Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Болашаққа нық қадам баса алмайды.
Бүгін аудан әкімі Нұрлан Байғұттың төрағалығымен аудандық Тұрар Рысқұлов атындағы музейі тарихи жәдігерлермен толықтыру және материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында алқалы жиын өтті.
Жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбек, облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Б.Тәжібаева, адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Е.Қадырбек, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ф.Байтуғанов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Р.Алтынбеков, Т.Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Г.Бейсенбаева және аудан аумағындағы құнды жәдігерлер сақталған мұражайлары бар мектеп директорлары қатысты.
Бас қосу қорытындысымен қатысушылардың ұсыныстары негізінде аудан аумағындағы білім ошақтарындағы құнды тарихи жәдігерлерді орталық музейге жинап, орналастыру орындары белгіленді. Материалдық-техникалық базасын облыстық мәдениет басқармасы мен демеушілер арқылы нығайту мәселесі қаралды.
Шарафкент елді мекеніндегі Әл-Фараби атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебінің мұражайындағы X−XIII ғасырлардың куәсі болып табылатын археологиялық құнды дүниелердің бірқатарын көшіріп, жәдігерлерді аудан, облыс тұрғындары мен қонақтарына таныстырып насихаттау және талапқа сай сақталуына жағдай жасау қажеттілігі айтылды . Себебі, бұл жәдігерлер бір ауылдың ғана емес, еліміздің тарихы екені атап өтілді.
Тарихи деректерге сүйенсек ұлы жібек-жолының бойында орналасқан Шарафкент ауылының орнында V ғасырда Будухкент деген қала орналасқан. Археологтар 1950 және 1987 жылдары екі рет қазба жұмыстарын жүргізген. Бүгінгі таңда ауыл аумағында түрлі тарихы жәдігерлер табылып, мектеп музейіне өткізілген.
Тұрар Рысқұлов музейінің тарихына шолу жасайтын болсақ, тарихи-өлкетану мұражайы қоғамдық негізде 1963 жылы құрылған. Алғашқы мұражай құрушылар- Симченко М.В, Салибеков Д, Левченко П.Н, Сарыбеков Н. Насан 1976 жылы мемлекеттік мекеме мәртебесін алған. 1983 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлімшесі болып қайта құрылып, 2004 жылы қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 110 жылдық мерейтойына байланысты мұражай күрделі жөнделуден өткізілген.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі