Қайырымдылық – адам жанын нұрландырып, айналаға шуақ себетін ұлы іс. Бүгінгі жаһандық, бәсекелестік заманда да қайырымды жандар табылады. Әсіресе қазіргі кезде көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созушылар көп. Осындай қайырымды жандар жақында Түркістан қалалық мәдениет үйінде Түркістан қалалық ардагерлер мен әйелдер кеңестерінің ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасын өткізді. Сауапты бастамаға арнайы қатысқан Түркістан қаласы әкімінің орынбасары - Тәжібек Мұсаев сөз алып, "Жастар" жылына орай ұйымдастырылған игілікті істің мақсатына тоқталды.
Айта кеткен жөн, аталған қос кеңес өткен аптада ғана әлеуметттік жағдайы аз қамтамасыз етілген 74 оқушыға көмек көрсетсе, бүгін 42 балаға киім-кешектер табыстады. Олардың арасында М. Жұмабаев, Ата-Түрік атындағы мектеп-гимназиялары мен С. Ерубаев, 24-жалпы орта мектептерінің оқушылары бар. Шарапатты шараға демеушілік еткен жеке кәсіпкер - Серік Бурханов пен ардагерлер кеңесінің төрағасы -Жарқынбек Құлбайымбетов, әйелдер кеңесінің төрайымы - Ұлжалғас Мұстафаева оқушыларға ақ тілектерін арнап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.