Түркістан облысында полицейлер жолдарға тексеру жүргізіп, 12 мекеменің басшысына айыппұл салды. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің бастамасымен, Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық пен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басшылығы бірлесіп, маңызы зор рейдтік шара ұйымдастырды. Яғни әкімдік қызметкерлері мен полицейлер облыс орталығы Түркістан қаласындағы жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін тексеріп шықты.
Тексеру барысында біршама олқылықтар анықталды. Атап айтсақ, жол бойында коммуникациялық құбырларды тарту кезінде кемшіліктер жіберілген болып шықты. Яғни ешқандай арнайы белгілерді қоймай, көшелерді жауып, жұмыс жасап жатқан мердігерлер айқындалды. Бұл өз кезегінде мектепке баратын оқушыларға, қоғамдық көліктің жүруіне кедергі келтіруде. Осы орайда бұзылған асфальт жабындысын тез арада қалпына келтіруге мердігерлерге тапсырма берілді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапасын анықтау бағытында жүргізілген рейдте 12 мекеменің басшылары мен жауапты лауазымды тұлғаларына 65 хаттама толтырылды. Яғни 7 азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігімен «Мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына өздерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау» және 58 азаматқа 631-баппен «Жолдарда жұмыстар жүргізу, жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да жол құрылысжайларын күтiп-ұстау жөніндегі талаптарды орындамау» әкімшілік жауапкершілігі қаралды.
Жолдың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда. Аталған күзгі жоспарлы тексеру 10-қазан мен 20-қараша күндері аралығында Түркістан қаласы аумағында өткізілуде. Қомақты қаржы құйылып жасалған, халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс күре жолдардың талапқа сай болуы қатаң бақылауда.