Пара алып ұсталған мектеп директорлары жөнінен Сайрам ауданы көш бастап тұр

adc24a0cdd58f8bd14ff1f441c789af0_XL.jpg

Білім ошағына мұғалімдік жұмысқа қабылдану үшін қанша пара сұрайды деген жұрттың аузында жүрген алыпқашпа сөзге емес ресми жиындағы нақты дерекке сүйене отырып рейтинг түзсек биыл көп ұсталған мектеп директорлары – Сайрам ауданында және Жетісай қаласында болып шықты. Мысалы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында Фуркат атындағы мектеп директоры Икрамжан Ахмедов ағылшын тілі пәнінің мұғалімін жұмысқа қабылдау үшін 850 мың теңге пара сұрап ұсталған. Жетісай қаласындағы  №119 мектеп  директоры Саулеш Ахметова жұмыс сұрап келген адамнан 500 мың теңге сұраған. Сайрам ауданы  Қарабұлақ ауылындағы Далабазар мектебінің  директоры Хасан Ботабеков жұмысқа бағбанды қабылдау үшін 300 мың теңге дәметкен. Түлкібас ауданындағы  Мәметов мектебінің директоры Асқар Жалбиев методисті жұмысқа қабылдау үшін 150 мың алыпты. Ал, Сайрам ауданы әкімдігіне қарасты Күншуақ балабақшасының меңгерушісі сонда жұмыс істегісі келген адамнан 200 мың теңге талап еткен. Дәл осындай соманы Жетісай ауданындағы Төреқұлов атындағы мектеп директоры лабронт болғысы келген адамнан алған. Барлығы сотталып һәм айыппұл төлеп дегендей қатаң жауапкершілікке тартылды. Ал әйелін мектепке жұмысқа орналастыру үшін 1 миллион теңге сұраған деген әңгімені тарқатып айтсақ...

Егер өз аудан, қаласының рейтингісін «өсірген» әлгі директорлар парамен ұсталмағанда, олар да осы жиынға қатысар еді. Бірақ, тағдыр жазбапты. Кеше ғана әріптестерімен костюм киіп, жиындарда жарқырып жүргендер бүгінде соттың үкімімен бас бостандықтарынан айырылды. 

Жақында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қалада таксиге мініпті. Содан ол шопырды «көлігің қай жылғы» дегендей сұрақтармен әңгімеге тартқан. Жанды жерін тырнады ма, таксист ашуланып шыға келіпті. «Менің бұдан да мықты көлігім бар еді. Бірақ, әйелімді мектепке жұмысқа орналастыру үшін 1 миллион теңге керек болды. Амал жоқ, бұрынғы мәшинемді сатып, орнына осыны алдым» деп дүрсе қоя береді. Әрине, Сәдібековке емес, жемқор директорға. Содан Сәдібеков жайлап сұрамай ма, «қай мектеп?» деп. Облыс әкімінің орынбасарына бажайлап қараған шопыр: «түріңіз органда істейтін адамға ұқсайды екен» деп жауап бермей қойыпты. 

– Әлгі таксист директорды қарғап отыр. Адамдар ақшаны қарғап-сілеп береді. Одан ешкім мәз болмайды, - деп Сәдібеков апта басында «Түркістан» сарайында өткен алқалы жиында аудандық білім бөлімі басшыларын, мектеп директорларын пара алмауға шақырды.  

Аталған жиында Сәдібековтен бөлек, Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғ.Тұрсынбаев, Ұлттық бюро департаменті басшысы Н.Қамбатыров және «Нұр Отан» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов қатысқан алқалы жиында  білім беру мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлықты болдырмау мәселелерін талқыланды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, концерт залында өтетін көптеген жиындарда жұрт телефонға шұқшиып, уақыт өлтіре алмай отырушы еді. Бірақ, бұл жиында олай болмады. Білім беру ұйымдары басшылары жандарын шүберекке түйіп отырды. Себебі, алқалы жиынды өткізушілер тым ашулы еді. Және олар жалпыламай сөйлемей, нақты дәлелдермен нық-нық сөйледі. Құзырлы органдар келтірген мәліметке сүйенсек, мектепке мұғалім болып кіру «ставкасы» орташа есеппен 500 мың теңгеден – 1 милион теңгеге дейінгі аралықта екен. Ал, экраннан соңғы жылдары сыбайлас жемқорлыққа қатысты болған білім бөлімі басшылары мен мектеп директорлары көрсетіліп жатты. Биыл өңірде 5 мектеп директоры және 1 балабақша меңгерушісі парамен ұсталған. Жиында сыбайлас жемқорлықпен қолға түскен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Е.Бұрханов, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы М.Маханов туралы да әңгіме қозғалды. 

