Елбасы кімдерге көбірек сенеді?

Көрлімі: 588

Screenshot_1.jpg

Сарапшылардың пайымдауынша, Президент Н. Назарбаевты   қарамағындағы топтардың жоғары лауазымды қызметтер үшін талас-тартысы шаршата бастаған сыңайлы. Бәлкім, күзгі ауыс-түйістердегі күтпеген жүрістердің басты себебі осы болса керек.  

Жалпы, бұл ауыс-түйістердің орын алғанына бір айдан астам уақыт өтсе де, саясаттанушылар әлі де кадр мәселесін күн тәртібінен түсірер емес. Оның бір себебі - кадрлық саясатқа қатысты болжамдар қазір тіптен жүрмейтіндігі болса керек. Әйтпесе, күні кеше ғана саяси элитаның бел ортасында жүріп, ең ықпалды саясаткердің бірі атанған Әділбек Жақсыбековтың алаңнан шеттетілуін, Қауіпсіздік Кеңесіне көпшілікке белгісіз Ғани Байжановтың келуін, Әсет Исекешевтің күтпеген жерден Президент әкімшілігінің жетекшілігіне, ал  Бақыт Сұлтановтың Астана қаласының әкімі болып тағайындалуын қалайша түсіндіресіз? Бәлкім, бұл  Президенттің өз айналасындағы түрлі кландардың өзара тартыс-таласына қатысты жауабы да шығар.  

Негізі, сарапшылар Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығына Жақсыбеков, ал Президент әкімшілігінің жетекшілігіне Кәрім Мәсімов тағайындалады деп күткен. Осы болжам іске асқан жағдайда қазіргі ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш осы органның басшылығына бекітілер еді. Бұл  билік транзиті жоспары бойынша  қай жағынан алғанда да сәйкес сценарий болатын. Бірақ, Елбасы басқа шешім қабылдады.  

Бұл ауыс-түйістердің түпкі мақсаты не? Сарапшылардың пікірінше, Елбасы кадрлық эксперимент жүргізіп, саяси аренаға бұған дейін негізінен «қосалқы құрамда» жүріп келген тың ойыншыларды қоспақ ниетте. Осы арқылы әзірше түрлі кландардың ықпалына ұшырап үлгермеген жаңа фигураларды өсіріп, беделді саясаткерлерге айналдыруға деген ұмтылыс ретінде қабылдаған жөн. 

Дегенмен, жаңа қызметтерге тағайындалған шенеуніктердің мойнындағы жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін атап өтпеске болмайды. Олардың қай-қайсысы болсын бұған дейін басқарып көрмеген салаға бекітілуі белгілі деңгейде сынақ болып отыр. Айталық, өмір бойы қаржы мен статистикадан көз ашпай келген Сұлтановтың енді Елорданың шаруашылығындағы қаптаған проблемаларын шешуге, көпшілік үшін тіптен бейтаныс Байжановтың күтпеген жерден конституциялық құзыры бар органға жетекшілік етуге, Исекешевтің ұлттық билік жүйесіндегі ең маңызды  да құзырлы тетіктердің бірі саналатын Президент әкімшілігін басқаруға шамасы қаншалықты жететінін дөп басып айту қиын.  

"Рейтинг" газеті

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Елбасы кімдерге көбірек сенеді?