ҚР Жоғарғы Сотының «Түнгі сот» пилоттық жобасын іске асыру мақсатында жақында Түлкібас аудандық сот орталығында өзара түсіністік және өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Аталмыш жиынға аудандық сот төрағасы Бекназар Маратәлі мен аудан прокуроры Ахметбек Жаннұр, аудандық полиция бөлімінің басшысы Майлыбаев Сапарбек қатысты. Жоба аясында отбасылық даулар, ұсақ бұзақылықтар, жол-көлік оқиғалары, көші-қон заңнамаларын бұзған тұлғаларға қатысты мәселелер қаралады. Мұндай қоғамдық құқықбұзушылықтардың дені күн батып, қас қарайған уақытта көп болады. Сағат 18:30-22:30 аралығында жұмыс жасайтын «Түнгі сот» жасағы келеңсіз оқиғалар орын алатын уақыттың дәл тұсына тура шығады. Бұл жобаның артықшылығы халықтың күндізгі жұмыс уақытына кедергі келтірмей, істердің кешкі уақытта қаралып, жабылуына мүмкіндік беретіндігінде. Елімізде тұрғылықты жері жоқ шетел азаматтары да аракідік құқықбұзушылықтар жасайды. Ондай жағдайда істі болған азаматтың мәселесін сол күні шешіп, дәл сол уақытта елдеріне қайтуына мүмкіндік береді. Жаңа жобаның жаңа заңнамалары осындай.
«Түнгі сот» пилоттық жобасы жұмысын мамыр айынан бастады. Жаңа пилоттық жоба уақыт үнемдеп, қалыптасқан мәселенің жылдам шешілуіне ықпал етеді. Сондай-ақ істерді қарау мерзімін 100-ден 15 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік бермек. Іс қаралмас бұрын, тараптар болған оқиғаға байланысты сауалнама толтырады. Егерде тараптар сот жұмысын кейінге қалдыруды сұраса, судья істі жалпы тәртіпте қарау үшін кейінге қалдырады. Қазіргі уақытта бұл жоба Астана, Батыс Қазақстан, Түркістан, Алматы, Ақтөбе облыстарында және басқа да бірқатар облыстарда толықтай жұмыс істеп жатыр. Егер жоба сәтті жүзеге асып жатса, алдағы уақытта отбасылық және тұрмыстық істерді де қарайтын болады деп жоспарлануда. Ел мен жердің тыныштығын бақылайтын құзырлы орган мүшелері бұл жолы да тынбай еңбек етіп, құқық бұзушылықтың алдын-алатына сенім мол.