«Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламалары бойынша Созақ ауданында 11 мың 525 қой, 218 бие, 1840 сиыр сатьып алынды. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмағанбеттің жыл басынан бері Созақта атқарылған жұмыстардың жеті айлық қорытынды есебінде айтылды. Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың кезекті 45-інші сессиясында аудандық білім бөлімінің есебі де тыңдалып, алда тұрған міндеттер талқыланды.
– «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 15 мың 188 бас тұсақ қой сатып алу жоспарланса, 11 мың 525 бас алынып, жылдық меже 76 пайызға, асыл тұқымды аталық малдарды сатып әкеліп тұқымдық түрлендіруді 15 мың 188 басқа жеткізу межесі белгіленсе, 9081 бас болып, жылдық меже 60 пайызға орындалды. «Құлан» бағдарламасы бойынша 383 бас аналық жылқы сатып алу жоспарланса, 218 бас болып, жылдық меже 57 пайызға жеткізілді. Ал, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданға 2792 бас мүйізді ірі қара аналығын сатып алу жоспарланса, есепті мерзімде 1840 бас сиыр сатып алынып, жылдық меже 66 пайызға орындалды. Асыл тұқымды аталық малдарды сатып әкеліп мал табындарына қосу есебінен 2792 бас мүйізді ірі қара аналық малын тұқымдық түрлендіруге тарту межесі белгіленсе, 1432 бас яғни, жылдық меже 51 пайызға орындалды, – деді ауданы әкімінің орынбасары.