– Итің жаман десе намыстанатын қазақпыз. Түркістан облысы республикада білім беру мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлық жөнінен республикада көш бастап тұр. Аталған салаға басшылық жасап отырғандар бар, мектеп директорлары бар, осы уақытқа дейін неге намыстары оянбады, шынында да түсінбейтін мәселе. Осы жөнінде білім беру мекемелері басшыларына талай ескерттік. Жақында өңір басшысы Ж.Түймебаев та бірнеше мәрте аудан, департамент, білім бөлімі басшыларына осыған назар аудару керектігі жөнінде тапсырма берді. Бірақ, нәтиже жоқ. Бізде республикаға үлгілі мектептер бар. Мақтаралдағы Б.Момышұлы, Қазығұрттағы Ж.Қаппаров атындағы мектептер бар. Бірақ, біз соның аттарын шығара алмай отырмыз. Тек қана жаман жағынан шығып жатамыз, - деген Сәдібеков залда отырған білім бөлімі басшыларына шүйлікті.  

 Облыс әкімінің орынбасары жиын өтіп жатқан залдан директорлары пара алып көп ұсталған Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Асанұлын іздеді. Одан жиналыс өткізу, түсіндіруден бөлек нақты не істеп жатқандарын сұрамақ болды. Бірақ, білім бөлімі басшысы еңбек демалысында болғандықтан, орнына орынбасарын Қ.Шадиеваны жіберіпті. Шадиева облыс әкімінің орынбасарын дұрыс түсінбеді ме, әлде сырғытпа жауаппен құтылғысы келді ме, «жиналыс өткіздік, қол қойдырып алдық, плакттар ілдік» деген жауап айтты. Дәл осындай жауапты Жетісай қаласының білім бөлімі де берді. Бірақ, бұл жауаптар Сәдібековты қанағаттандырмады, керісінше, ашуландырды. Ол «мектепте мұғалімдерден ақша жинамаңдар деп мектепті араладыңдар ма?» деп сұрады. Білім бөлімі басшылары «иә» деп жауап беріп құтылды. 

Қысқасы, орнынан тұрғызылған барлық директор мектепте «бәрі дұрыс, бәрі орнына қойылғанын» айтумен болды. Оларды тыңдап отырсақ, «мектепте мұғалімдерден, оқушылар мен ата-аналардан ақша жиналмайды, кітаптар бәріне жетеді, мұғалімдер ешқайда жұмсалмайды, жалпы ешқандай мәселе жоқ». Бірақ, бұл жауаптарға Ғ.Тұрсынбаев парадокс деген баға берді. Яғни, «бізде бәрі дұрыс болса, онда неге республикада сыбайлас жемқорлықтан дүркіреп тұр? Мұнда бір шикілік бар екенін анық». Осы тұста Сәдібеков департамент басшысының сөзін іліп алып кетті:

Бәрі керемет болса, неге дүркіреп тұрмыз? Онда бәрі керемет емес. Бәріңізді білемін. Құдай ұрып қалмасын! Сіздерге алдын ала айтып жатырмын. Әлгінде айтып жатыр, бағбаннан 600 мың теңгедей пара алады екен. Бағбан деген көп болса 30-35 мың теңге айлық алады. Сонда бағбан 2 жыл тегін жұмыс істеуі керек пе?  - деп залға барлай қарады. Ол директорларды жаңаша жұмыс істеу шақырды. Себебі бұрынғы формалды іс-шаралар ешқандай нәтиже бермейді. Бұл жолғы қатқылдау өткен жиынның қорытындысын күтейік. Әліптің артын бағып әңгімеге қайта оралармыз.  

Абылайхан СМАТУЛЛАҰЛЫ,

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Биыл қар әдеттегі нормадан 2 есеге көп түскен
  • Көшпелі форматтағы қоғамдық қабылдаулар көбейіп келеді
  • Қарағандылық уланған балалардан ішек инфекциясы табылмады – Министр Ажар Ғиният
  • Қарағандыда балалар уланған орталықтың басшысы мен 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді
  • Қазақстанның бірнеше аймағында жанармай тапшылығы туындады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер