Әлем чемпионы Садриддин Ахметов туған жері Жетісай ауданына келді. Кәсіпқой бокста бір жылда 7 мәрте шаршы алаңға шығып, қарсыласының бәрін нокаутпен ұтқан 21 жасар былғары қолғап шеберін аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев қабылдап, өз атынан алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты. «Жамал апа» мейрамханасының алдында ақбоз ат мінгізді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жамал апа» мейрамханасына 100-ден астам аудан тұрғыны мен жас спортшылар және жақын ағайын-туыстары қатысты.
Ахметов биыл 24 қаңтарда Канаданың Монреаль қаласында мексикалық Абрахам Хуаресті нокаутпен ұтып, WBC нұсқасы бойынша жастар арасында әлем чемпионы атанған болатын. Таяуда ғана ол Алматы қаласында өткен бокс кешінде бірінші орта салмақта Джон Рубамен айқасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Садриддин Ахметов 1998 жылдың 31 қаңтарында Жетісай ауданы Жетісай қаласында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. 7 жасында Астана қаласына қоныс аударған ол сол кезден бері бокстың қыр-сырын меңгеруге кірісіпті.
Жетісайдың тумасы 2016 жылы әуесқой бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында 69 келіде алтын алқа тақса, 2017 жылдың күзінде кәсіпқой боксқа ауысуға шешім қабылдаған. 2018 жылы Канададағы «Eye of the Tiger Management» промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасады. Аталған компанияны бүгінде әлемдегі танымал промоутерлердің бірі Камил Эстефан басқарады. Садриддин Ахмедов қазір Канаданың Монреаль қаласында жаттығады. Бапкері – Марк Рэмси.
Суреттерді түсірген Қуаныш Әуелбеков.