288 мың теңге жалақы жөнінде ел не дейді?

Көрлімі: 210

Screenshot_1.jpg

Өткен аптада «Рейтинг» газетінде журналистік зерттеу жүргізу арқылы жазылған «Ақерке Абылайхан елді ақымақ санай ма?» деген сыни сараптамалық мақала шыққан болатын. Мақалада Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының ресми жиында мектеп мұғалімдерінің жалақысына қатысты келтірген ресми мәліметі қаншалықты қисынға келетінін  саралап көрдік. Ақерке Абылайхан ханым абайсызда цифрларды жаңалысып айтып ағат сөйлеп қойған шығар деген оймен білім басқармасының баспасөз қызметінен осыған қатысты ақпарат сұрап зерттеуімізді пысықтай түстік. Бастықтың айтқаны мен баспасөз қызметі ұсынған мәлімет екеуі бірдей сәйкес келгеннен кейін мақала жазуға кірістік. Өмірін ұстаздыққа арнаған нақты адамдармен тілдесу арқылы әңгіме өрбіттік. Жарияланған мақалаға әсіресе  әлеуметтік желідегі белсенділер қызу атсалысты. Солардың тек бірқатарының пікірін өзгеріссіз сөзбе сөз түрінде үзік-үзік ғана беріп ойды сабақтасақ: 

Мысалы, Фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан ұстаздары» тобында: 

Screenshot_2.jpg

Screenshot_3.jpg

Screenshot_4.jpg


Гүлзира Искакова, «Адамның күлкісін келтірмесінші, кішкене шындықты жанастырып сөйлесе болмай ма? Мұндай айлықты түсімізде де көрмейміз ғой»; 

Эльвира Абдельдаева, «Өтірік қой мынау, 36 жыл еңбек өтіліммен, жоғары санатпен, жүктеме де көп, деңгейлік білім бар, 145 мың алам. Қайдағы 250-280 мың?»; 

Перизат Өтенбекова, «Асыра сілтеп жіберген сияқты. Жалған ақпарат не үшін керек? Түсінбеймін. Мұғалімдердің қанша айлық алатынын білмей ме?»;

 Айнұр Алтуреева, «100 мың жалақының өзі қазір арман болды ғой. Деңгейлікті де оқыдық, бірақ, қосылып жатқан түгі жоқ»;

Ахын Сейсеке, «Біздің басшылар өтірік есеп беруден алдына жан салмайды ғой. Өтірікті де жобалап айту керек қой. Миға сыймайтын санды айтып сандырақтағанша»;

Бақытханым Губашева, «Бір үйде екі педагог отырмыз. Біріміз 65 мың, біріміз 80 мың жалақы алып. 6 жанның тірлігіне тиын-тебенін есептеп, бір айға сүрініп жетеміз. 250 мың алсақ, аузымыздан ақ май ағып отыратын шығар-ау»...

Screenshot_5.jpg

Мақалаға байланысты ешбір дәлел-дәйексіз, нақты фактісіз тек құрғақ сөзбен  түк қисынсыздығын біле тұра бірлі-жарым мәртебелі оқырмандарымыздың Ақерке ханымды ақтап алуға жөнсіз жанталасқаны болмаса жалпы елдің пікірі негізінен осылай ортақ арнаға тоғысқан тұста «Ońtústik» телеарнасының тілшісі Нурлан Алимбаевтың «150000 теңгеге Заказ жазатындарға мән бермеңіз, тек алға әпке!» деп әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы пост жариялауына «апам да аң-таң, мен де аң-таң» күй кештік. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр қысы бір жақ» деген халық даналығы еріксіз ойымызға оралды. Сөзге жауап бере алмай сотта абыройы айрандай төгілмес үшін  ертең тайқып кетуге ыңғайлы деген бақай есеп, пасық пиғыл болды ма, әйтеуір басылымның аты нақты аталмауы сақтанудың  сиқы шығар сірә?! Дәл сын мақала жарияланған кезде әріптесіміздің бұл әңгімесіне нендей себеп-салдар барын өзінен сұрамақ болып бірнеше рет қоңырау шалғанымызбен ұялы телефонының тұтқасын көтермеді. Егер сөзіне жауап бере алар шамасы болса немесе Ақерке Абылайханның жалақыға қатысты сөзі растығын дәлелдейтін уәжі  болса газетке жариялауға дайынбыз. 

Ақиқат пікірталастан туады. Білім басқармасының басшысымен де, қала әкімімен де  ешқандай бас араздығымыз да, әлдекімдер бір жерімен бал ашқандай бақай есебіміз де жоқ. «Сын түзелмей мін түзелмес» деген үмітпен кім-кімнің болса да бүгін кемшілігін  жазсақ, ертең сол адамның жақсы тірлігін жұртқа жеткізуге әзірміз. Осылайша барды бар, жоқты жоқ деуге дағдыланған «Рейтинг» кімнің болса да көзқарасына құрметпен қарайды. Төменде елге танымал азамат Қанатбек Досалиевтің мақаласы қоса жариялануы осының айғағы. 

"Рейтинг" газеті

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: 288 мың теңге жалақы жөнінде ел не дейді?