Бұрын парамен, қазір порталмен... Білім басқармасы қолға алған бастама қаншалықты баянды болады?

Screenshot_3.jpg

Астанада «Нұр Отан» партиясы Түркістан облысындағы жемқорлықты талқылап жатқан кезде Түркістанда облыстық білім басқармасы брифинг өткізіп,   мектепке маманды арнайы портал арқылы алу тәжірибесі мен білім саласын цифрландыруға қатысты ақпарат таратты.  Бұл «біздерде мынандай бар, мынандай бар» деген сол баяғы таныс әуен, дәлірегі  Астанада айтылған сынды жуып-шаю сияқты көрінді.

Жұрт ауруханаға порталмен жатуға үйренісе алмай жатқанда білім басқармасы мектепке мұғалім, бала қабылдауды портал арқылы жүргізуді бастады.  Естуімізше, облыс мектептерінде қолданысқа енген тың тәжірибені Президент әкімшілігі мақтап, өзге облыстарға таратуды қолға алғанға ұқсайды. Порталда кейінгі кезде Жамбыл және Павлодар облысы мектептеріндегі бос жұмыс орындары туралы мәліметтердің енгізілуі мұны растай түскендей.  

Облыстық білім басқармасы jumys.sitcen.kz порталы арқылы қатардағы қызметкерлер мен педагогтарды жұмысқа қабылдаудың автоматтандырылған жүйесін ендіргенін «Рейтинг» газеті бұған дейін де жазған болатын. Содан бергі аралықта біраз уақыт өтті. Осы жүйенің енгізілуімен облыстың білім ұяларындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар сап тыйылды деуге болмайды, әрине. Бастама бар. Оның қаншалықты баянды болары әлі белгісіз. 

 Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықованың айтуынша, бүгінгі күнге дейін аталған электронды жүйеде 1571 педагог пен техникалық қызметкердің бос жұмыс орындары туралы хабарлама жарияланған. 

-Қазіргі таңда jumys.sitcen.kz порталы арқылы 837 адам жұмысқа орналасқан. Жүйеге жалпы жұмыс іздеушілер тарапынан қызығушылық танытып, бүгінгі күні 62 778 қолданушы тіркеліп отыр. Сондай-ақ, 4632 жұмысқа қабылдау туралы өтініш келіп түскен. 2019 жылдан бастап дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттарына қабылдау mektep.sitcen.kz  порталы арқылы жүзеге асырылатын болады. Аталған жүйеде мектепке қабылдау конкурсын өткізу толық автоматтандырылған, - деді басқарма басшысының орынбасары.     

Яғни, бүгінгі күні екі қолға бір күрек таппай жүргендер  жаппай осы порталға тіркеліп, өзіне қажетті жұмысты тауып жатыр. Мектеп директорлары өздігінен маман қабылдай алмайды. Бәрі портал арқылы шешіледі. Мектепке маман бұрын парамен алынса, қазір порталмен қабылданады. Білім басқармасының мәліметіне қарағанда солай сияқты. Бірақ шынайы өмірде солай ма? 

Порталда облыстағы білім ұяларына қандай маманның қажеттігі, қай мектепте және бос орынға қанша адамның өтініш бергені көрсетілген. Өкінішке қарай, бос орындарға ұсыныс аз. Ары-тұра бір-екі өтініш болмаса басым бөлігіне ешкім ешқандай өтініш бермеген (айта кетері, өтінішті осы порталға тіркеліп, электронды түрде беруге болады). Егер ешқандай өтініш бермесе, 62 мыңнан астам адам, дәлірегі жұмыс іздеуші бұл порталға неге тіркелген? Жай ғана тіркелушілердің санын көбейтіп тұру үшін бе?  Жалпы бұл тіркелгендер шынымен де жұмыс іздеушілер ме әлде мектептегі қарапайым мұғалімдер ме? 837 адам  портал арқылы, ешкімге бір тиын ақша бермей, көке-жәкесіз, тамыр-таныссыз  жұмысқа тұрды деуге бола ма? Бұл портал расында да мектептегі сыбайластықты жоя алды ма? Бұған жұмысқа тұрған жас мамандардың өздері не дейді? Ұстаздар, білім бөлімінің басшылары не дейді? Бұл тақырыпқа біз алдағы уақытта қайта оралатын боламыз.  

Дереккөз: Рейтинг газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Президент екі Заңға қол қойды
  • Созақта шенеуніктер сәбіздің келісін 16 мың теңгеден сатып алуды жоспарлаған
  • Биыл қар әдеттегі нормадан 2 есеге көп түскен
  • Көшпелі форматтағы қоғамдық қабылдаулар көбейіп келеді
  • Қарағандылық уланған балалардан ішек инфекциясы табылмады – Министр Ажар Ғиният
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер