Созақ ауданында жыл басынан бергі жеті сайда 183 кәсіптік субъект ашылған. Аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмағанбеттің айтуынша, теріскейдегі кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 3 мың 256-ға жеткен. Бұл туралы ол аудандық мәслихаттың кезекті 45-інші сессиясында хабарлады.
– Ағымдағы жылдың өткен 7 айында 183 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 3 256-ға жетті. 8 млрд. 515 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 2018 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 102,6 пайызға өсті. Жобаларды қаржыландыру бойынша «Ырыс» МКҰ арқылы 21 жобаға жалпы сомасы 70 млн. теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 24 жобаға 79,3 млн. теңге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы жалпы сомасы 3 жобаға 21 млн. теңге, барлығы 170,3 млн. теңге несие берілді. Кәсіпкерлік қызметке баулу, микрокредит алуға қол жетімділікті арттыру мақсатында "Бизнес Бастау" жобасы бойынша 50 адам, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 100 адам оқытылып, сертификаттарын қорғады, – деді Бекзат Тайұлы.