мәлімет қой» дейтін шығарсыздар. Мұның Түркістан облысына тікелей қатысы бар. Өйткені былтыр осы уақытта Тұрбеков басқаратын ауыл шаруашылығы басқармасы республикада құрылған кооперативтердің тең жартысының Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі екендігін, облыстың кооператив құруда көшбасшысы атанғанын мәлімдеген болатын. Яғни, Евнеев айтқан саны бар, бірақ сапасы жоқ кооперативтердің кемінде жартысы біздің облысқа тиесілі болды десек қателеспейміз.  

Былтыр көшбасшы атанған Түркістан облысының ауыл шаруашылығы да  биыл рекорд жасаудан көз ашпай тұр. Осы аптада облыс әкімдігінде өткен жиында өңірдегі ауыл шаруашылығының жеткен жетістіктері айтылды. Облыс әсіресе, көкөніс, картоп, бау бақша өнімдерін жинаудан рекорд жасапты. Сәл-пәл түсініксіздік бар. Қазір шаруашлықтар мемлекеттің меншігінде емес негізінен жекеменшік.  Олай болса мемлекет қай шаруаның қанша егіс еккенін, қанша өнім жинағанын қалай есептейді?  Мәліметті ауыл әкімдері аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне, ал бөлім облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына беретін көрінеді. Ал шенеуніктер берген мәліметке   көпіршік қосылатыны бесенеден белгілі ғой. Егер Оңтүстікте көкөніс пен бау-бақша өнімдерін жинаудан рекорд орнатылса, онда неге биыл аталған өнімдердің бағасы базарда қымбат болды? Облыста егілген қауын, қарбыздың бәрі түгелдей Еуорпа асып жатпаған шығар?!

Айтпақшы, бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, Тұрбековтен кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына Нұрбек Бадырақов жетекшілік етіп жатыр. Әзірге басшының міндетін атқарушы. Басшының креслосына біржолата отыру енді тек уақыттың еншісіндегі дүние. Бадырақов басқарманың басшысының орнына жарияланған конкурсқа қарсылассыз, баламасыз,  жеке дара қатысып, әзірге әңгімелесуге жіберілген. Нұрбек Бадырақов еңбек жолын осы басқармадан бастап, басшының орынбасарына дейін жоғарылаған. Одан кейін ауыл шарушылығы саласына жауапты аумақтық басқармаға жетекшілік етті. Одан кейін бірнеше ай  Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаевтың аппаратына басшылық жасады. Сауранбаев қызметінен босатылардың алдында Н.Бадырақов облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары лаузымына қайта оралған еді.  

Бұған дейін жақсы атымен, іскерлігімен танылған Бадырақовтың дәуірі нендей «рекордпен» есте қалатынын уақыттың еншісіне қалдырдық.

"Рейтинг" газеті


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Биыл қар әдеттегі нормадан 2 есеге көп түскен
  • Көшпелі форматтағы қоғамдық қабылдаулар көбейіп келеді
  • Қарағандылық уланған балалардан ішек инфекциясы табылмады – Министр Ажар Ғиният
  • Қарағандыда балалар уланған орталықтың басшысы мен 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді
  • Қазақстанның бірнеше аймағында жанармай тапшылығы туындады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер