Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бүгінде екі орынбасарының орны босап қалды. Әкімнің идеология саласына жауапты орынбасары Мәлік Отарбаевтың қызметінен кетіп қалғаны осыдан екі ай бұрын айтылған еді. Екі айда Отарбаевтың орнына ие болатын ешкім табылмады. Енді Ербол Садырдың орнын басатын кадрды әкімдіктегілер сарылып қанша уақыт күтер екен? Есесіне апта басында Шөкеевтің партиядағы бірінші орынбасары тағайындалды.
Біз өткен нөмірімізде «Нұр Отанның» Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарлығы бір жас жігітке бұйырғалы жатқанын жазған едік. Болжам расқа шықты. Шөкеевтің партиядағы бірінші орынбасарының құтты орны Бейсенбай Тәжібаевқа бұйырды. Бұл орынды құтты деуге әбден болатын шығар. Себебі уақтысында осы қызметті атқарған Ұласбек Сәдібековтің, Берік Оспановтың Мәжіліс депутаты болып кеткені белгілі. Бірқатары аудан әкімі, басқарма басшысы қызметтеріне барды. Солардың жолы енді Бейсенбай Тәжібаев сияқты алғыр кадрға бұйыруы әбден мүмкін.
Бейсенбай Тәжібаевты көпшілікке таныстырып жату артық. Отызға жетпей облыс журналистикасының қарашаңырағы атанған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы болған. Былтыр облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы атанған азамат бұл жұмысты да шырқ үйіріп кететініне күмәніміз жоқ.
Жаңа кадрды ұжымға әкеліп таныстырған Шөкеевтің өзі де:
-Бейсенбай Дәулетұлы партиялық жобаларды іске асыруда біліктілігін көрсете біледі деп сенемін, - деді.
Өкінішке қарай, бірінші орынбасарлық Нұрмахан Жолдасовқа құт болмады. Оның бұған дейін партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қырына іліккені белгілі. Соңғы кезде ел аузынан «облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Шөкеев пен Жолдасов екеуінің арасында бұрыннан қалыптасқан шиеленіс бар ма?» деген әңгімені де естіп жүрміз. Бұған себеп те жоқ емес. Осыдан он-он бес жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі Болат Жылқышиевтің кезінде дәурені жүріп, екі бірдей ауданның (Бәйдібек, Сарыағаш) тізгінін ұстаған Нұрмахан Жолдасовтың карьерасы облыс әкімі қызметіне Өмірзақ Шөкеевтің келуімен кілт үзілген еді. Осыдан кейін командаға Түймебаевтың тұсында, араға оншақты жыл салып барып қайта келген Жолдасовтың қызметі тағы да Шөкеев кезінде шорт үзілді. Билікте мұндай кездейсоқтықтың болуы мүмкін бе?
Шөкеев осы аптада сондай-ақ, ұзақ уақыттан бері бос тұрған, жуырда қайта құрылымдаудан өткен адами әлеуетті дамыту басқармасының (бұрынғы білім басқармасы) басшысы лауазымына Рақымбек Жолаев деген азаматты әкеліп тағайындады. Жолаевтың жасы қырықта. Ұзақ жылдары дарынды балаларды тәрбиелейтін мектептерде сабақ берген, басшылық жасаған. Бір тәуірі еңбек жолында педагогикалық өтілі көп. Яғни, білім саласындағы жағдайды бес саусағындай біледі деген сөз. Бірақ бір әттеген-айы, өзге өңірлерде жұмыс істеген. Жергілікті жағдаймен таныс емес.
Сондай-ақ, Түркістан облысының мемлекеттік сәулет - құрылыс бақылауы басқармасының басшысы лауазымына Мұхит Тұрысбеков тағайындалды. Ол бұған дейін аталған басқармада басшының орынбасары болып жұмыс істеген.
Жәнібек Тархан,
"Рейтинг" газеті, №31, 15 тамыз, 2019 ж