Жұмыспен қамту – тұрақтылық пен табысқа бастайды

Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылған бұл міндеттің орындалуына Түркістан облысында мән берілері анық. Бұл орайда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар беріп те үлгерді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ашылып жатқан жұмыс орындары, жүзеге асырылып жатқан жобалар да халықтың тұрмысын жақсарту мақсатындағы игі істер.  Мысалы, Кентау қаласында биыл 8 айда «Еңбек» бағдарламасы аясында 3979 адам жұмыспен қамтылған. Жоспарға сәйкес жыл соңына дейін бағдарламаның екінші бағыты – кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру бойынша 482 азаматқа қолдау көрсетілу керек болса, бүгінге дейін 314 адам жұмысты болған. Оның 139-ы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік курсты оқыса, 45-і шағын несие алған, ал 130-ы мемлекеттік грант иегері атанған. Сондай-ақ, биыл бағдарламаның үшінші бағытты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша 6103 адам қамтылады деп жоспарланған. Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінге дейін 3665 азаматқа көмек көрсетіліпті. Оның 1623-і тұрақты жұмысқа орналасса, 143-і әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған, 500-і жастар практикасына, 1399 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында Кентау қаласы бойынша 62 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 223 жаңа жұмыс орын ашылған. Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы әзірге 130 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылып отыр.

Ал Бәйдібек ауданы Жамбыл ауылында "Бақыт-Ислан" ЖШС-і салып жатқан заманауи озық үлгідегі жылыжай кешенінде  60 адам жұмыспен қамтылатын болады. Өткен жылдың тамыз айында құрылысы басталған жоба биыл толық аяқталып жұмысын бастайды. Жалпы аумағы 5 гектар, ал жылыжайдың аумағы 3 гектар болатын жобаның құны – 750 млн теңге. Жылыжайдың жылдық қуаттылығы – 700-800 тонна. Бұдан бөлек, аталған жылыжай кешенімен іргелес жатқан «Бекет Тынысбаев» серіктестігі 2013 жылдан жылыжай кешенімен айналысып келеді. Бұл аудандағы алғашқы құрылған жылыжай шаруашылығы. Жалпы аумағы 50 сотық. Онда қазіргі таңда 12 адам жұмыс істейді. Жылына 2 өнім алады. Алғашқы өнімге қызанақ егіп, 50 сотық жерден 48 тонна өнім алған. Екінші өнімге қияр еккен. Жылыжай жылына 70 тонна өнім алып отыр. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы саласында 2539 құрылым бар. Атап айтқанда, 2161 шаруа қожалық, 128  өндірістік кооператив, 249 жауапкершілігі шектеулі кәсіпкерлік жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі - 539 129 гектар. Биылдың 8 айында ауданда 17 млрд 333,5 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.

Халықтың табысын сақтап қалуға Келес ауданына қарасты Амангелді елді мекенде  іске қосылған «ақылды» мал бордақылау алаңының да ықпал етері анық. Жалпы аумағы 0.5 гектар болатын алаң құрылысы 2 жыл жүргізілген. 300 мал басына есептелген шаруашылыққа «ангус» тұқымды 32 бас ірі қараны Солтүстік Қазақстан облысынан алдырған. Мұндағы барлық «қара жұмысты» арнайы қондырғы, яғни робот атқарады. Мал шаруашылығын кәсіп еткен жергілікті тұрғын Дәурен Әлімбаев осылайша өз арманын жүзеге асырған. «Хобби ретінде бастап, ізденіп, тиісті мамандардан кеңес алдым. Бұл саланың сырларын жетік білмегендіктен, қиындықтарға тап болғаным рас. Аудан әкімінің қабылдауында болып, құжаттандыру, субсидиялау жағынан көмек сұрадым», – дейді жеке кәсіпкер.  Роботтандырылған мал бордақылау алаңында жұмыстың басым бөлігін Ресейден сатып алынған «малақ тазалау» құрылғысы атқарады. Кәсіпкер бизнесін ары қарай дамыту үшін  мемлекеттен аз мөлшерлі пайызбен несие алмақ. Осылайша шаруашылығын кеңейтіп, жылқы, қой бордақылайтын, сүт өндіретін ферма салуды көздейді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер