«Хит» жарнамаға құмар Шымкенттің «зың» әкімінің беделі құлдырай бастады ма?

Көрлімі: 182

Screenshot_4.jpg

Әбдірахымовтың алғашқы әкімдік дәуренінде аптығы қатты еді. Біресе Лондон мэріне еліктеп шайтан арбаға мініп, онымен жазысқан хаты насихатталып,  біресе «Шымкент Лас-Вегастан да әдемі болуы тиіс» деген «қанатты» сөзімен танылған Әбдірахымов екінші мәрте туған еліне қызметке оралғанына бақандай  төрт ай өткенімен әзірге  пәлендей есте қаларлық әңгіме айта алмаған сияқты.  Әлде әлдекімдер имиджін өзгертуге кеңес берді ме, әйтеуір баяғыдай «айды аспанға шығарып» алаулатып, жалаулатқан жарнамасы жоқ.  Әрбір сөзі «хит», өзі «зың» әкім әкімі күні кеше аузынан тастамайтын Лондон, Париж, Нью-Иоркті ұмытып, үшінші мегаполисті Астананың тәжірибесімен дамытуға кірісті... Әйтеуір, Әбдірахымовтың алғашқы әкімдік дәуірі мен кейінгі дәуренінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Әлқисса...

Қазір  ірге ажыратып, өз алдарына отау тіккен Шымкент пен Түркістанды көпшілік бір-бірімен салыстыратын болды. Бөлінуден кейін қай өңір қалай дамуда? Әкімдері Ақордада, Үкіметте қалай бағаланып жатыр? Кім жұмысты шырқ үйіріп кетті, кім қожарытып алды дегендей қызығушылық қой, баяғы. Қайбір жолы Үкіметте тоғыз айдың қорытындысы бойынша өткен жиында Шымкенттің негізгі капиталға инвестиция тартуда көш бастап, ал Түркістан облысының  ең соңғы орыннан көрінгенін жазған едік. 

Осы аптадағы Үкімет отырысында жағдай керісінше болды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласы жеке инвестиция тартудың көрсеткіші бойынша республикада ең соңғы орыннан көрінді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінде Қазақстан — Орталық Азиядағы тікелей инвестицияларды тарту бойынша көшбасшы елге айналған. Оның үлесі шамамен 70 пайызды құрайды. Биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 21,6 пайызға артып, 7,5 трлн. теңгеге жеткен. Республикада жеке инвестицияның көлемі жалпы инвестицияның 70 пайыздан астамын құрайды. Бұл дегеніңіз әжептәуір жетістік. Бюджеттің ақшасына көз тікпей, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын жеке кәсіпкерлердің көмегімен өркендетуде Асқар Мырзахметов басқаратын Жамбыл облысы ешкімге дес бермей тұр. Аталған өңірдегі жеке инвестицияның көрсеткіші 120 пайыздан жоғары. Одан кейін Маңғыстау, Ақмола облыстары. Өкінішке қарай, халқының саны көп, мүмкіндігі жоғары  Түркістан облысы да инвесторлар үшін аса қолайлы аймақ болмаған сияқты.  Түркістан облысында көрсеткіш 103 пайызды құрап, тоғызыншы орынға табан тіреген. Ал Шымкентті не қара басқанына жауап берсін деді ме, әйтеуір, Үкімет отырысында Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа сөз берілгенін тікелей эфирден тамашаладық. 

- Биыл Шымкентке 414 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл  2017 жылмен   салыстырғанда 3 есеге көп,-деді Шымкенттің мэрі. Әбдірахымовтың өзі мойындағандай, биыл Шымкентте негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 275 пайызға бірден көтеріліп, республикада бірінші орынға шығуына әкімдіктің түк те қатысы жоқ екен. Бұл миллиардттаған қаржы жұмсалған Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытына салынған жаңғырту жұмыстарымен байланысты. 

-Мұнай зауытына салынған инвестицияны есептемегенде биыл экономикаға бағытталған инвестицияның көлемі 116 миллиард теңгені құрап, былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға көбейді.  Министр Ж.Қасымбектің баяндамасында жеке кәсіпкерлердің тарапынан тартылған инвестицияның  аз екендігі айтылды. Бұл көрсеткіш біздің зерттеу бойынша бюджет көлемінің көбейгенімен байланысты. 2-3 жылда бұл көрсеткіш одан да артатын болады. Өйткені Шымкент республикалық мәртебе алды, үлкен инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады. «Қазақинвестпен» жұмыс істеп жатырмыз, жеке инвестиция тартамыз,-деді әдеттегіше әңгімесінің соңын уәде берумен аяқтаған Әбдірахымов.   

Алайда Сағынтаевты бұл жауап қанағаттандыра алмады. 

-2018 жылдың тоғыз айдың қорытындысы бойынша инвестция тартуда жақсы көрсеткіштер бар. Инвесторларға қолдау шаралары көріліп жатыр. Инвесторлармен жұмыс істеу үшін әкімдердің арнайы орынбасарлары тағайындалды, әр өңірде Kazakh Invest өкілдері мен инвесторларға қызмет көрсету орталықтары бар, өңірлік инвестициялық штабтар құрылды. Өңірлерде инвесторларды тарту үшін тиімді жұмыс істеуге барлық жағдайлар жасалған,-деді алдымен Премьер.  Осыдан кейін:

- Ғабидолла Рахматоллаұлы, жеке инвестицияның көлемінің төмендеуі бюджеттік инвестиция көлемінің өсуімен байланысты деді. Мұны қабылдауға болмайды. Қол қусырып отыратын болсақ, бүкіл жұмыс бюджетке қарап қалады. Жалпы инвестиция тартуда Шымкенттегі көрсеткіш 275 пайыз болғанымен жеке инвестицияның көлемі 65 пайызды құрап отыр. Осындай жағдайлар Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Астана қаласында орын алған,-деген Премьер әкімдердің бюджеттің ақшасына қол жайып, жеке инвесторларды тартуда бойынша жұмыс істемейтінін сынға алды. Бұл сынның тізімнің соңында тұрған Шымкенттің әкіміне тікелей қатысты бары айтпаса да түсінікті ғой. 

Жалпы биылғы тоғыз айда Шымкенттің өнеркәсібіндегі жағдай да мәз емес сияқты. Мұны Әбдірахымов өзі де осы жиында атап өтті. Қараңыз, әкімнің айтуынша, қалада 2018 жылы 37 миллиард теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 1920 жұмыс орнын ашу көзделген. Тоғыз айда бар-жоғы  7,8 миллиард теңгелік 5 жоба ғана жүзеге асып,  592 жаңа жұмы орны ашылған. Яғни, тоғыз айда жоспардың үштен бірі ғана орындалған. Енді алдағы үш айда 100 пайызға жетеді дегенге сенуге бола ма? 

Иә, рас, Шымкенттегі биылғы тоғыз айдың алтауы Әбдірахымовқа емес, бұрынғы әкімі Нұрлан Сауранбаевқа тиесілі. Алайда содан бергі төрт ай ішінде Әбдірахымов командасын жасақтап, кадр тағайындаудан қолы босамаған сияқты. Төрт айда Әбдірахымовтың инвесторлармен кездескенінен қандай нақты нәтиже бергені  туралы   жарытымды ақпаратты құлағымыз шалмапты. Әбдірахымов  қызметіне тағайындалған алғаш кезде джинсы шалбар киіп, көзіне қара көзілдірік тағып, «Шымкенттемір» зауытына барғаны, одан кейін аяқ киім тігумен айналысатын кәсіпорынның жұмысымен танысқаны есте қалыпты. Осы уақыт аралығында Әбдірахымовтың инвесторларды қабылдағаны немесе осыған қатысты шара өткізгені есте қалмапты.  Әбдірахымов та бюджеттің ақшасына алақан жаюдан әріге аспайтын әкімге айнала бастаған сияқты ма? Ол жағын қайдам, дегенмен алғашқы әкімдік дәуірінде Шымкенттің даму тұжырымдамасын бекітіп, «бұған қаржыны қайдан табасыз?» деген депутаттың сауалына «мен бала емеспін» деп кәдімгідей ренжіп, бәрін жеке инвесторлардың көмегімен шешетінін айтқан Әбдірахымовтан  әзірге сөзі мен ісі сәйкестігі байқалмай тұрғаны рас.   Естеріңізде болса, тамызда Шымкенттің дамуы бойынша Премьердің алдында есеп берген Әбдірахымовқа Сағынтаев қаладағы біраз жобаларға инвесторлардың есебінен жүзеге асыруды, қазына қаржысына алақан жая бермеуді ескерткен еді... Бұл Сағынтаевтың екінші ескертуі. 

P.S.  Әбдірахымовқа қатысты тағы бір жаңалық: «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы шілдеде Қазақстандағы басқарушы элитаның екінші тоқсанындағы рейтингісін жариялап, тізімге Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты  енгізген болатын. Бұған таң қалатын ештеңе жоқ. Себебі басқарушы элитаның рейтингісіне бұған дейін Астана мен Алматы сияқты мегаполистердің әкімдері еніп, тіпті алғашқы бестіктен түспей жүретін. Үшінші мегаполистің әкімінің де бұл тізімге кіруі,  соңынан санағанда 12 орыннан  (48-37) көрінуі заңдылық еді. Қызығы сол, жуырда аталған орталық үшінші тоқсандағы рейтингіні жариялады. Бұл жолғы тізімге Әбдірахымов мүлдем енбей қалды.  

Бұл нені білдіреді? Шымкенттің шын мәнінде мегаполиске айнала қоймағанын ба, әлде Әбдірахымовтың абырой-беделінің, танымалдылығының төмендегенін бе? Сіз қалай ойлайсыз? 

Жәнібек ТАРХАН,

"Рейтинг" газеті