ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi Түркістан облысы қалалары мен аудан әкімдерін оқытуды бастады. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Өңірлік дамуды трансформациялау» тақырыбындағы семинар-тренинг туралы аталған агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаменті хабарлады.
Өңірді көркейту үшін әкімдер өз бойларында қандай қасиеттерін жетілдірулері тиіс? Әкімдер халықтың табысы мен тұрмысының сапасын арттыруға қаншалықты көңіл бөлулері керек? Дәл осы дағдыларды жан-жақты талқылау үшін әкімдердің 29 наурыз партаға отыруларына тура келді. Тыңдаушыларға Әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Ғ.Тұрсынбаев, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Өмірәлиев, мемлекет қайраткері, жобалық менеджер А.Евниев, мемлекеттік басқару магистры, жобалық аналитик А.Идрисова және Түркістан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары К.Азатбеков дәріс оқып, тренингтер өткізді.
Семинардың негізгі мақсаты - әкімдердің халықпен өзара іс-қимыл жасауы мен қатар, заманға сай көшбасшылық дағдыларын дамытып, трансформациялық ойлаудың жаңа мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Дәріс берушілер мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа міндеттер, стратегиялық менеджмент және бағдарламалық құжаттар, инновациялық мемлекеттік қызмет және трансформациялық көшбасшылық, басқару технологиялары: жобалық менеджмент және мемлекеттік басқаруды цифрландыру мазмұнында оқытады.
Жалпы 20 сағаттық семинар нәтижесінде Түркістан облысындағы өңірлік даму мәселелерін шешуді көздейтін жобалар әзірленетін болады.
Алдағы уақытта ауылдық округ әкімдерін де оқыту жоспарлануда.