ҚР Энергетика министрлігі инновациялар мен цифрландыруды дамыту, сондай-ақ озық технологияларды отын-энергетика кешеніне енгізу бағытында ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайтып келеді.

Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында бірлескен R&D жобаларын жүзеге асыру.
AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында ҚазҰУ Қытайдың ғылыми және технологиялық серіктестерімен үш ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Келісімдер қолданбалы жасанды интеллект, баламалы және жаңартылатын энергетика, сондай-ақ цифрлық деректерді сақтау технологияларын қамтиды.
Fudan University-мен энергетика, өнеркәсіп, мұнай-газ секторы, көлік және қалалық инфрақұрылым салаларында жасанды интеллект шешімдерін әзірлеп, енгізуге бағытталған Қазақстан-Қытай R&D орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің деканы Мадина Мансурованың айтуынша, қажетті технологиялық база қазірдің өзінде қалыптасып келеді. «Бүгінде бұлтты технологиялар арқылы қажетті деректер қорғалған режимде жинақталды. Ендігі міндет – жасанды интеллектіні энегетика саласында практикалық тұрғыда қолдану, – деді Мадина Мансурова. Энергетика саласында жасанды интеллект деректерді талдау, жабдықтардың жай-күйін диагностикалау, жүктемелерді болжау, шығындарды анықтау және ықтимал тәуекелдерін бағалау үшін қолданылмақ. Әзірленген шешімдер нақты нысандарда сынақтан өткізіліп, кейіннен кеңінен енгізіледі.
Екінші келісім PowerChina Chengdu Engineering Corporation Limited компаниясымен жасалды. Құжат баламалы және жаңартылатын энергетика саласында бірлескен R&D орталығын құруды көздейді. Ынтымақтастық аясында қолданбалы зерттеулер жүргізу, энергетикалық технологияларды әзірлеу және енгізу, бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру, мамандар даярлау және әзірлемелерді коммерцияландыру жоспарланып отыр.
Үшінші келісім Shenzhen EAGET Innovation Technology Co., Ltd. компаниясымен деректерді сақтау технологиялары саласында бірлескен R&D орталығын құру жөнінде жасалды. Тараптар қолданбалы зерттеулер жүргізіп, деректерді сақтау шешімдерін әзірлеу және енгізу, бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру, сондай-ақ білікті мамандар даярлау бағыттарында жұмыс істейді.

Энергетика бағыты бойынша 6–18 айға арналған тәжірибелік-өнеркәсіптік бағдарлама іске асырылады. Бағдарлама аясында нысандар мен жабдықтар іріктеліп, бастапқы деректер дайындалады, AI-модельдер әзірленіп, тексеріледі, нақты нысандарда сынақтан өткізіліп, шешімдердің тиімділігі бағаланады.
ҚР Энергетика министрлігі энергетика саласындағы бастамаларды үйлестіріп, ғылыми ұйымдар, халықаралық технологиялық серіктестер мен салалық кәсіпорындардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Жасалған келісімдер отандық ғылыми және инженерлік әлеуетті дамытуға, озық технологиялар трансферін жүзеге асыруға, білікті кадрлар даярлауға және қолданбалы әзірлемелерді Қазақстан экономикасына енгізуге бағытталған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі


