ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көліктік бақылауды толығымен қашықтықтан басқару түріне өтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай шешім Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің төрағалығымен өткен көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысы кезінде қабылданды. Отырыс барысында автожолдардың жекелеген учаскелерінде салмақ габаритін өлшеудің автоматтандырылған стансаларын құру арқылы көліктік бақылаудың қашықтықтан басқару нысанына толықтай көшу туралы мәселе қаралды. Сонымен қатар, жолаушылар пойыздарда билетсіз жүретіндерді анықтау бойынша мәселелер талқыланды, дегенмен бұның өзі қозғалыс қауіпсіздігіне әсер етпейтін болғандықтан, ҚР ИИДМ Көлік комитеті «ҚТЖ» ҰК» АҚ ақпараттық жүйесін пайдалану мәселесі теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігіне бақылауды күшейтуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелін төмендету арқылы кәсіпкерлерді тексеру санын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шағын өлшемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын басқа уәкілетті мемлекеттік органдарға беруді қосымша талқылау туралы шешім қабылданды. Отырысқа мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, ІІМ, Қаржы министрлігінің, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, «Атамекен» ҰКП, ҚТЖ, сондай-ақ салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Еске сала кетсек, елімізде қалаларға кіре берістегі полиция бекеттері алынып тасталады.