Әбдірахымовтың «пиарщигі»

Screenshot_19.jpg

Шымкентте әлеуметтік желіге телмірген қауым атына жақсы қанық Данат Жуминді жұрт Әбдірахымовтың орынбасарынан гөрі оның пиарщигі ретінде жақсы біледі десек, артық айтпағанымыз шығар. Жасыратыны жоқ, Жумин ешкімнің ойына келе бермейтін үнемі тың бастамаларды ойлап тапқыш. Алайда бас пиарщиктің бастамаларын, ұсыныстарын оқыған сайын кімнің қандай ой түйетінін қайдам, өз басымыз шенеуніктердің кәлләсындағы қиял-ғажайыптың шынайы жағдаймен мүлдем үйлеспейтініне, қабыспайтынына көз жеткізгендей боламыз. 

Әңгіменің тоқетеріне тоқталар болсақ, жуырда сол данышпаныңыз Фейсбуктегі парақшасына Шымкент қалалық әкімдігінде эксперименттің басталғанын сүйінші сұрағандай етіп жазыпты. Құдай-ау, осындай алағай-бұлағай заманда шымкенттік шенеуніктер эксперимент жасамай-ақ, қалыпты жұмыстарын істесе қайтер еді дедік. Жаңа бастама бойынша ол әкімнің орынбасары ретінде өзіне қарасты басқармалардың қызмектерлерімен бірге жау қуғандай жайлы кабинеттерін тастап, ашық кеңістіктегі кеңсеге кетеді екен. Ашық алаңда бір-бірімен иық тіресе отырып жұмыс істеуді әдетке айналдырады-мыс. Қызметкерлердің араларында ешқандай қабырға болмайды. Қабылдау бөлмесі, хатшылық деген де қолданыстан шығады. «Ашық есік» саясаты жүргізіледі. Алты хатшының орнын жалғыз рецепция басады. Ал басшылардың кабинеттері мөлдір шынымен қоршалады екен. Енді әкімдіктің айналасын да полицейлер күзетпейді. Жұрт ғимаратқа емін-еркін кіріп шығады. Келушілерді ешқандай күзетші тексермейді. Кәсіпкерді, инвесторға қажетті қызметтің бәрі де осы ашық кеңсеге әкелінеді. Кәсіпкер шенеунікке бармайды, шенеунік кәсіпкерге барады дегендей ғой. Тәжірибе сәуірден басталады. Жуминнің жазуынша, осы жоба арқылы халыққа жақындауға болады екен. Әкім орынбасары эксперименттің қорытындысын міндетті түрде жариялауға уәде етті. 

Алайда әкімдікке келген халықтың, кәсіпкердің, инвестордың жақсы қарсы алу, жақсы қызмет көрсету өз алдына, оның арқалап келген мұң-мұқтажын созбалаңға салмай, бар ынты-шынтысымен шешіп беру өз алдына бөлек мәселе ғой. Басқасын қайдам, келуші үшін соңғысы маңыздырақ сияқты. Мейлі Данат Жумин әкімдікке келгендерді кернейлетіп, сырнайлатып қарсы алсын, асты-үстіне түсіп бәйек болсын, бірақ бұдан проблема шешілмесе, кәсіпкер кеңсенің табалдырығын тоздыра берсе, одан не пайда? Проблеманы шешу үшін кабинет ауыстырып, айдалаға қашып кетудің қаншалықты қажеті бар еді? Бұл Жуминнің соңғы кездері қожырап кеткен жұмысын жөнге қоя алады ма?! 

Біздің білуімізше, Данат Жумин әкімдіктегі туризм, инвестиция, өнеркәсіп сияқты өте маңызы салаларға жауапты. Мегаполисте дәл осы салалар мейілінше дамуды қажет етеді. Естеріңізде болса, былтыр жыл соңында Шымкент жеке инвестиция тарту бойынша көш соңында қалып, сол үшін селекторлық жиында Әбдірахымов Сағынтаевтың алдында жауап берген болатын. Жуминнің былтырғы алты айда атқарған жұмыстарын осы бір ғана көрсеткішпен бағалай салуға болмайтын шығар, әрине. Бірақ, Шымкентке инвесторлардың ағыл-тегіл келіп жатпағаны да рас. Кешегі күні Үкімет екі айлықты қорытындылады. Шымкент негізгі капиталға салынға инвестиция бойынша соңғы орында қалды. Шымкент алдағы 3-4 жылдың көлемінде дотациялық өңірден донорға айналуы тиіс. Жергілікті түсімді арттыру тек салықты көбейту арқылы ғана шешілмейді. Ол үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, инвестиция тарту керек. Ал Данат Жуминнің арзан пиарлары, баянсыз бастамалары бюджетке түсім бола ма? 

Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, Жумин – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Америкада бизнес меңгерген. Мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алған. Астанада түрлі қызметтерді атқарған. Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, одан кейін «Нұр Отанда» тәжірибе жинаған. Былтыр жазда Данат Жумин Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Күтпеген жерден. Әкімдік жүйеде мүлдем істеп көрмеген шенеунік мұндай карьераны түсінде де көрмейтін шығар, сірә. Жаңа кандидатураны Ақорданың келісімінен өткізген Әбдірахымовтың өзі екендігіне ешкім талас тудырмайтын шығар. Бұл Жумин Әбдірахымов үшін әрі сенімді, әрі керек кадр болғандығын білдірсе керек. 

Керек кадр кейбір білгіштердің айтуынша, Әбдірахымовтың имиджін көтеруге өте қомақты үлес қосқан. Шымкент әкімінің  велосипедке отырғызу идеясының төркінін сол кездегі штаттан тыс кеңесші Жуминмен байланыстырылып жүр. Бірақ, осы бастамадан кейін жұрт түгілі шенеуніктердің өздері де шайтанарбаға жаппай мінген жоқ. Тіпті ол соңғы кезде ұмытыла да бастаған сияқты. Ал осы байк арқылы Әбдірахымов өзіне қаншама пиар, абырой-бедел жасады десеңізші. Былтыр жыл соңында Әбдірахымовтың халықты әйелге теңгені, жұртты айналасы мөлдір шынымен қоршалған кабинетте қабылдауы да бас пиарщиктің идеясы болуы мүмкін. Әбден мүмкін...

Жуырда Әбдірахымов  есеп беру жиынында 1 наурыздан бастап, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерінің автобустарда тегін жүретінін хабарлап, көпбалалы аналардан сүйінші сұрағаны белгілі. Ақпарат құралдары Шымкент қалалық әкімдігінің қайырымдылығын жазып, шулап кетті. Бұл идея қаланың көлік саласына жауапты орынбасар Қайрат Нұртайдан шықпағаны айдан анық. Себебі Қайрат Нұртай Шымкентте алтын, күміс алқалы аналардың онсыз да баяғыдан тегін жүретінін білмеуі мүмкін емес қой. Әлеуметтік желідегі парақшасына әдемілеп, әспеттеп тұрып жазғанына қарағанда, Әбдірахымовтың 8 наурызға арнаған «сыйлығының» авторы да жергілікті жағдайды жақсы білмейтін Данат Жумин болуы әбден мүмкін. Біз мәселенің мән-жайын білу үшін кешегі күні «Южавтотранспорт» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюповпен тілдескен едік.

– 1 наурыздан бастап автобуста тегін жүретіндердің тізіміне ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері онсыз да 4-5 жылдан бері тегін жүреді. Рас, олар тегін жүрсін деген заң жоқ. Бірақ, көлік компаниялары өз тараптарынан көпбалалы аналарға қамқорлық жасау үшін оларды тегін жүретіндердің категориясына енгізген. Заңда тек Ұлы Отан соғысының ардагерлері, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған тыл ардагерлері және зағиптар ғана тегін жүре алатыны жазылған. Қазір Түркістан, Арыс қалалары қоғамдық көлікте тегін жүретіндерге айына 8-10 мың теңгеден беріп жатыр. Естуімше, Шымкент әкімі «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері үшін бюджеттен субсидия беремін депті. Көлік компаниялары осы жаңалыққа үлкен үмітпен қарап отыр. Бұл біз үшін өте үлкен көмек болар еді, – деді төраға. 

Осы жерде айта кетейік, шымкенттік шенеуніктер 2017 жылдың күзінде қызметтік көліктерін қаңтарып тастап, жаппай автобуспен жүрген еді. Қоғамдық көліктің проблемаларын зерттейміз, шешеміз деген атқамінерлердің тың жобасынан түк те шықпағанына бұдан артық қандай мысал келтіруге болады. Бәрі пиар, бәрі тек арзан  имидж үшін. Қара халыққа түкке де керегі жоқ дүниелер.  

Ақпанда Әбдірахымовтың халық алдында берген есебінің ертеңіне шымкенттік аналар әкімдікке келіп, өздерінің талап-тілектерін жазбаша түрде беріп кетті. Жумин Фейсбуктегі парақшасына осы жиыннан түсірілген фотоны, видеоны жүктеп, әкімдікке 120 ананың келгенін жазыпты. Шын мәнінде бұл цифр бұдан бірнеше есеге көп еді. Сонда бұл не? Елді көпе-көрнеу алдаудың тағы бір тәсілі ме? Сол жиында қала әкімі орынбасарларының ішінен тек Жуминді ғана көзіміз шалмады. Халықтың, аналардың шын жанашыры қайда жүрді? Егер шын жанашыр болса...

Айтпақшы, Жуминнің мөлдір шыны, ашық кеңестікке қатысты постының астына пікір жазған бір оқырман «Мұның бәрі де кезекті бла-бла-бла....??? Тағы да сендердің шыны кабинет туралы идеяларыңа мемлекеттің  қазынасы жұмсалатын болды. Білесіздер ме, сіздерден гөрі Ұлыбританияның премьерімен әңгімелесу әлдеқайда жеңілірек»,- деп жазыпты. Жуминнің тірлігіне қойылған дәл диагноз дерсің. 

Ал әкім Әбдірахымов «пиарщиктің» бастамаларынан жұрттың жүдә қатты жалыға бастағанын біле ме екен? 

"Рейтинг" газеті


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Биыл қар әдеттегі нормадан 2 есеге көп түскен
  • Көшпелі форматтағы қоғамдық қабылдаулар көбейіп келеді
  • Қарағандылық уланған балалардан ішек инфекциясы табылмады – Министр Ажар Ғиният
  • Қарағандыда балалар уланған орталықтың басшысы мен 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді
  • Қазақстанның бірнеше аймағында жанармай тапшылығы туындады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер