Бұл апта түске дейін өткен Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті жиынымен басталды. Қоғамдық кеңестің отырысында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хакім Көшқалиев пен облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың жұмыстарына оң баға берілді. Хакім Дүйсешұлы өз сөзінде сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы жұмыс жайлы жан-жақты тоқталып, облыс көлемінде сыбайлас жемқорлыққа іліккен шенеуніктер туралы ашық баяндады. Жалпы, бұған дейін де халықпен етене араласып, жемқорлықты азайту бағытында көптеген іс-шаралар атқара білген Х.Көшқалиев Қоғамдық кеңестің жұмысына тұрақты қатысуға дайын екенін жеткізіп, осындай кездесулерді дәстүрге айналдыруды ұсынды.
Түркістан облысы – коронавирустың таралуы бойынша ел көлемінде қызыл аймаққа енбеген бірден-бір өңір. Бұл өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы жұмыстың дұрыс жолға қойылғандығын, сала басшысы Марат Пашимовтың ізденісі мен іскерлігін көрсетсе керек.
Шәріпбек Жамалбек басқаратын Кеңес отырысының күн тәртібіне бірқатар мәселелер шығарылғанымен, негізгі талқылау қазіргі таңдағы өзекті тақырып – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының орындалу барысы аясында өрбіді. Түркістан облыстық Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаевтың баяндамасын кеңес мүшелері өткір сынға алып, сұрақтарды жаудырды. Расында, халыққа, әсіресе ауылдағы ағайынға аса қажетті салада кемшіліктер жетіп артылады. Өңірде сапалы интернет байланысымен қамтудағы жағдай көңіл көншітерлік емес. Заман ағымына сай құжат дайындау, қажетті ақпарат алу мен білім алу мәселелері интернетке тәуелді болып тұрғандықтан, шалғай ауылдардың тұрғындары көптеген мүмкіндіктерден қағылып отыр. Балалардың сабақ үлгерімінің нашарлауы да интернеттің жоқтығынан, онлайн сабақ өткізуге мүмкіндіктің болмауының салдарынан орын алып отыр. Цифрландыру тақырыбы төңірегіндегі талқылаулар ертеңгі күні өтетін сессияда да қызғалы тұр. Бұл мәселеге бөлек тоқталатын боламыз.
Жиын барысында бұдан да басқа бірқатар мәселе қаралды.