Әліпбек Өсербаев: «Әрбір оң көрсеткіш еселі еңбектің нәтижесі»

Screenshot_20.jpg

Фотода Ордабасы ауданының әкімі Әліпбек Өсербаев

Құрылғанына 55 жыл болған Ордабасы ауданында мерейтой шеңберіндегі игі істер жалғасын табуда. Айтулы датаны рухани құндылықтарға, тағылым мен танымға, патриотизмге екпін бере, бүгінгі ұрпаққа үлгі - өнеге  боларлық, туған жерді тани түсуге мүмкіндік берерлік игі істерге басымдық бере  атап өтіп жатқан ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуында жетістіктер де көп. Ертең, яғни 25 қазанда ауданның құрылуына 55 жыл толуына орай «Қазақ рухының қағбасы – Ордабасы» мерекелік іс шарасы өтпек. Осы іс-шара қарсаңында бұған дейін Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде қалыптасуына елеулі еңбек сіңіріп, бүгінде Ордабасы ауданын басқарып отырған Әліпбек Өсербаевпен әңгімелесудің сәті түскен еді.  

- Әліпбек Шәріпбекұлы, Ордабасы ауданының 55 жылдығына орай, жүзеге асырылып жатқан “55 жылдықка - 55 игі іс” аясындағы жұмыстарды бір сұхбат шеңберінде тізіп шығу мүмкін болмас. Дегенмен тақырыбы терең де ауқымды мерейтой аясындағы ертеңгі іс-шараның  өз мақсаты бар болар?  

- Иә, әрбір аукымды әрекеттің негізінде мақсат-мұрат жататыны анық. Алдымен тақырыптың мәніне тоқтала кетейін, осы Ордабасы ауданында бірнеше рет болған Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаев: «Аталы кесімге, әділ шешімге тоқтаған дана халқымыз түрлі жарғыға, низам мен ережеге бағынған. Ордабасы мен Ұлытауда, Мәртөбе мен Күлтөбеде келелі кеңес құрған. Заңды басшылыққа алып, орталыққа ұйысқан сайын берекелі халқымыздың бірлігі нығая түскен. Бұлар – сол тұстағы еңселі елдіктің ерекше белгілері еді», - деген болатын. Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылған, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған, ел тарихында ерекше маңызы бар Бірлік басқосуы 1726 жылы Ордабасыда өткенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ордабасы биігінде 1993 жылы мамырда тәуелсіздіктің ұлы тойы өтті. Ал 1997 жылы биіктігі отыз метрге жуық зәулім монумент орнатылды. Елбасы “Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі” деп анықтама берсе, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев “Ордабасы - қазақ рухының қағбасы” деген болатын. Яғни мерейтой аясындағы іс-шаралардың негізінде де ұрпаққа ел тарихын терең таныту, отансүйгіштікке тәрбиелеу, бүгінгі жетістікті жеткізе отыра еңбек адамдарын елге таныту сынды мақсаттар бар. Мысалы, «Алтын күз» іс-шарасында жиын-терім қорытындыланып, еңбек озаттары марапатталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды еңбек күнімен құттықтауында «Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек!», - деді. Мерейтой аясындағы іс-шаралар елді тани түсуге, жастарды еңбекке ынталандыруға септігін тигізеді деген ойдамын. 

- Ендеше, еңбекқор аудан тұрғындарының арқасында қол жеткізген қандай жетістіктерді атап өтер едіңіз? 

- Әрине, әрбір көрсеткіш еселі еңбектің нәтижесі. Жалпы ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде ауданды сипаттайтын басты көрсеткіш жалпы өңірлік өнім көлемі қаңтар-қыркүйек айларында 55 млрд. 353 млн. 500 мың теңге болды немесе былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,2%-ға артты. Оның ішінде өнеркәсіп саласына 24,1 пайыз (13,3 млрд.теңге), ауылшаруашылық саласына 57,1 пайыз (31,6 млрд.теңге), орындалған құрылыс жұмыстары 8 пайыз (4,5 млрд. теңге), тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 10,8 пайызы (5,9 млрд.теңге) тиесілі. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 456 мың 300 теңгені құрады немесе былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55 мың 700 теңгеге артқан. Биылғы ІІІ-тоқсанның қорытындысымен жалпы салықтардың кіріс жоспары 2 млрд. 100 млн. 468 мың теңгенің орнына 2 млрд. 344 млн. 658 мың 400 теңге түсіп, жоспар 111,6 пайызға орындалды. Оның ішінде жергілікті түсімдер 138,7 пайызға орындалып, жоспардан 272,8 млн. теңге артық түсті. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында қаңтар-қыркүйек айларында 13 млрд. 313 млн. 132 мың теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім 3,5% болды. Өндеу өнеркәсібінде 11 млрд. 921 млн. 456 мың теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 3,2%-ға, кен өндіруде 146 млн. 375 мың теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 0,4%-ға, сумен жабдықтау 713 млн. 847 мың теңгені құрап, өсім 2,7%-ға, электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемі 531 млн. 454 мың теңгені құрап, 1,1%-ға орындалды. Айта кетерлік жәйт, экспортқа шығарылатын өнімдер қатары да арта түсті.  Биыл 8 кәсіпорын жалпы құны 2 млрд 862 млн 800 мың теңгені құрайтын 5804,6 тонна өнімді экспортқа жіберді. Мысалы, «Ордабасы құс»ЖШС-і 663,1 тонна күрке тауық етін, «Аделя» шаруа қожалығы 934,7 тонна көкөніс өнімін Ресейге, ал  «Ордабасы нан» ЖШС-і 721,3 тонна өндірілген 472,7 млн жоғарғы сұрыпты бидай ұнының 80%-ын  Өзбекстанға, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындар мақта талшығын Чехияға, Белоруссияға  экспортқа шығарды.  Ауданға тартылған инвестиция көлемі 14 млрд. 955 млн. теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 161,3%-ды құрады.  

- Өткен жылы ауданда бидайдың түсімі гектарына 11 центнерден болған екен, биылғы көрсеткіш қандай? Жалпы ауыл шаруашылығында атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтсеңіз?  

- Биылғы жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 40 млрд. 157 млн. теңгеге, ал нақты көлем индексін 104 % -ға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда, яғни қаңтар-қыркүйек айларында  ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі – 31 млрд 619 млн. 900 мың теңгені, нақты көлем индексі – 106,2%-ды құрап отыр. Ал бидай түсімі кей шаруашылықтарда 21 центнерден айналды. Сондай-ақ жоңышқаны 4-5 реттен орып, мал азығын жеткілікті етіп жинап алған шаруалар аз емес. Егістік жердің игерілуі бойынша берілген тапсырма - 65 100 гектар болса, нақты игерілгені - 65 374 гектар немесе тапсырма 100,4 % орындалды. Сондай-ақ, суармалы жердің көлемін ұлғайту, жылыжай, қарқынды бау, жүзім шаруашылықтарын дамыту, тамшылатып суару әдісін ендіру бағытында да жоспарға сай жұмыстар жүргізілуде. Мал шаруашылығы саласын дамытудың негізгі көрсеткіштері мал басы мен мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайтуға және асыл тұқымды малдың үлесін арттыруға бағытталған.  Бұл орайда, 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, ірі қара мал – 110%-ға (72 мың бас), жылқы – 107,5% (24,1 мың) қой – 100,1% ға (361,4 мың),ешкі – 13,4 %-ға (15,5 мың) құстың барлық түрлері – 115,2%-ға (560,6 мың бас) өсті. Ауданда жұмысы табысты «Бөрте-Милка» ЖШС-інің өнімдері бүгінде елге танымал. Бұл кәсіпкерлерге жасалған қолдаудың нәтижесі десек қателеспеспіз.  

- Кәсіпкерлер демекші,  бүгінгі таңда аудан, ауыл әкімдерінің біліктілік, іскерлік деңгейі шағын және орта бизнес өрісімен байланыстырылады. Ауданда кәсіпкерлер қатары қаншалықты артқан? 

- Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік  субъектілерінің саны  10 666 бірлікті немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне 104% құрады,  жұмыспен қамтылғандар саны - 14 834. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында шағын, әсіресе, микробизнес  ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс беріп, жұмыссыздықты азайтатынын атап өтті.  Бұл орайда ауданда бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. Мысалы, Бадам өндірістік аймақта орналасқан «Green Technology іndustrіes» ЖШС-і Шанхай, Гонконг елдерінің инновациялық технологияларын пайдаланып, полиэтилен бұйымдарын қайта өңдеу арқылы синтепон талшығын өндіру зауытының ІІ-кезеңін іске қосып, 100 адам жұмыспен қамтылмақ. Ал 2020 жылы 22 млрд. 300 млн. теңгеге 2 инвестициялық жоба 415 жұмыс орнымен ашылады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек аудан тұрғындарын газбен, ауызсумен толық қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде. - Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Диас Нұркенұлы,

"Рейтинг" газеті, 24 қазан, 2019 ж 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер