Елбасы мақтаған Түймебаевты кімдер жақтырмай жүр?

0001.jpg

Соңғы уақытта Түркістанның дамуына қатысты бір-біріне қарама-қайшы келетін ақпараттардың  тарауы елді екіұдай ойға қалдырып жүр.  Тоқетеріне тоқталар болсақ, осы аптада Үкіметте тоғыз айдың қорытындысы шығарылған жиын өтті. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша үздік нәтижеге қол жеткізген өңірлерді атап өтті.

-Өңірлік бөліністе өнеркәсіптің қарқынды өсуін Атырау облысы (11,9 пайыз), Қостанай облысы (9,5 пайыз) және Шығыс Қазақстан облысы (9,2 пайыз) көрсетіп отыр. Үш өңірде төмендеу бар. Олар Қызылорда (-6,5 пайыз), Батыс Қазақстан (-3,7 пайыз) және Түркістан (-3,0 пайыз) облыстары. Бұл өңірлерде мұнай, газ конденсатын және уран кенін өндіру  көлемі қысқарды,-деді министр.

Уран негізінен Түркістан облысында өндірілетінімен уран компанияларының жұмысын «ҚазАтомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының бақылайтыны белгілі. Яғни, бұл салада облыс әкімдігінің қолында тізгін жоқ. Соңғы жылдары уранның әлемдік нарықтағы бағасының түскені, атом компанияларының қаржылай қиындықтармен бас ауырта бастағаны жасырын емес.

Ең қызығы, инвестицияға қатысты мәліметте болып отыр. Тимур Сүлейменовтың айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша барлық өңірде өсім бар. Тек бір ғана өңірде төмендеген. Түркістан облысында тоғыз айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бақандай 9,2 пайызға төмендеген. Мәссаған! Бірінші орында тоғыз айда  негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін 175,8 пайызға көбейткен Шымкент қаласы тұр.

Министр негізгі капиталға салынған инвестицияның азаюын облыстың Шымкенттен ірге ажыратқанымен байланыстырған жоқ.  Басты гәп  «Азия газ құбыры» құрылысының және «Шардара су электр станциясын» жаңғырту жобаларының аяқталуында көрінеді. «Азия газ құбыры» кәсіпорнының соңғы жылдары Оңтүстікте газ құбырын тартумен айналысқаны, жергілікті бюджетке салық төлегенінен хабардармыз. Құбыр тарту аяқталған соң инвестицияның көлемі де күрт кеміген.   Биыл Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұл жобаға миллиардттаған қаржы жұмсалды.  Шымкентте негізгі капиталға салынған инвестицияның 175 пайызға өсіп кеткені осымен байланысты сияқты. Зауытты жаңғырту биыл аяқталды. Енді келер жылы Шымкенттегі инвестицияның көлемі күрт төмендеп кетуі әбден мүмкін... Бірақ біздің негізгі айтпағымыз бұл емес еді.

Осыдан екі апта бұрын ғана «Көне Түркістан  – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форумда Жансейіт Түймебаев  Түркістан облысының инвестиция тарту бойынша республикада көш басында келе жатқанын мәлімдеген болатын.

- Мәселен, өткен жылы 482 миллиард теңге инвестиция құйылды. Енді тағы 4,8 миллиард  АҚШ долларын құрайтын 26 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Қазірдің өзінде оның 12-сі іске асырылуда,-деген болатын өңір басшысы.

Сол жиыннан соң іле-шала өңірге іссапармен келген  мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында  баяндама жасаған Жансейіт Түймебаев:

-2018 жылдың 8 айдың қорытындысы бойынша өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 250 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда  103,6 пайызды құрады. Мал басы артып, 3500 тонна ет экспортталған. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,7 миллион тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. 500 мың тоннаға жуық өнім Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталса, 1 миллион тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 286,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21 миллиард теңгеге артты. Өңір экономикасына 142 миллиард теңге инвестиция бағытталды,-деген болатын. Осы сапар барысында Президенттің өзі де өңірде атқарылып, қолға алынған жұмыстарға оң бағасын беріп кеткені елге мәлім.

Рас, өңірде өнеркәсіп өнімінің көлемі де артқанын, тартылған инвестицияның мөлшері де көбейгенін Түймебаев сегіз айдың қорытындысымен айтса, Сүлейменов тоғыз айдың қорытындысын баяндап берді. Бірақ бір айда жағдай күрт төмендеп, бірінші орында тұрған өңірдің бірден соңғы орынға түсіп кетуі мүмкін бе? Әй, қайдам!?  Ендеше Бақытжан Сағынтаев жетекшілік ететін Үкімет, оның ішінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың Түркістан облысын сынға алғанын «бүйректен сирақ шығару» дейміз бе?  Әйтеуір бір білетініміз Түймебаев әлдебір себептермен әлдекімдерге жақпай жүр...

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Биыл қар әдеттегі нормадан 2 есеге көп түскен
  • Көшпелі форматтағы қоғамдық қабылдаулар көбейіп келеді
  • Қарағандылық уланған балалардан ішек инфекциясы табылмады – Министр Ажар Ғиният
  • Қарағандыда балалар уланған орталықтың басшысы мен 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді
  • Қазақстанның бірнеше аймағында жанармай тапшылығы туындады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер