Бұдан былай Түркістан қаласындағы Түркістан қаласындағы «Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінде» туризм саласының мамандары дайындалатын болады. Оқу мерзімі 2 жыл 6 ай және 3 жыл 6 ай. Колледжді туризм саласы бойынша бітірген студенттер туристік агенттіктерде, туристік фирмаларда, экскурсия бюроларда, музейлерде, қонақ үйлерде менеджер, ресепшионист, экскурсовод, сату және брондау жүйесі операторы ретінде жемісті еңбек ете алады.
«Түркістан облысының орталығы мәртебесіне ие болып, қалаға келетін туристер саны жыл сайын 5-7 миллионнан асуы жоспарланып отыр. Осы тұста біз түркі жұртының қасиетті мекеніне келетін туристер легін әлемдік стандарттарға сай қарсы алатын, қызмет көрсететін кадрлар дайындауға ҚР Білім министрлігі мен облыстық білім басқармасымен ақылдаса келе кірістік» - дейді Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Айдос Абпазов.
Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінің іргетасы 1935 жылы қаланып, педагогикалық техникум негізінде жұмысын бастаған. Осы аралықта 40 мыңға жуық білікті де тәжірибелі кадрларды дайындап шығарды. Колледжде 110 тәжірибелі инженер-педагог мамандар және екі өндіріс оқыту ұсталары жұмыс істейді. Атап айтсақ, 1 тарих пәндері кандидаты, 30 магистр, 5 магистрант бар. Колледжде 3 бөлім және 6 пән әдістемелік бірлестігі құрылған. Мамандықтар бойынша білім алатындардың сапалы оқуы үшін 37 оқу кабинеті, 9 оқу лабораториясы, 11 оқу өндіріс шеберханалары жұмыс істейді. Колледжде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш білім беру, негізгі орта білім, туризм, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша мамандықтар дайындалады.