Қазақстанда қос өкімет орнап жатыр ма?


назарбаев.jpg

Қазақстанда қос өкімет орнап жатыр ма?

Назарбаев қызметтен кетсе де саясаттан кетпейді

Елбасының президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуы, Қазақстанда бірінші адамның ауысуы әп-сәтте бола салды. Бір қарағанда бәрі кенеттен сияқты.Бірақ алдын ала болжанғаны рас. Иә, сарапшылар бұған дейін Н.Назарбаевтың келесі сайлауға түспейтінін, алайда оның Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікке ықпалын жүргізе беретінін айтқан еді. Бәрі айна-қатесіз келіп жатыр. 

Тоқаев өзінің аппаратын жасақтауда. Елбасы өзінің кеңсесіндегі кадрларды тағайындауды аяқтап қойды. Біреуі Тұңғыш Президент, біреуі жаңа Президент... Қазақстанда қос өкімет орнап жатқандай әсерде қаласыз.  

Н.Назарбаев президенттік тақтан кеткенімен, үлкен саясаттан кетпейтінін алдын ала мәлімдеп қойды. Қауіпсіздік кеңесіндегі, «Nur Otan» партиясындағы төрағалықтың тізгінін бермейді. Конституциялық кеңестің мүшелігі тағы бар. «Сәуегейлер» бұған дейін Қазақстандағы билік транзитінің қандай жолмен жүзеге асатыны турасында пікір таластырып келген еді. Енді оның қандай жол екендігі анық байқала бастаған сияқты. Н.Назарбаев Ниязов пен Каримовтың тағдырын қайталамады. Шеварднадзе мен Ақаевтың кебін киген жоқ.  Елбасы ерекше жолды таңдады. Бірақ, бәрібір де билік транзитінің қазақстандық сценарийі Сингапурде осыдан отыз жыл бұрынғы жағдайда, елдің тұңғыш премьері Ли Куан Юдің жолын еске түсіреді. 

Сингапурлық варинат

Ли Куан Юді кейбіреулер реформатор, мықты экономист, ғаламат ақыл иесі ретінде, енді біреулер диктатор, автократ, тіпті қатігез саясаткер ретінде таниды. Ли жемқорларға, ұрыларға қарсы қатаң заң қолданған басшы ретінде белгілі. Сингапур әлемде өлім жазасы ең көп орындалатын елдердің көш басында тұр. Куан Ю билікте отырған кезде  демократиялық қағидалармен аса көп санасқан жоқ. Халықтың ой-пікіріне құлақ асуды да онша жақтырмаған саясаткер. Ол ең бастысы өзінің бағыт-бағдарының дұрыстығына сенді. Басқалардың бәрін осы жолда еңбек етуге жұмылдырды. 

Куан Ю билік еткен 31 жылда Сингапур Малайзиядан тәуелсіздігін алды. Экономикасы нашар, барлық тауарды сырттан сатып алатын, ешқандай табиғи байлығы жоқ, тілі де, діні де әралуан ұлттардан тұратын ел әлемдегі дамыған он елдің қатарына кірді. Сингапурдың «экономикалық таңғажайыптары» туралы көп әңгіме айтылады. 

Ли Куан Ю мемлекет басшысының орынтағына бар-жоғы 36 жасында келді. 1990 жылы 67 жасында отставкіге кетті. Бірақ кетті деген аты ғана еді. Мемлекеттің тізгінін оның ізбасары Го Чок Тонг алды. Ал Ли Куан Юға биліктен арнайы лауазым ойлап табылды. Ол лауазым «аға министр» деп аталды. Қағаз жүзінде аға министр штаты президент, парламент спикері, премьер-министр, вице-премьер, кеңсе басшысынан кейінгі қызметтердің бірі саналды. Ал шын мәнінде Ли Куан Ю  бәрінен жоғары тұрды. 2004 жылы премьер-министрдің креслосын оның ұлы Ли Сянь Лун иеленді. Куан Ю ұлының үкіметінде министр-ментор (біздіңше министр-ұстаз деген мағынада) қызметін атқарды. Ресми түрде ол министрдің ұстазы деп жазылғанымен, халық оны тұңғыш премьер, ұлттың атасы деп атады. 

Байқасаңыздар, Сингапурде – премьер-министр мен аға-министр. Бізде – Тұңғыш Президент пен жай Президент. Кімнің президенттігі шынайы, кімдікі формалды? Мұны кім түсіндіріп бере алады?

2015 жылы Ли қайтыс болған кезде елде жеті күн қаралы күн деп жарияланды. Ұлағатты ұстаздың жиі айтқан бір сөзі бар: «Бәрін бас салып көшіре салуға болмайды. Өзгенің тәжірибесін жергілікті жағдайға бейімдеу, ұлттық ерекшелікті ескеру қажет». Қайбір жылдары орыстың данышпандары «Ли Куан Юдің әдіс-тәсілдерін Ресейге қалай енгізуге болады?» деген сұрақтың төңірігінде пікір таластырыпты. Сарапшылар бірауыздан «Куан Юдің тәжірибесін Ресейде енгізу мүмкін емес. Оның басты себебі Ресейде қытайлар жоқ» деген екен. 

Назарбаев сингапурлік тәжірибені қаншалықты сәтті енгізе алды? Мұның дәл жауабын беру тек уақыттың ғана еншісіндегі дүние. 

Кеңес кадрлық тағайындауларға да араласады

Рас, қазіргі Қазақстан билігінде «Тұңғыш Президент» деген лауазым жоқ. Ол – Н.Назарбаевқа берілген атақ. Назарбаев жоғарыда айтқанымыздай, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы. Былтыр заңға енгізілген өзгерістерден кейін Қауіпсіздік Кеңесінің құзыреті күшейтілді. 

Заң бойынша Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстандағы ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, конституциялық құрылымды, мемлекеттік тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты және халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті құратын және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган болып табылады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасымен келісе отырып қалыптастырады. Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі міндеттеріне елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жоспарлау, қарау және олардың іске асырылуын бағалау кіреді.

Мемлекеттік бағдарламаларды, заң жобаларын, маңызды сыртқы саяси және мемлекеттік мәні бар өзге де бастамалар жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді. Кеңес Үкіметтің ұлттық қауіпсіздікті, қорғаныс қабілетін, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы қызметінің нәтижелері мен негізгі бағыттары туралы жыл сайынғы баяндамасын тыңдайды. Тағы бір маңызды мәселе – Кеңестің орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшы лауазымдарына тағайындауға ұсынылатын кандидатураларды талқылауға құқығы бар. Яғни, алдағы уақытта Тоқаев облыс әкімдерін, құзырлы орган басшылығына үміткерлерді Н.Назарбаев басқаратын Кеңеспен талқылайды деген сөз. Ал Назарбаев өзі салған сара жолының тоқтаусыз жалғаса беруін осы Кеңес арқылы бақылап, қадағалап отырады. 

Президент – Ақордада,

Тұңғыш Президент – Назарбаев орталығында

Президент Тоқаев – Ақордада, Тұңғыш Президент Назарбаев орталығында отырады. Назарбаев орталығы ресми құжаттарда көп функционалды ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесі деп жазылған. Ол 2012 жылы Қазақстан Республикасының «Президенттік мәдениет орталығы» мемлекеттік мекемесінің негізінде Қазақстанда мемлекеттіліктің тарихын жүйелі зерттеу және танымал ету мақсатында көпфункционалды ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесі болып құрылған. Назарбаев орталығы қызметінің негізгі мәні Қазақстандағы мемлекеттілік тарихын зерттеу мен танымал ету бойынша бірыңғай және белсенді ақпараттық кеңістік құру мен одан әрі жетілдіру болып табылады екен. Осы ғимаратқа көшіп келген соң Назарбаев өзінің кеңсесін құрды. Кеңсеге бір кездері Президент Кеңсесін басқарған Махмуд Қасымбеков жетекшілік ететін болды. 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы шешімімен Айдос Үкібай – Елбасының баспасөз хатшысы, Арслан Дәндібаев – Елбасы хаттамасының бастығы, Нұрлан Ыбырайым – Ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің бастығы, Нұрлан Қаймолдаев – Құжаттама, қаржы және кадрлар бөлімі меңгерушісі, Асқар Молдағаринов – Елбасы басқармасының бастығы хатшылығының меңгерушісі, Эльдар Томашов Елбасы көмекшісі хатшылығының меңгерушісі болды. Президент өзінің қасына Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметін жарты жылдай атқарған Әсет Исекешевті де ертіп кетті. Ол енді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры болып тағайындалды. 

 Тоқаев алғашқы ауыс-түйістерді өзінің аппаратынан бастады. Мемлекеттік хатшы лаузымында бір айдай отырған Бақытжан Сағынтаев – Президент әкімшілігінің жетекшісі, ал Марат Тәжин Мемлекеттік хатшы лауазымына кірісті. Марат Тәжиннің орнына Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болып Үкіметтің кеңсесінен Дархан Кәлетаев келді. 

Тұңғыш Президенттің кеңсесі мен қазіргі Президенттің аппараты толықтай жасақталып бітті. 

Айтпақшы, бұл екі орган бір-біріне бағынбайды. Әркім тек өз басшысының тапсырмасын орындайды. 

Дариға бірінші бола алады ма?

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда билік транзиті басталды. Бірақ, ол аяқталған жоқ. Естеріңізге сала кетсек, Ли Куан Юдің ұлы премьерлікке, 2004 жылы, әкесі «зейнеткерлікке» кеткеннен 14 жылдан кейін келді. Түптің түбінде Дариға Назарбаева да сингапурлік жоспар бойынша әкесінің тағын иеленуі мүмкін бе? Әбден мүмкін. Тоқаевтың орнына Дариға Назарбаеваның едел-жедел түрде Сенат төрайымы болып сайлануы бұл болжамның негізсіз еместігін көрсетті. 

Дариға Назарбаева қазірдің өзінде мемлекеттегі екінші адам.  Бірінші болуға бар-жоғы бір қадам ғана қалып тұр. Тіпті Дариғаны президентікке сайламай-ақ, Тоқаев сияқты тағайындап жіберуге де болады ғой. Бұл жағынан тәжірибе жеткілікті. 

Ал енді бұл вариант қарапайым халыққа ұнай ма әлде ұнамай ма? Мұны да тақсыр уақыттың төрелігіне тапсырдық. 

"Рейтинг" газеті 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Биыл қар әдеттегі нормадан 2 есеге көп түскен
  • Көшпелі форматтағы қоғамдық қабылдаулар көбейіп келеді
  • Қарағандылық уланған балалардан ішек инфекциясы табылмады – Министр Ажар Ғиният
  • Қарағандыда балалар уланған орталықтың басшысы мен 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді
  • Қазақстанның бірнеше аймағында жанармай тапшылығы туындады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер