Тарихи орындарға саяхаттаушылардың үлесі басым

1a7a4d1f1fd516b1b7fd19a95747fa88.jpg

Халықаралық экономикалық зертеулер бойынша, туризм қаражаттың мемлекетке түсетін түсімі бойынша мұнай мен автокөлік экспортынан кейінгі 3-ші орынды алады. Жоғары дәрежедегі қызмет түрлерін ұсынатын заманауи туризм бәсекеге қабілеттілікті талап етеді.  Демалыс орындарындағы мінсіз сервис талғампаз туристердің көңілінен шығуға бағытталады. Ем алу, яки демалу үшін саяхаттау туризмнің классикалық саласы.  Қазірде тарихи нысандарға саяхаттаушылардың туризмде үлесі басым.

Күлтөбе қалашығындағы қазба жұмыстарымен таныс болу үшін арнайы Түркістан қаласына сапарлаған болатынбыз. Қазба және анықтау жұмыстарымен Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты айналысуда. Зерттеу жүргізіліп жатқан аймақта археолог  Сәбит  Парманқұлмен сұхбаттасудың сәті түсті.

 - Археологиялық қазба жұмыстары қай кезде аяқталады?

- Күлтөбе қалажұртындағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін анықтау және қалпына келтіру мен оларды танымал туристік орталыққа айналдыруға арналған жобасы аясында Күлтөбе қалажұртына қазба жұмыстарын жүргізу үш жылға, яғни, 2019-2021 жж. жоспарланған. Қазіргі таңда қаланың орталық бөлігінен б.з.д. І-ІІІ, VIII, XI-XII және XIV-XІХ ғғ. тән құрылыс нысандары анықталып зерттелуде. Атап айтар болсақ, қала орталығының оңтүстік бөлігінде орналасқан қақпа орнын анықтау мақсатында жүргізілген қазба жұмысы барысында ішкі қамалдың қорған-қабырғалары мен батыс бөлігінен б.з.д. І-ІІІ ғғ. тән тұрғын үй бөлмелері анықталып, қазылса, солтүстік-шығыс бөлігінен ішкі бекініс арасын байланыстырып тұрған орталық көше мен осы көшеден тараған тұйық көшелер, көшелерді бойлай салынған тұрғын үй және сарай бөлмелері анықталуда.

Биылғы, яғни, 2019 жылғы жасалған жоспар бойынша 4 тарихи кезең, яғни,  Күлтөбе қалажұртының ең көне бөлігінен Қаңлы дәуірі, яғни, б.з.д. І-ІІ ғасырға тән құрылыс орындары ашылса, одан кейін Қ.А.Ясауи өмір сүрген Қарахан дәуірі және Қазақ және Қоқан хандығы тұсында салынған құрылыс қабаттары ашылады деп күтілуде.

2010 жылы Ясы–Күлтөбе қаласының көне цитаделінен табылған алып төрт аша тәріздес құрылыс пен оның қосалқы бөлмелері (қабырға қалыңдығы 1,5-2 метр, биіктігі 4-5 метр) де отқа табынушылардың ғибадатханасы деуге негіз бар. Құрылысты қоршаған қорған қабырғасы астынан ежелгі дәуірде салынған тағы бір қорған қамалдың шығуы оны б.з.д. І-ІІ ғасырдан бастап мерзімдеуге мүмкіндік береді.

- Зерттеу жұмыстары қалай жүргізілуде?

- Қазба жұмысымен айналысқаныма 3 ай болды. Біздегі жұмыс режимі таңғы 6-дан, түскі-2-ге дейін.  Аптап ыстыққа байланысты  жұмыс уақытын қысқартуға мәжбүр болдық.  Мұнда 8 жұмысшы бригадасы бар, әрқайсына жетекші - археолог мамандар бекітілген.  Мұнда жұмыс істеу дипломды қажет етпейді. Еңбек етіп жүрген адамдардың көбі-студенттер.

- Қазба жұмыстарына шетелдік мамандар немесе туристер қатыса ала ма?

- Күлтөбе аймағына келушілердің қатары қалың. Барлығының қызығушылығы жоғары деңгейде.Қазба жұмыстарында шетелдік туристер екі жақты келісім жасап, қатысуына болады.  Тікелей келіп қаза алмайды. Бұл аймақта арнайы келісімсіз суретке түсіруге болмайды. Түсірілген суреттерді жариялауға тиым салынған, яғни рұқсат керек.

- Күлтөбе қаласының орнынан қазіргі кезде қандай қандай жәдігерлер табылды?

- Қаланың орталық бөлігіне жүргізілген қазба жұмысы барысында табылған метал бұйымдардан шамамен б.з дейінгі І-ІІІ ғасырларына тән алтын бұйымдар көмбесін, VII ғасырға тән, Түргеш Қағанаты тұсында соғылған мыс теңгелерін және IX-X ғасырларға жататын Бұқар Худат патшалығы тұсында соғылған мыс, күміс теңгелерді айтуға болады. Табылған көмбе 5 алтын сырға, 8 әшекей бұйымдар және де көптеген шыны пастасынан жасалған моншақтардан тұрады. Сонымен қатар, ХІІІ ғасырға тән Шағатай және хижра бойынша 785 жылы (1383-1384 жж.) Әмір Темір атымен Самархандта соғылған мыс теңгелер алынды.

Қаланың рабад бөлігінен ХІХ ғасырда соғылған Қоқан хандығының фулустері мен Ресей патшасы Николай ІІ-нің тұсында соғылған мыс теңгелер, Александр ІІ-нің тұсында  соғылған күміс теңге және ХХ ғасырда соғылған Совет үкіметінің мыс, күміс ақшалары алынды.

Қала рабадынан, яғни, I-5 шаршысының солтүстік-шығыс бұрышынан саз ыдыстарды күйдіретін пеш орны анықталды. Екі камералы, оттық және күйдіру камераларынан тұратын пеш ішін тазалау барысында қыш құландылары арасынан араб баспасынан шыққан көлемі 10х20 см келетін кітап алынды. Кітаптың сақталған қалыңдығы 1,2 см. Мұқабасы көк түсті көнмен қапталған кітаптың сақталуы нашар, парақтары бір-бірімен жабысып қалған, ашуға келмейді. Жазуы оқылуға келетін бірінші бетінен «Біз мұндайлардан емеспіз» деген сөйлемнің жобасын ғана анықтауға мүмкіндік болды. Аталған кітапты алу үшін айналасы кеңейтіп қазылды. Кітаптың шығысынан құланды қыш астынан сақталуы өте нашар қатты бүлініп, жарамсыз күйде сақталған кітап анықталды. Бұл кітапты бүтін күйінде алу мүмкін болмады. Үстінен түскен ауыр салмақ нәтижесінде кітап парақтары майысып, қатты бүлінген. Пеш ішін тазалау барысында жоғарыда аталған екі кітаптан өзге көзеші құралы саналатын үш тағанды сипаялар мен беткі жағы дөңгелек, тегіс, қолға ұстар бөлігі төртқырлы, сүйір етіп ыдыс сыртын тегістеуге арнап жасалған үш дана құрал табылды.

Сонымен бірге қазбаның батыс бөлігінен оңтүстік-шығыстан солтүстік-батыс бағытында салынған үлкен көше анықталды. Көшенің жалпы ұзындығы 105 м, ені 9,8 м. Көшенің екі қапталына көлемдері біркелкі болатын жұмыр тастан жиектас орнатылған. Көшенің солтүстік-шығыс қапталына қойылған жиектастардың сақталуы жақсы болса, оңтүстік-батыс қапталына қаланған жиектастардың басым бөлігі сақталмаған. Көше бойына қаланған жиектастардың басым көпшілігі өзге құрылысқа пайдалану мақсатында тасымалданып алынған болуы мүмкін.

- Ең қызықты (эксклюзив) жәдігерлер жайлы  мәлімет берсеңіз?

- Ежелгі заманғы ақша айналымына тән көне теңгелер көптеп табылды. Қызығы- теңгелердің табылу аймағы тым ұзақ болмаса да, қолданылған жылдары үлкен айырмашылыққа ие. Ең көне мыс теңге - Бұқар қодат (VII-VII ғ).  Одан кейін Түргештердің күміс теңгесі, Шағатай теңгелері, Қазақ хандығы тұсында соғылған теңгелер, Қоқан дәуіріне тән теңгелер. Патшалық Ресейдің кезеңінде қолданылған теңгелер (1861-1863 ж),  біздің тізімді 1916-1920 жылғы қолданыста болған теңгелер аяқтайды. Қазба жұмыстары 2021 жылға дейін созылатынын ескерсек, әлде де эксклюзив жәдігерлер табылары сөзсіз. Табылған жәдігерлер алдағы 3 жылдыққа Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне орналаластырылады деп жоспарлануда.

Әңгімеңізге рақмет!


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер