Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты өңір журналистеріне қаланың бүгінгі жай-күйімен танысу және өзге өңірлердегі халықтың алаңдаулы сауалдарына жауап беру мақсатында пресс-тур ұйымдастырылды.
Шараға 20-дан астам республикалық және өңірлік БАҚ-ның өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділері арнайы келді.
Жарылыстан қираған нысандар мен зардап шеккен әлеуметтік нүктелерді аралату барысында журналистермен бірге Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік басқармасының басшысы, полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков және Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Жунусов Нұрғали Сырлыбайұлы бірге жүріп, қысқаша мәлімет берді.
Нұрғали Сырлыбайұлының мәліметінше, қазіргі таңда 3566 адам, эвакуацияланса, 1946 адам эвакуациялық бөлімшелерінде орналастырылған. «Қалаға әзірге кіру мүмкіндігі жоқ, біз тек журналистер көзін жеткізу үшін нысанға кіргізуге рұқсат алдық. Себебі, бұл жерде қауіпті жағдай басылмаған, саперлер жұмыс жасауда», деп атап өтті Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.
Сондай-ақ Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік басқармасының басшысы Алмасхан Тастанбеков қазіргі таңда 1000-ға жуық патруль қызметі жұмыс істеп жатқанын және қала бойынша 6 блокпост қойылғанын мәлімдеді.
Атап өтейік, ТЖ салдарын жоюға жеке құрамнан 36 адам және 40 бірлік техника жұмылдырылды. Аталған оқиға бойынша мониторинг жүргізіліп, іс бақылауға алынған. Дегенмен, Арыс қаласының 7600 тұрғын үйінің әйнектері сынған, 80-85% үйлердің шатырына зақым келген.
Қала аумағын түні бойы Ұлттық ұланның 580 жауынгері мен 345 полиция қызметкері күзетті. Олар қарақшылық фактінің алдын алып, 3 жергілікті тұрғынды ұстады.
Арыстың бүгінгі жай-күйін өз көзімен көрген төртінші билік өкілдері фото-видеоға түсіріп, қалың бұқараға жеткізуде объективті ақпарат беретіндерін жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі