Қайырымсыз билік...

Көрлімі: 350

9F6870EB-D1E6-41E7-8D0E-66E7AD6AFCC6_cx0_cy10_cw0_w1023_r1_s.jpg

Өмірінің 9 жылын түрмеде өткізген Жәкішевке биліктің әзірше жібитін түрі жоқ. 14 жылға бас бостандығынан айырылған «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президентіне рақымшылық танытып, мерзімінен бұрын босатылады деген үміт әлі күнге дейін ақталмады. Осы уақыт ішінде  Жәкішевтің  денсаулығы да сыр беріп, қазір ол үшінші топтағы мүгедек екені белгілі. 

Жуырда билік қайырымсыздықтың және бір қырын көрсетті. Жәкішевтің анасы Раиса Жәкішева 80 жасында көз жұмды. Перзенті сотталған уақыттан бері  оның қатты науқастанғаны, ұлын  түрмеден босатуды сұранып, Елбасыға хат жазғаны жұртқа мәлім. Алайда бұл өтініші сол күйі орындалмады. 

Ауыр халде жатқан анасымен көріскісі келген  Мұхтар Жәкішев осыдан бірнеше күн   бұрын   түрме басшылығына өтініш жазғанымен, оған рұқсат берілмеді. Анасы қайтыс болғаны жайлы хабар жеткен соң ақтық сапарға шығарып салуға тағы да сұранады.  Алайда, мекеме басшылығы бұл өтінішті де қанағаттандырмады.   

Жәкішев өтініш-хаттарын жазғанда Қылмыстық-атқару кодексінің "Мекеменің шегінен тыс жерге шығу" туралы 113-бабының 1-тармағын  негізге алған болатын. Оған сәйкес "жазасын өтеуші жақын туысының қайтыс болуына немесе науқастың өмiрiне қатер төндiретіндей қатты ауыруына байланысты, бару-қайту жолына қажет (бес тәулiктен аспайтын) уақытты есептемегенде, жетi тәулiктен аспайтын мерзiмге түзету мекемесінен шығуына" құқығы бар делген.  Алайда, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілдері Жәкішевтердің өтініштерін орындамаудағы уәж ретінде дәл осы баптың басқа тармағын алға тартты. Дәлірегі,  113-баптың 5-тармағында   "қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстармен сотталғандарға сыртқа шығуға рұқсат етілмейді" деп көрсетілген.

Биліктің бұл әрекеті бірқатар құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділерінің ашу-ызасын туғызды. Мұхтар Еркінұлының  анасынан басқа ешкімі жоқ еді. Осыдан 17 жыл бұрын әкесі инсульттен көз жұмған.  «Нағыз қылмыскерлерге рақымшылық жасап, бостандыққа шығаратын  биліктің Жәкішевке азаттық бермей тұрғаны жанға батады. Билік заң талабын бұзбағанымен, адамгершіліктің шартын өрескел бұзды» деп күйінеді бірқатар қоғам белсенділері.

Белгілі заңгер Абзал Құспанның  пікірінше, жазасын өтеп жатқан адам жақын туысы қайтыс болған жағдайда оны жерлеу рәсіміне қатысу құқығы бар. Алайда қылмыстық атқару жүйесіндегілер бұл талапты орындауға міндетті емес екен. Ал Мәжіліс депутаты Владислав Косарев биліктің бұл әрекетін айыптап, "гуманизмге жатпайды" деген бағасын берді. « Жәкішев қандай адам болса да ел азаматы ғой, анасы ауырып жатқанда бірнеше күнге жіберуге болар еді. Анасының жанында болар еді, жерлеуіне қатысар еді. Бұл адамгершіліктің жоқтығын көрсетеді. Бұл әрекеттер ел басқарушының беделіне нұқсан келтірмейді. Бұл елді қорғайтын жүйенің беделіне сын, - деп санайды депутат. Соған қарағанда, жақын арада Жәкішевтің бостандыққа шығуы неғайбыл секілді.  


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Қайырымсыз билік...