Қазіргі таңда халықының саны күн сайын өсіп жатқан мегаполис тұрғындары үшін ең өзекті мәселе - баспана мәселесі. Әсіресе, жастар арасында баспана өте өзекті. Оқуын жаңа бітіріп, шаңырақ көтерген жастар қайда тұрарларын білмей қиналады.
Енді алдағы уақытта бұл мәселе қадам-қадаммен өз шешімін табады. Жастар конкурсқа қатысу арқылы баспаналы бола алады. Бұл туралы Шымкент қаласы отбасы,балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Ж.Қалтаев бүгінгі "Ақпараттық -коммуникациялық орталығында" өткен баспасөз брифингте баяндады. Сонымен, 5 жылға берілетін пәтерді алу үшін конкурсқа кімдер қатыса алады?
Үміткер 29 жасқа толмаған, жұмыс істейтін ҚР азаматы болуы керек.
Сонымен қатар жалпы орта білім беретін мектептердің , техникалық және кәсіптік ұйымдардың,орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген болуы керек.
Шымкентте тұрғылықты жері бойынша 2 жылдан кем емес болуы қажет.
(Тұрғын үйге үміттенетін жастар үшін)
Өтініштерді қабылдағанда кімдерге басымдылық беріледі.
Бағдарламаның балл жүйесі қалай жұмыс істейді.
Өтініштер бойынша ең көп балл жинағандар жеңімпаз бола алады.
Балл былай есептеледі:
Нарыққа аса қажет 100 мамандықтар тізбесіне сәйкес мамандықты меңгерген өтініш берушіге -100 балл;
Отбасы бар болған жағдайда -5 балл, тіркелген некенің әр жылы үшін -2 балл;
Бір бала болған жағдайда 1 балл, әрбір келесі бала үшін - 2 балл;
Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде кемінде бір жыл -5 балл, әрбір келесі жыл үшін -1 балл;
Әртүрлі қызмет салаларында өтініш берушінің жеке жетістіктері болған жағдайда - екі балл;
Бюджеттік ұйымдарда (мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарда) еңбек қызметі үшін - 5 балл,әрбір жыл үшін -1балл;
Екінші деңгейдегі банктердегі жинақ шоттарындағы (депозиттеріндегі) жинақтардың әрбір жылы үшін -2 балды құрайды;
Сонымен қатар тарқатып айтар болсақ 101 мың теңгелік жалақысының болуы керектігі құжаттар тізбесінде бар.Алайда, Шымкенттегі орташа айлық жалақының төмен болуына байланысты аталмыш шартқа өзгерту енгізу үшін ұсыныстар беріліп жатыр.
Айта кетерлігі, конкурсқа құжат қабылдау әлі басталмады. Алдағы уақытта қосымша барлық жерде хабарланады. Консультацияны Жастар ресурстық орталығынан білуге болады.