Қарағанды облысында карантин кезінде той өткізуге тыйым салуды елемеген шенеунік жұмыстан босатылды.
Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте мәлімдеді.
- Бүгінгі күннен бастап жер қатынастары басқармасының басшысы Мақсұтов Қалел Мұқатайұлы карантинді өрескел бұзуы, яғни пандемия кезінде той шараларын ұйымдастыруына байланысты қызметінен босатылды, - деді облыс әкімі. - Тағы да ескертемін: мұндай заңсыздықтар үшін жаза өте қатал болады. Мұнда мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасының барлық нормалары бұзылған. Облыста коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан үлкен жұмысты құнсыздандырмаңыздар. Тұрғындардың көңілін қалдырмаңыздар. Мәртебелеріңіз немесе жұмыс орнына қарамастан әрекеттеріңізге жауап бересіздер!
Жеңіс Қасымбек сондай-ақ мониторингтік топ мүшелерін принциптілікке шақырды.
- Сіздер біреудің мүддесі үшін жұмыс істеу үшін емес, азаматтардың денсаулығын қорғау үшін құрылғансыздар! Осындай іс-шараларды тоқтатып, жария етіңіздер. Сіздер өздеріңіз бақылау камераларына қарай отырып жұмыс істейтіндеріңізді айтқан болатынсыздар. Сондықтан мұқият қараңыздар. Салынған тыйым барлығына бірдей, - деп атап өтті облыс әкімі.
Оқиға 7 тамызда болған. "109" нөміріне "Ариста" мейрамханасында жаппай іс-шара өткізіліп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Қарағанды қаласының полиция, санэпидбақылау және әкімдік қызметкерлерінен тұратын мобильді топ шықты. Мекеменің жанында көптеген көліктер болғандықтан және мейрамхананың өзінде 400-ге жуық адам болғандықтан, аумақты қоршау үшін полицияның қосымша наряды шақырылды.
Карантин режимін бұзу фактісі бойынша СЭҚ қызметкерлері акт ресімдеді. Мекеме иесіне және іс-шараларды ұйымдастырушыларға айыппұл салынады.
Өткен демалыс күндері облыс орталығы мен Теміртау қаласының басқа да мекемелерінде карантин режимінің өрескел бұзушылықтары анықталды.