Арыс қаласындағы жарылысқа байланысты айыпталғандарға сот үкімі шықты. 16 айыпталушының 12-сіне 4 жылдан 10 жылға дейін жаза кесілсе, 4-уі шартты түрде сотталды. Алайда, темір торға тоғытылғандар мен жәбірленушілер үкіммен келіспейтіндерін жеткізді. Тіпті оқиға кезінде жарақат алып, мүгедек болып қалғандар мен баспаналары жарамсыз күйге түскендер әлі күнге дейін өтемақы алмағандарын айтады.
Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.
Арыстағы жарылысқа қатысты екі жылға жуық жүргізілген тергеуге нүкте қойылды. 400 томнан құралған істе, 1500 жәбірленуші тіркелсе, 16 айыпталушыға үкім оқылды. Оның 12-сі 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылу жазасы тағайындалса, қалғандары шартты түрде жазасын өтейді. Ал, айыпталушы тараптың адвокаттары бұл үкіммен мүлдем келіспейтіндерін айтып, аппеляциялық шағым түсіретендерін жеткізді.
- Ақты ақ, қараны қара деп белгілеу керек та. Оны ешкім қолдан істеген жоқ. Оны бір Алла біледі неден болғанын? Нақты айтқан жоқ жарылыс неден болғанын? Нақты негізінен дәлел жоқ нақты. Экпертизаны тексеру керек. Оны да мұқият тексермеген экспертизаны - деді қорғаушы Бекжан Нұрмаханбет.
Айта кетейік, сотталғандардың арасында әскери қойманың командирі мен орынбасары да бар. Оларға "жарылыс қауіпі бар нысандарда қауіпсіздік қағидаларын бұзу" және "немқұрайлық" баптары бойынша айып тағылған. Алайда, тілшілерді сот залына кіргізбеген судья, сыртқа шығып жағдайдың қалай болғанын да түсіндіріп айтпады.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы 24 маусымда Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, төрт адам қаза тапқан болатын. Оның екеуі әскери, біреуі бейбіт тұрғын болса, бір бала эвакуция кезінде жол апатынан көз жұмған еді.