Басты миссия - халық үніне асатын мемлекет құруға ат салысу

 Screenshot_2.jpg

Қазақстан Республикасының Әкімшілік Рәсімдік Процестік Кодексі өздеріңізге белгілі 2020 жылдың 29 маусымында қабылданып, ағымдағы жылы, яғни  2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енді.

ӘРПК-ны қабылдау біздің еліміздіңқұқық жүйесіндегі елеулі оқиға.

ӘРПК-құқықтық мемлекеттің маңызды атрибуты, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын 

Жаңа Кодекс әкімшілік рәсімдерді, мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ, жария-құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу тәртібін реттейтін заңнамалық актіні білдіреді. Бұрын біздің елде мұндай заңнамалық акт болған жоқ, бұл жаңалық бүгінгі күннің талабы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет» деген болатын.

ӘРПК-тің қолданысқа енгізілуімен ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» және «Әкімшілік рәсімдер туралы» қолданыстағы заңдардың күші жойылады, ҚР Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 27-29 тарауларын  (286-297 баптар) қоса алғанда бірқатар басқа да кодекстердің бірқатар нормалары өз қолданысын тоқтатады.

Әкімшілік әділеттің негізгі міндеті-әкімшілік органдардың (мемлекеттік және мемлекеттік емес субъектілер) заңсыз іс әрекетінен азаматтардың құқығын, бостандықтарын қорғау болып табылады.

Яғни, Жаңа ӘРПК жоғары тұрған органда немесе сотта мемлекеттік органдармен болатын дауларды қарастыру кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне сапалы жауаптар қайтармаған мемлекеттік қызметкерлерге қатысты айыппұл санкцияларын бекітеді.

Кодекстің негізгі мәні – азаматтың немесе заңды тұлғаның жүгінуі нәтижесінде қабылданатын әкімшілік акті, оны орындау, заңсыз актіні өзгерту, жоюмен  байланысты әкімшілік органдарының қызметі, сондай-ақ әкімшілік орган және соттың дауларды шешу тәртібі болып табылады.

Кодекстің жаңашылдығы ендігі жерде сотта әкімшілік іс қаралғанда  дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады. Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс.

Кодекстің 3 бабына сәйкес, Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу.

Яғни сотта қаралатын жария-құқықтық дауларда бір жағынан заңгерлік қызметі мықты мемлекеттік аппарат пен екінші жағынан азамат немесе заңды тұлғаның тең емес екендігі байқалады. (бір жағынан мемлекеттік аппарат, екінші жағынан азамат).

Соттың белсенді рөлінің қағидаты әкімшілік сот ісін жүргізудің аса маңызды қағидаты болып табылады.

Әкімшілік процесс пен азаматтық процестің маңызды айырмашылығы-азаматтық процесте-дәлелдемелерді жинау мен ұсынуды Тараптар жүзеге асырады және сот ұсынылған дәлелдемелерді қараумен шектеледі.

Әкімшілік процесте- сот істі дұрыс шешу үшін барлық қажетті құжаттарды талап ету мүмкіндігіне ие бола отырып, дәлелдемелер жинау туралы бастама көтереді.

Сот талап қоюларда жіберілген формальды қателерді жоюға жәрдемдеседі, азаматтарға түсініксіз талап қоюлар түсіндіріледі және нақтыланады.

Сот тараптар ұсынған дәлелдемелермен шектеліп қалмай, дауды шешуде маңызға ие барлық мән-жайларды жан-жақты, толық әрі объективті зерттейді. Сот өз бастамасы бойынша қосымша мәліметтер мен дәлелдемелер жинауға құқылы.

Әкімшілік сот өз шешімдерінің орындалуына қатаң бақылауды қамтамасыз етеді.

 Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекс мемлекеттік органдарға дәлелдеу міндетін жүктей отырып, сонымен қатар соттың процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқығын белгілеген.

Жауапкерден сот шешімін орындауға процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде ақша өндіріп алу көзделген, ол сот шешімі орындалғанға дейін бірнеше рет қолданылуы мүмкін. Сот шешімін орындамаған жағдайда жеке, лауазымды, заңды тұлға немесе оның өкілі мөлшері 50-ден 100 АЕК-ке дейінгі соманы төлейді.  

Қазіргі уақытта мемлекет пен азамат арасындағы даулар жалпы юрисдикциялық, сондай-ақ экономикалық және азаматтық соттарда қарастырылса, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекет пен азамат арасындағы даулар жаңа әкімшілік соттардың қарауына өтеді. Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды. (бұрын 15 және 30 күнтізбелі күн болатын)

өтініш негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімін әкімшілік орган басшысының немесе оның орынбасарының уәжді шешімімен ақылға қонымды, бірақ әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды белгілеу қажеттігіне орай екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, әкімшілік рәсімге қатысушы бұл туралы мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

Әкімшілік рәсім мерзімін негізсіз ұзартқаны үшін шешім қабылдауға уәкілеттік берілген адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік және өзге де жауаптылықта болады.

Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.

Шағымды қарау мерзімі ұзарту мерзімінсіз 20 жұмыс күнін құрайды. Әкімшілік рәсімдік процестік кодекстің қолданысқа енгізілуі, әрине, жеке тұлғалардың басқарушылық шешімдер қабылдауға қатысу белсенділігінің артуының және әкімшілік әділет қызметінде адамға бағдарланған тәсілді қамтамасыз ету бойынша Мемлекет басшысы қойған мақсатқа қол жеткізудің және мемлекеттік аппараттың азаматтармен жұмысын түбегейлі өзгертудің кепілі болып табылады деп сенеміз.

Ербекешов Нурлан Хусанулы,

Қазақстан Республикасы Заңгерлер одағының мүшесі,

Түркістан облысының Әділет департаментінің

Құқықтық түсінгдіру және халыққа заңгерлік

қызмет көрсету бөлімінің басшысы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер