Биыл 108 арыстық отбасы баспаналы болады

Жылу. Жарық. Ауыз су. Баспана. Жұмыспен қамту. Осы ұғымдар аясында ылғи да мәселе табыла кетеді. Адамдардың өмір сүру сапасын арттыру қай қоғамда болмасын маңызға ие. Түркістан облысы Арыс ауданында осы мәселелер оң шешім тауып келеді. Арыс қаласында биыл құрылысы жүріп жатқан 36 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй кезекте тіркеліп тұрған азаматтарға берілетін болады.

image.png

Тұрғын үйді бөлу ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, көпбалалы отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерге кезек ретімен беріледі. Жалпы ағымдағы жылы 108 пәтердің кілті табысталады.

Айта кетерлігі, Арыс қаласында келесі жылы 240 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Тұрғын үй кезегіне электронды үкімет веб порталы арқылы өтінім беріледі. Өтінім беру кезінде сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне барынша жол бермеу бойынша шаралар қабылданған. Кезекте тұрған азаматтардың тізіміне жыл сайын түгендеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үй бойынша тарихи деректемелерімен сәйкестендірілген.

Арыс қаласында қазіргі таңда жалпы саны 1699 азамат тұрғын үй кезегінде тіркеліп тұр. Оның ішінде: көпбалалы отбасы саны - 418; ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар - 157; халықтың әлеуметтік жағынан осал топқа жататындар – 743; мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілері және сайланбалы қызмет атқаратын адамдар- 381.

Екі қолға бір күрек таппай жүргендер қанша? Арыста тұрғындарды жұмыспен қамту басты назарда. Арыс қаласында орналасқан "Арай" өндірістік кооперативінің аяқ киім тігу цехы 1996 жылдан бері жұмыс істейді. 2019 жылы толық қайта жаңғыртылған. Онда таза табиғи былғарыдан ерлер және балалар аяқ-киімдері тігіледі. Шикізатты Түркия елінен алып отыр. Тиімді бағада көңілдегі тауарды табу өңір тұрғындарына қолжетімді. Экспорт тауардың жеткізілу құны да сауда айналымындағы бағаны жоғарылата түседі. Тасымалданбай өзімізде өндірілген тауар уақытқа да, қалтаға да пайдалы. 

image.png

Өндіріс меңгерушісі Баян Тобылованың айтуынша, күніне 20-30 жұп аяқ-киім дайындалады. Құны өнім түріне қарай 13000-19000 теңге аралығында. Цехта 10 адам жұмыс істейді. Тұтынушылар негізінен Арыс қаласының тұрғындары. Отандық өнімнің сапасы жоғары, сондықтан сұраныс көп.

Өндіріс орны 2018 жылы «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4,8 млн.теңге, ал 2019 жылы «Қамқор» бағдарламасының аясында жылдық мөшері 1 пайызбен 5 млн теңге несие алған және «Менің атамекенім» жобасы арқылы ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарына қаржы берілген.Кооператив иесінің айтуынша, алдағы уақытта өнім түрі мен көлемін көбейтіп, оларды Қазақстанның өзге өңірлеріне жөнелту жоспарда бар.

Арыс қаласының тұрғыны Балнұр Төрехан қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқып, тігінші мамандығын игерген. Кейін қайтарымсыз 505 мың теңге мемлекеттік грант жеңіп алып, үй ішінен кішігірім тігін цехын ашты. Арнайы тігін машинасын сатып алған ол сұранысқа орай, күніне 10 дана әйелдерге арналған түрлі орамалдар тігіп, оларды кемінде 2500 теңгеден сатады. Өзінің айтуынша, шығынын есептемегенде айына 300 мың теңге таза табыс табады. Оның кәсібін жүргізгеніне 1 жылға жуықтаған. Қазіргі таңда үйде отырып ғаламтор арқылы өз бұйымдарын саудаға шығаруда.

Мемлекеттік қайтарымсыз грант игілігін көрген Арыс қаласының тағы бір тұрғыны Алым Оспанхан 2019 жылы жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 505 000 теңге қаржылай көмек алған. Ол өзінің фаст-фуд өнімдері туралы бизнес жоспарын 1 айлық курста шыңдап, мемлекеттік грантты жеңген. Қазіргі таңда жұмысы алға басып, келушілер қатары көбейген. Інісі екеуі ғана кәсіпті дөңгелетіп отыр. Кәсіпкердің айтуынша, қазір күніне шығынынан бөлек 20 мың теңге табыс табады. Алдағы уақытта Арыс қаласында фаст-фуд өнімдерінің желісін ашпақ.

Мұнда аталған бағдарламаны тиімді пайдаланып, өз кәсіптерін дамытып жатқан азаматтар қатары артуда. Биылғы жылға бөлінген 139 гранттың 80-і игеріліп, қазіргі таңда өз жұмыстарын жүргізіп келеді.

Айта кетейік, қайтарымсыз қаражат алып кәсіп ашқысы келетін әрбір азамат жұмыспен қамту орталығына барып толық ақпарат алуына болады. Бір ай бойы білім алып, бизнес жоспары мақұлданса, мемлекеттен бөлінген көмекке ие болады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер